АСТАНА. 17 ақпан. Норвегиялық ғалымдар өздерінің ата-бабалары бұдан мың жыл бұрын Қазақстан аумағында тұрған деп есептейді. Бұл туралы Almaty.tv тілшісі хабарлады.
Осы тақырыпты тереңірек зерттеу үшін Норвегияның бір топ ғалымдары Қазақстанға келді. Олар екі жақты бірлескен жаңа «Қорған ДНК» атты жоба аясында жұмыс жасайтын болады. Телеарна мұны Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сілтеме жасай отырып жеткізді.
Іссапар кезінде норвегиялық делегация Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында болып, Қостанай, Павлодар және Қарағанды мемлекеттік университеттерінің өкілдерімен кездесу өткізеді.
«Жобаға қатысушылар алдында айтарлықтай міндет тұр. Ол - біздің протоүндіеуропалық тамырымыздың ортақтығын дәлелдеу. Ғалымдар Қазақстанда қорған-қорымдардан ДНК-материалдарын жинаумен айналысатын болады. Олардың нәтижесін әлемге әйгілі Копенгаген университетінің генетикалық зертханасында талдайды», - делінген хабарламада.
Норвегиялық мамандар белгілі саяхатшы Тур Хейердалдың «викингтердің арғы аталары Каспийден тарады» деген болжамын дәлелдемекші. Делегация құрамында Қазақстанға келген оның қызы Беттина Хейердал: «Бұл менің әкемнің соңғы экспедициясының басты міндеті болды. Лингвистикалық параллельдерге сүйене отырып, викингтердің арғы атасы олардың құдайы ретінде саналатын Одиннің отаны осы аймақта екендігіне ол қатты сенді» - дейді.
Сонымен қатар, норвегиялық тарихшы Стурла Эллингваг: «Шамамен мың жыл бұрын біздің арғы аталарымыздың Орталық Азия және Оңтүстік Ресей аймағында бір отаны болды. Қазіргі ғылымның жетістіктері арқасында біз өзіміздің ортақ үйімізді ашуға өте жақынбыз», - деген тұжырым жасайды.
Жобаға қатысушылар Қазақстан және Норвегия арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық біздің тарихи ата-бабаларымыздың және қазіргі ұрпақтардың ортақтығын дәлелдеуге мүмкіндік береді, деген сенімде.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, фото: Almaty.tv.