Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада 14 ақпан күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында мерзімінен бұрын президенттік сайлауға қатысты көтерілген бастамаға орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілдері бас қосты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі жасаған ұсыныстың ұтымды тұстары сөз болған шарада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәлімдемесін оқыды. «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі үстіміздегі жылғы 14 ақпанда кезектен тыс президенттік сайлауды 2015 жылы өткізу туралы бастама көтерді. Тосын ұсынысқа ел ішіндегі қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдерде тұратын 5 миллионнан астам қазақ диаспорасының өкілдері де елеңдей құлақ түруде. Сондықтан, осындай шешуші тұста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да бейтарап қала алмайды. Қауымдастық өз ұстанымын білдіріп, кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуін қолдайды», делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, бұл бастаманың Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі тарапынан дер уақытында көтерілген ұсыныс деп санайтыны айтылған. Өйткені, әлемдегі экономикалық дағдарыс толығымен еңсерілмей жатып, оның келесі толқыны бой көтеріп отыр. Қазақстан жаһандық экономиканың құрамдас бір бөлігі болғандықтан, қаржылық-экономикалық тығырықтың қыспағын сезінбей қалуы мүмкін емес. Соның алдын алу мақсатында Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» стратегиялық Жолдауын жария етті. Бүгінде осы құжаттың аясында нақты қадамдар жасалуда. Алайда, геосаяси шиеленістер, соның салдарынан құлдыраған экономика жалпы дамуға кедергі келтіруде. Бұл жайттар қоғамды алаңдататыны рас. Осындай жағдайда елді күттірмей, президенттік сайлауды кезектен тыс өткізген дұрыс деп ойлаймыз, делінген мәлімдемеде.
Сонда, деп жалғады сөзін Т.Мамашев мәлімдемені оқи отырып, халық та, Үкімет те дағдарысқа қарсы ахуалға қам жасауға алаңсыз кірісер еді. Мәселені әріден түсінген тұтас халық, елдің игі жақсылары, дүниежүзі қазақтары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс сайлау өткізу бастамасын қолдап, үн қатады. Бұл – «Мәңгілік Ел» идеясы жолындағы басты қадамдардың бірі деп санаймыз. Шетелдердегі қазақ диаспорасы тарихи Отандарындағы осындай ұлы іске сүйсіне тілеулестіктерін білдіруде. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кезең келді. Қазақстан жұрты осы үлкен бастаманы жұмылған жұдырықтай, бір деммен қолдап кетеріне сенім білдіреміз.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».