ІІІ Астана экономикалық форумы үлкен ойлар мен ұсыныстардың ордасына айналды
Кеше еліміздің елордасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрлі сипатқа ие болған ІІІ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Оған әлемнің әр шалғайындағы жетпіске тарта елден үш жүзден астам делегат жиналды. Мұның сыртында форум жұмысын көрсету мақсатында төрт жүзден астам шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп отыр. Осыған қарап-ақ бұл басқосудың халықаралық үлкен маңызға ие екендігін аңғаруға болады.
Форум жұмысына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Еуропа инвестициялық банкі президенті Филипп Майстатт, Азия даму банкі вице-президенті Жао Шаою, Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Е. Кидланд, Роберт А. Манделл және басқа да аттары әлемге танымал ғалымдар мен көрнекті тұлғалар қатысуда. Форумның салтанатты ашылуын жариялаған бірінші пленарлық отырысты CNN телекомпаниясының танымал жүргізушісі Джон Дефтериос жүргізіп отырды. Ол форум болатын екі күннің ішінде 17 отырыс өткізіліп, 20 сағат уақыт пікірталастар ұйымдастырылатындығын, жүздеген баяндамалар тыңдалатындығын айтты. Сонымен қатар, ол форум өткізуші ел Қазақстанда экономикалық дамудың жоғары қарқыны көрініп отырғандығын, соңғы он жылдың ішінде елдегі жан басына шаққандағы табыс көлемі он есе өскендігін еске салды. “Бұл жағдай қандай құрметке болсын лайық”, деп атап көрсетті Джон Дефтериос.
Экономика саласында осындай табыстарға жетіп қана қоймай, өзінің бейбітсүйгіш сыртқы саясатымен көзге түсіп, аз жылдың ішінде түрлі халықаралық форумдардың ортақ мекеніне айналған, адамзатты ортақ мәмілеге шақырған бастамашылық сипатымен көзге түсе бастаған осынау жас мемлекеттің негізін қалап, қазіргі күні көшбасшылық қырларымен әлемге танылған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы пленарлық отырыстың ашылу салтанатында сөйлеген сөзін форум қонақтары аса бір ықыласпен тыңдады.
“Еуразия кеңістігінде Шығыс пен Батысты жалғап жатқан әсем Астанаға қош келдіңіздер! Баршаңызды бүгінгі маңызды шара – ІІІ Астана экономикалық форумының ашылуымен құттықтаймын. Тарихи Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстанда ғаламдық экономика және қаржы мәселелерін талқылау игі дәстүрге айналып келеді”, – деп бастады сөзін Елбасы. Мұнан кейін осымен үшінші рет өтіп отырған бұл форумның дағдарыстан кейінгі әлемдік дамудағы экономикалық даму теңгерімсіздіктерін еңсеру бағытында неғұрлым ойлы ұсыныстар айтылатын алаңға айнала бастағандығын, бүгінгі таңда экономикалық және саяси тұрақтылықтың өзара байланыстылығын жаңаша және қайтадан бір байыптаудың қажет болып отырғандығын, өйткені бір елде белең алған тұрақсыздық жағдайының болашақта бүтін бір өңірге, құрлыққа, тіпті әлемге жайылуы айқын сипатқа ие бола бастағандығын еске салды.
Осы жолғы дағдарыс адамзат қауымы үшін өте үлкен сын болды. Бірақ дер кезінде шаралар қабылданып, экономикалық жаңғырулардың жүйелі сипатқа ие болуының нәтижесінде әлем дағдарыс ахуалынан бірте-бірте шығып келеді.
Қазақстан өткен жыл қорытындысында рецессияға жол берген жоқ. Экономикалық өсімді сақтап қала алды. Ал үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша 8 пайыздық өсімге қол жеткізді. Қазақстанда жұмыссыздыққа жол берілмей, қайта оны төмендетудің, қаржы және құрылыс салаларын сауықтырудың сәті түсті. Осыған сай мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай алды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы 25 пайызға өссе, 1 сәуірден бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы да осындай деңгейге көтерілді.
Елбасы өз сөзінде қазіргі халықаралық ахуалға тоқтала кетті. Қазіргі әлемдік құрылымға ықпал етуші геосаяси жүйелердің жаңа жағдайларға қарай бет алғаны байқалады. Осыдан жиырма жыл бұрынғы КСРО-ның тарауымен екі полярлы әлемнің бір полярлы жүйеге көшкендігі айқындалса, ал бүгінгі күні бір полярлы әлем көп полярлы жүйеге трансформациялануда. Мұның өзі ірі континенттік бірлестіктердің құрылу үдерісін жеделдете түсетіндей.
Осы ретте Елбасы әлемнің болашақ даму бағыттары жөнінде қазіргі күні әртүрлі болжамдардың жасалып жатқанымен, дағдарыстан кейінгі әлемнің нақты бейнесін анық білдіретін бүтін бір картина қалыптаса қоймағандығын айтты. Экологиялық, климаттық проблемалардың ушығуы, теңсіздік пен азық-түлік қауіпсіздігі секілді мәселелер жағдайды одан әрі қоюлата түсіп отырғандай.
Осыған орай Елбасы бүгінгі Астаналық форумда қазіргі заманның неғұрлым күрделі мәселелерін талқылау жоспарланғандығын, алда өтетін үлкен жиырмалық саммитіне нақты ұсыныспен шығу – жалпы ортақ іске қосылатын үлес ретінде бұл форумның өзіндік мақсаты болып табылатындығын атап көрсетті. Соның ішінде қазір жаһандық сипатқа ие болып отырған бес мәселенің, атап айтқанда, қаржы рыноктарын реформалау, экологиялық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және баға тұрақтылығы, кедейлік пен елдер арасындағы теңсіздікті төмендету, одан әрі интеграцияланудың жолдарын қарастыру мәселесі де бар. Елбасы осы мәселелер жөніндегі өз көзқарасын форумға қатысушылардың назарына ұсына кетті. Сонымен қатар, қазіргі күнгі Қазақстан төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-ның мәселе талқылаудағы мүмкіндіктеріне тоқтала келе, дағдарыстан кейінгі әлем мәселесі бұл ұйымның аясында тіпті факультативтік деңгейде талқыланып көрмегендігін айтып, осы ұйым аясында жаңа құжатты әзірлеуге кірісудің қажет екендігін, оны шартты түрде “Маастрихит-плюс” деп атауға болатындығын мәлімдеді. Әрине, бұл бір күннің мәселесі емес. Ол үшін ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің ынтасы мен қолдауы қажет.
Елбасы Еуропа мен Азиядағы ынтымақтастықтың тарихи тұрғыда сауда мен адамдардың құрлық ішінде еркін қозғалысы бейнесінде қалыптасқандығын, кешегі Жібек жолының Қиыр Шығыс пен Батыс Еуропаны, құрлықтың солтүстік және оңтүстік бөліктерін жалғап жатқандығын қаперге салды. Алайда “темір шымылдық” кезеңінде байланыстың мұндай жүйесі үзіліп кеткенімен, жаңа мыңжылдық басталысымен Еуропа мен Азиядағы тікелей сауда маршруттарын қалыптастыру үрдісі қайта қарқын алуда. Бүгінгі күні Еуразия континенті әлемдік өнімнің жартысынан астамын береді, мұнда әлем халықтарының үштен екі бөлігі тұрып жатыр.
Мемлекет басшысы өзінің Еуразиялық интеграциялық үдерістердің сенімді жақтаушысы екенін айта келе, алдағы уақытта Еуразия құрлығының интеграциялық қағидаттары мен бағыттарын негіздейтін бірыңғай құжаттың қажет болатындығын атап көрсетті. Осыған орай назар аударуға лайықты жеті бағыт жайында әңгіме қозғады. Олар – сауда мен шекаралардың ашықтығын дамыта түсу, көлік және коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту, өзара инвестициялар мен технологиялар алмасуын ынталандыру, капиталдың жалпы рыногы, тұрақты және жаңа энергия көздері, таза энергетика, адам ресурстарын дамыту мен алмасу, сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы өмір деңгейін теңестіру мәселелері. Елбасы бүгінгі форумда неғұрлым тамаша идеялар айтылып, олар серпінді шешімдердің қабылдануына әсер етеді деген сенімін білдірді.
Форумда сөз алған БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш осы халықаралық басқосудың Қазақстан жерінде өтіп жатқандығы өте орынды екендігін, ол қазірдің өзінде адамзат үшін пайдалы жарқын идеяларды дүниеге алып келу алаңына айналып үлгергендігін, өйткені, мұнда саясаткерлермен қатар әлемге танымал оқымысты ғалымдар мен экономистердің бас қосатындығын айтты. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның форумға арнаған жолдауы мен құттықтауын оқып берді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөздері мен жасаған ұсыныстарына қолдау білдірді. “Сіздің бүгінгі Жолдауыңыз халықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызады деп ойлаймын”, деді ол.
Азия даму банкінің вице-президенті Жао Шаою осы құрылымның 2008 жылы өткен Бірінші Астаналық экономикалық форумына қатысқандығын, сол кезде айтылған ойлар мен ескертулердің ақиқаты әлемдік дағдарыс тұсында дәлелденгендігін жеткізе келе, енді дағдарыстан кейінгі әлем жөнінде айтылатын ұсыныстар халықаралық қоғамдастық үшін қажетті құндылықтарға айналатын болар деген ойын білдірді. Қазақстанның қазіргі даму жағдайына жақсы бағасын берді.
Осы күнгі алғашқы пленарлық отырыста Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Е. Кидланд, Роберт А.Манделл және басқа да көрнекті тұлғалар мен оқымысты ғалымдар сөз алып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.
Түстен кейін ІІІ Астана экономикалық форумының алғашқы пленарлық отырысының қорытындысы есебінде баспасөз конференциясы болып өтті. Онда журналистер қатысушыларға пленарлық отырыста айтылған тың ойлар мен пікірлерге байланысты сұрақтар қойды. Мысалы, жаһандық ортақ валюта туралы ұсыныс айтқан Елбасы ойы төңірегінде пікірлер алмасылды. Бұдан соң форум аясында шағын және орта бизнес саласындағы инновациялық жобаларға ақпараттық және жарнамалық қолдау көрсету, сондай-ақ қолданысқа енгізілуге дайын инновациялық шешімдерді көрсету, оларға инвестиция тарту мақсатында көрме ұйымдастырылды. Инновациялық зерттеулер көрмесінің өтуі барысында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің инвестициялар бойынша комитеті әлеуетті инвесторларға бүкіл еліміз бойынша жүзеге асырылатын дайын жобалар тізімін ұсынды. Олардың қатарында өндіріс қуаттылығы жылына 552 000 тонна цемент өндіретін “BІ-Cement” зауытының құрылысы, кіші су электр стансаларының каскадын салу құрылысы, бекіре тұқымдас тауарлы балық өсіру бойынша су-балық шаруашылығы кешені және сумен қамтамасыз етудің жабық жүйесінде тағамдық уылдырық алу жобасы, тауарлы-бекіре тұқымдас балық фермасы, кәсіпорындардың өндіріс қуатын жаңарту, өндірілетін өнім бірлігін кеңейту секілді бірқатар жобалар бар.
Республикамыздың 16 аймағынан индустриялық-инновациялық кәсіпорындардың қатысуы көрме деңгейінің жоғары түрде өткендігін айғақтайды. Көрмеге қатысқан кейбір жобаларға қысқаша тоқталып өтсек. Егер Ұлттық биотехнологиялық орталықтың негізінде картоптың вируссыз минитүйнектерін алу үшін өндірістік кешен салу жобасы жүзеге асырылатын болса, ИФА және ПТР әдістерімен вирусты анықтайтын бақылау және апикальдық меристема әдісімен алынған картоптың сауықтырылған материалы алынады. Жобаның орындалуы барысында халық жұмыспен қамтамасыз етіліп, ал картоптың сауықтырылған тұқымдық материалы негізінде экологиялық таза өнім алынады.
Инновациялық зерттеулер көрмесінде назардан тыс қалған бір де бір сала жоқ. Көрмеде Қазақстанның индустриялық және инновациялық әлеуеті толық көрсетіліп, форумда айтылған инновациялық жаңарулардың экономиканың сауығуы мен дамуының негізгі көрсеткіші болып саналатындығы тағы да бір дәлелденгендей болды. Индустриялық-инновациялық бағыттағы көрменің тәжірибелік маңызы жоғары екендігі белгілі. Ол қызықты жобаларға қосымша инвестиция тарту мақсатында ұйымдастырылды. Бұл көрме дағдарыстан кейінгі кезеңде индустриялық-инновациялық жобаларды іске асырудың жақсы көрсеткіші болып отыр. Тәуелсіздік сарайының кең холында өткен көрме қатысушыларға форум аяқталғанша қызмет етпек.
Форумның алғашқы күнгі отырыстары мен оның аясында өткізілген шаралар тартымдылығымен есте қалды. Форум бүгін тағы жалғасады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Венера ТҮГЕЛБАЙ.