Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның 2016 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселелері, сондай-ақ, Ресей, Орталық Азия және Шығыс әріптестігінің елдерімен ынтымақтастық жөніндегі ГФР Федералды үкіметінің уәкілі, бұрынғы Мемлекеттік сыртқы істер министрі Гернот Эрлерді қабылдады.
Сенат Төрағасы 2016 жылы ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына сайлануымен Германияны құттықтады және әлемге және қауіпсіздіктің қиын уақытында Ұйым алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге ГФР қомақты үлес қосатынына сенім білдірді. Қ.Тоқаевтың пікірінше, зор экономикалық әлеуетке және халықаралық беделге ие Германия төраға ретінде ЕҚЫҰ-ны нығайту үшін көптеген шаралар атқара алады.
Басты мәселелерінің бірі украин шиеленістері болған таяудағы Мюнхен қауіпсіздік комитетінің нәтижелерін талқылаған жүздесушілер «Минск-2» келісімдерін орындау қажеттігін көлденең тартты. Қ.Тоқаев Украинадағы дағдарыс жағдайын реттеуге бағытталған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың күш-жігерін атап өтті. «Біздің Мемлекет басшысы шиеленісті реттеуге жәрдемдесу үшін белсенді жұмыстарды жалғастырып келеді, оны Ресей, Украина, Германия, Франция, АҚШ, Беларусь көшбасшыларымен кездесулері мен телефон арқылы сөйлесулері көрсетіп отыр», деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы жүздесушіні Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалмен, Орталық Азиядағы жағдаймен және Парламенттің заң шығару қызметімен таныстырды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.