Кіріспе орнына. 1990 жылы КСРО Халық депутаттарының II съезінде Ауғанстанда оншақты жыл (дәлірек айтқанда, 9 жыл 1 ай 15 күн немесе 3380 күн) Сәуір революциясын «қорғау» үшін кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің кіргізілуіне (1979 жыл 27 желтоқсан) саяси баға беріліп, ауған жерінен соңғы кеңес сарбазының, 1988 жылдың мамырына дейінгі дерек бойынша, 13310 боздақтан өлідей, 311 бейбақтан тірідей айырылып, тәнімен қоса жаны да жараланған 35 478 қаруласымен туған жерде төс қағыстыра қауышқан күн 15 ақпан жауынгер-интернационалистерді еске түсіру күні деп жарияланғаны баршаға белгілі.
Әсіресе, 18-20 жасында екі-ақ жылға шығарып салған ұланынан мәңгілікке айырылып, қанаттары қайырылған ата-ана, бауырлар, көңілдерін қайғы алған жора-жолдас, жүректерін мәңгілікке мұз шалған сүйген жарлар мен сүйікті арулар каншама! Коммунистік партия мен Кеңес мемлекетінің тарихи-саяси қатерлі де қайғылы қателігі айыпталғанмен, мұнда жауынгерлік бұйрықты орындауды қасиетті парыз деп құлағына құйған, санасына сіңірген жауынгерлерде иненің жасуындай жазық жоқ. Бар пәле қоғамымызда қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік басқару жүйесінің «бұйрық талқыланбайды, орындалады» немесе әскери тәртіп жарғысындағы «бұйрық алдымен орындалады, егер дұрыс берілмесе, орындап болған соң ғана арыздануға құқың бар» («жүріп бара жатқан пойыздың астынан өт, тірі қалсаң, тіпті, жақсы» дегеннің кебі) деген тақыс тармақтарында жатыр.
Ендігі міндетті борыш – қаскөй қателікті жанымен, қанымен, арымен өтеген жауынгерлер рухын сөндірмеу. Өлілердің аруағы – тірілердің рухы. Оларды еске түсіру, жадымызда ұстауды кезекті науқан, даңғаза дабыраға айналдырмаған абзал. Одан да салиқалы да салмақты шараларды жүзеге асырған жөн. Жастарды отансүйгіштікке, жауынгерлік рухқа тәрбиелеудің бір парасы ретінде Ауғанстан соғысына және басқа да аймақтық қақтығыстарға қатысқан азаматтар туралы тақырыптық әндерге, өлеңдерге, деректі және көркем шығармаларға конкурстар жарияланып, қайтпай қалған жауынгерлердің сақталған хаттары, күнделіктері, ерлігі туралы естеліктер жинақталса, қатардағы жауынгер-интернационалистердің хаттары, күнделіктері, деректі, көркем шығармалары, әндері баспа бетін көрсе, кейінгі жастарға үлгі, өнеге болар еді.
Ауғанстандағы күндерді ұмыту мүмкін емес. Сондай жастыққа тән батылдықтың үлгісі боларлық жігіттер де аз емес. Соның бірегейі – менің қарулас жолдасым, яғни сарбаз болса да талай офицер атаулы армандайтын нағыз ұрыстық, соғыстық марапат орденнің, оның ішінде екі «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері болған жамбылдық жігіттің ерліктері туралы әңгімелесем деп едім.
Алғаш танысқанда-ақ сөзі байсалды да орнықты, мінезі елгезек те сергек, қимылы ширақ та шұғыл қызыл шырайлы, қой көзді жігіт адам назарын өзіне бірден аудартқандай. «Өзі бір іскер командир болар» деген пікір туғызғандай. Алғашқы әсер алдамапты. Жалпы, жұрт пікірі де осы екен. Бұл инженерлік саперлар ротасының взвод командирінің орынбасары, аға сержант Берік Молдашбаев еді.
Бел шешіп отырып сұхбаттасудың реті келмей-ақ қойды. Ұрыс операцияларына кетеміз, одан келсек, полигондағы жаттығу жұмыстары. Кешкілікте уақыт тауып үзіп-жұлып әңгімелесіп жүрдік. Екеуміздің арамыздағы әңгіме, әрине, баспасөздің түрлі жанрларының ешқайсысының эталонына төтеп бере қоймайтынын оқырман қауым қатал төрелей қоймас деген ойға келдік.
Әңгімені:
– Өзің қатысып жүрген ұрыс операцияларының сен үшін ең ерекшесі қайсы? – деген сауалдан бастап кетпек едім, Берік оған:
– Оларды бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды, себебі, олардың барлығы да солдаттың берілген тапсырманы орындау жолындағы өзінің және жауынгердің өмір үшін күресі. «Сапер бір-ақ рет қателеседі», деген қағиданы еске алсақ, ойым одан сайын түсінікті болар деп жауап берді.
– Онда қос «Қызыл Жұлдызды» қалай алғаныңды баяндап берсең, – дедім.
Беріктің бірінші ерлігі. – Бұл 1987 жылдың наурыз айы еді, – деп бастады әңгімесін Б.Молдашбаев. – Жалалабад маңындағы тауларда болған операция. Бақылаушылар взводы 12 адам және 2 сапермыз. Алдымызда тұрған биіктен асып, одан кейінгі миналанған ашық алаңқайды айналып өтіп, келесі тауға шығу керек. Ол жерден қыстақ жақты біраз бақылауға алып, амалын тауып қыстаққа кіру қажет болды. Күндіз-түні қалың тұман, күшті жел. Жау көзіне түспес үшін еңбектеп те, жер бауырлап та жүреміз. Сонымен не керек, екінші күн дегенде, түнгі сағат 12-де межелі жерге біз де барып отырдық. Ауа райы ашылғандай болды. Түрлі құрылғыларымызды пайдаланып, қыстақты бақылауға ала бастадық. Күдік келтірер еш нәрсе жоқ сияқты. 14 адам болып қыстаққа бет алдық. Қарсы алдымыздағы қыстақ айналасындағы таулардан автомат та, пулемет те, миномет те, гранатомет те біз орналасқан биікке қарап «жұмыс істеп» тұр. Қайсысы көріп, қайсысы көрмей «үріп» жатқаны бір тәңірге ғана белгілі. Таяқшамды алдыма ұстап мен келемін. Тастардан тастарға таңдап-таңдап секіреміз. «Мен қайда бассам, сонда басыңдар!» деген командаға ұқсас ескертпемді жиі қайталап қоямын.
Иесіз қаңырап қалған қыстақтың шеткі үйлеріне жеттік. Қираған, құлаған үйлерді, мал қораларын, оған баратын жолдарды таяқшама «иіскелете» бастадым. Үйлерді қарағыштап, қора-қораның қараңғы түпкіріне жеткенде, қоймаға тап болғандай болдық. Минаның сан алуаны осында екен.
Ертеңіне әрі қарай жұмысымызды жалғастыра бердік. Қару-жарақ, снарядтың неше атасы жасырылып қойылған. Кейбірі мина жарғыш нүкте үстінде орналасқан екен. Бәрі жай жатқан жоқ, ерекше ептілікпен, қырағылықпен залалсыздандырып барып алмаса, бірнеше адамның өміріне табан астында қауіп төндіріп тұр. Барлығын залалсыздандырып болып, бөлімнің штаб бастығы, Кеңес Одағының Батыры майор Руслан Аушевқа байланысқа шықтық. «Арнайы жіберілетін адамдарға миналардың бір-бір түрін беріп жіберіп, қалғанын жарып тастаңдар. Ал қару-жарақтарды өздерің алып, жоғары көтеріле беріңдер!» деген бұйрық берілді.
Осы жолы көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Берік КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1987 жылғы 12 қарашадағы жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Беріктің екінші ерлігі. – 1987 жылы маусымда Пагманға болған рейд еді. Бақылаушылар ротасының құрамында келе жатырмыз. Тапсырма: бір-екі шақырымдай жердегі тау басына орналасып, бақылау жүргізіп, деректер беру керек. Оған төте жол арқылы жетуге міндеттіміз. Төте жолда «жасыл тоғай» жатыр. Бұл – дұшпандардың нағыз ұясы. Алдымызда жаяу әскердің бір ротасы кетті. Ол рота мен біздің ротаның жолы «жасыл тоғайдан» өткен соң екі айырылмақ. Жан-жағымызды айнала қоршаған ағаш. Айналамызға елеңдей қарап, жедел басып келе жатқанбыз-ды. Ортасына жеттік-ау дегенде атыс басталды да кетті. Дауыстарынан белгілі: оқты автоматтан да, минометтен де, гранатометтен де боратып жатыр.
Жүк қапшығымызды тасалап, жата-жата қалыстық. Бас көтеріп қарсылық көрсетуге тіптен мүмкін емес, жатқан жеріміз жайпақ екен. Оқ-снаряд оңды-солды зуылдап өтіп жатыр. Артқа жер бауырлай жылжып, оңтайлы жерге орналасып, біз де атқылауға көштік. Алдыңғы шептегі жаяу әскер құрамы бекініске жеткенше, жау жолын бөгей тұру қажет. Осы мезетте бір жауынгер ішінен жараланды. Атыс тыныштала қалған сәтті пайдаланып, жаралыны БМП-ға жеткіздік. Бақылаушылар бастығы майор Васильев минометші Сидоров екеумізге шұғыл тапсырма берді: 300 қадамдай жерде иесіз тұрған екі қабатты үйдің жоғары қабатына шығып, дұшпанды рота бекініп болғанша жақындатпау керек. Екеуміз екі терезеге орналасып алып, тапсырманы орындауға кірісіп кеттік. Бізге олардың қай жерден, қайда атқылап жатқаны анық көрініп тұрды.
Шамалыдан соң дұшпан нысанаға біз орналасқан үйді ала бастады. Мен тұрған терезенің төменгі жақ қабырғасына тиіп жарылған снаряд жарықшағы оң қолымның білезігіне келіп тиді. Оның қалдығы жүр қолымда. Ет қызуы ма, әлде жарықшақ әлсіз болды ма, елей қоймадым. Бір мезетте оң иығым қызғандай болды. Біртіндеп қолдан әл кетіп, көз алдым тұманданып кетіп, артқа құладым. Саня: «Не болды, не болды?» деген күйі қолтығымнан демеп тұрғызды да: «Рота бекініске толық орналасты, енді өзіміз жедел жетейік!» – деп сүйемелдесіп жүгіре бердік. Иығымның ауырғаны айыққандай бір тың күш пайда болды. Үй-үйді тасалай жүгіріп, рота орналасқан жерге жеттік. Алғашқыдай емес, қолымды көтеруден қалдым. Сонымен не керек, дала госпиталінен бір-ақ шықтым ғой, – деп аяқтады әңгімесін ержүрек жігіт.
Осы жолы көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Б.Молдашев КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1988 жылғы 25 ақпандағы жарлығымен екінші «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады.
Түйін. Берік келесі бір кездесуде полк командирі сарбаздық қысқа мерзімді қызмет біткен соң кеңес әскерлері Ауғанстаннан шыққанша прапорщик болып менің қасымда қал, өзіңді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынамыз, деп қолқа салғанын айтты. Мен: «Берік, кеңес әскері шығар кезде әскери жағдайдың қандай болатыны белгісіз, сондықтан ата-анаға «200-жүк» – мырыш жәшіктегі Кеңес Одағының Батыры емес, тірі қос «Қызыл Жұлдыз» орденді ұлы керек қой», дедім. Сөзім оған ой салды ма, ол өз шақырылымымен демобилизацияланып кете барды. Содан бері 27 жылдай уақыт өтіпті, қазақтың сол бір ержүрек жігітін қанша іздестірсем де таппай жүрмін...
Бірде болып өткен бөлім сержанттарының жиынын полк командирінің орынбасары майор Пахля қорытындылады. Сөзінің соңында ұрыс қимылдарында ерекше көзге түсіп жүрген, өкімет наградаларын иеленген кіші командирлерді атай келіп, «Олардың ішінде аға сержант Молдашбаевты ерекше атап өту – парызым, – деді саяси жетекші. – Ол – қабілетті ұйымдастырушылығымен қоса, бөлімдегі жауынгерлер арасында қос «Қызыл Жұлдыздың» жалғыз иегері. Бұл жігітті, әлі көрерсіңдер, қазақ халқы мақтан ететін болады!». Біздің мақтанышымызда да шек жоқ.
«Осындай ұл тәрбиелеп өсірген ата-ана, осындай шәкірт түлеткен мектеп, ұстаздар қауымы, осындай ұланы бар ауыл-аймақ, мақтансаңдар, алдымен сендер мақтаныңдар!» деп отырдық ішімізден. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын».
Шапағат ЖАЛМАХАНОВ,
Ауғанстан соғысына қатысушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі.
ҚАРАҒАНДЫ.