АТЫРАУ. 18 ақпан. Атырау облысының Х.Ерғалиев ауылында тұратын бұрынғы тігінші Алмагүл Сакупова кәсібін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Бұрын өзі тұратын ауылдағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында жұмыс жасаған екен. Комбинат ғимараты жекешелендірілгеннен кейін жұмыссыз қалуына тура келіпті. Кәсібін қайта жаңғыртуды көздеген тәжірибелі тігінші Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгініп, 1,5 миллион теңге несие алуға өтініш беріпті. Қор басшылығы ауылдағы тігіншінің талпынысына қолдау көрсетті. Осылайша, 6 пайыздық өсіммен қайтарылатын несиеге қол жеткізген Алмагүл Сакупова баспанасының екі бөлмесінен тігін шеберханасы мен шаштараз салонын ашты.
Қазір тігіншінің «Үміт» деп аталатын тігін шеберханасына Меңсұлу Жароллина, Тілекші Әбілова мен Нұржамал Қадірова тұрақты жұмысқа алынды. Олар тапсырыспен қыз жасауын, төсеніш және жамылғы көрпелер секілді күнделікті тұтынатын бұйымдар тігуді бастады.
«Ауылдастарымыздың сұранысымен киімдерді тарылту, қысқарту, әйелдерге арналған көйлектер тігуді де бастадық. Енді текемет басуды қолға алып, ұлттық қолөнерді дамытсақ дейміз. Мұндай істерге балалларым да бейім. Ұлдарым шаш қияды, қыздарым тігін тігеді», дейді өмірлік серігі Есенғали Науановпен бірге 8 баласын тәрбиелеп, «Алтын алқаға» ие болған тігінші Алмагүл Сакупова.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек, сурет: «Атырау» газеті.