АТЫРАУ. 18 ақпан. Атырау облысында мұғалім Надежда Еркебаева бала күтіміндегі демалыста жүргеніне қарамастан наубайхана ісін жандандыруды қолға алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жанбай ауылындағы орта мектепте ағылшын тілінен дәріс берген Надежда Еркебаева бесінші баласын өмірге әкеліп, бала күтімі үшін демалыс алған. Енді бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында енесі Ләззат Тастановамен бірге наубайхана ашуға бел буыпты. Наубайхана технологиясын өз қаржысына сатып алыпты. Сөйтіп, ауласындағы жазғы сарайды наубайханаға айналдырып, тұтынушыға нан және нан өнімдерін ұсына бастады. Оның басқаруындағы «Жайна» наубайханасының ыстық пешінен шыққан өнімдерге сұраныс артып келеді.
«Біз наубайханамызда пісірілген нан және нан өнімдерін ауылымыздағы 8 дүкен, мектеп пен балабақша асханалары тапсырыспен алады. Көршілес Зинеден ауылының тұрғындарына да өз өнімдерімізді ұсынамыз. Әр күн сайын тұтынушыға 350-ге жуық нан бөлкелері жөнелтіледі. Осы ісімді кеңейтіп, ауылдастарыма қосымша жұмыс орнын ашуды ойластырып жүрмін», дейді отбасылық кәсіпті дөңгелете бастаған мұғалім Надежда Еркебаева.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек, сурет: «Атырау» газеті.