Кеше футболдан Оңтүстік Африка Республикасында өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы ширек финалдық кездесу өткізген Голландия мен Бразилия құрамаларының арасындағы ойында оңтүстікамерикалық аяқ доп шеберлері жиырма жылдан бері алғаш рет жартылай финалға жолдама ала алмай, қарсыластарынан жеңіліп қалды. Аса тартысты, шиеленісті өткен бұл матчта “пентеокампеондар” голландықтардан 1:2 есебімен жеңіліп, әлем чемпионатымен қош айтысуға мәжбүр болды.
Ал Голландия құрамасы өзінің тарихында осымен төртінші рет жартылай финалға жолдама алып отыр. Оның екеуінде – 1974 және 1978 жылдары өткен әлем чемпионаттарының финалына шығып, сол кездесулерде алаң иелері – Германия мен Аргентинадан жеңіліс тапқан еді. Голландияның үшінші жартылай финалдық ойыны 2002 жылы осы Бразилия құрамасымен өткенін білеміз. Сол Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен мундиальде голландықтар қарсыластарына матчтың соңында берілген пенальтиден ғана есе жіберіп алған болатын.
Сөйтіп, қос құраманың төртінші мәрте жолы түйіскен биылғы додада еуропалықтар көптен бері күткен есесін қайтарып алды десе болады. Бұл матчта Голландия, әсіресе, 2-ші кезеңде қай жағынан алып қарағанда да бразилиялықтардан басым болды десек, артық айтқандық емес. Қысқасы, Дунга Карлостың шәкірттері Ван Марвейк Берттің аяқдоп шеберлерінің алдында шарасыздық танытты. Осы кездесуде Голландия құрамасындағы Уэсли Снейдердің ойынның екінші жартысында соққан добы матчтың тағдырын шешіп берді.
Кездесуде бразилиялықтар алғашқы болып доп соққан еді. Ойының 10-минөтінде Робиньоның әдемі голы отандастарын жеңіске жігерлендіргендей болған. Алайда, голландықтардың екінші таймда тайлы-тұяғымен қарсыластарының қақпасына лап қойып, шабуылдағанына Дунганың есігін айқара жапқан қорғанысы шыдай алмай, екі допты жіберіп алды.
Бұл кездесудің аса тартысты өткенін бас төрешінің бес сары қағаз және бір қызыл қағаз көрсеткенінен де көруге болады. Енді осымен төртінші рет мундиальдің жартылай финалына шыққан голландықтардың келесі қарсыласы Уругвай мен Гана арасындағы кездесуде анықталады. Ширек финалдан бұдан басқа ойындары Парагвай мен Испания және Аргентина мен Германия құрамалары арасында өтеді. Қазір “неміс мәшинесінің” Диего Марадонаның шәкірттерінен басым түсетіні жөнінде аракідік айтылуда. Германияның чемпионатқа бара алмаған шабуылшысы Михаэл Баллак отандастарына Аргентинаны 3:1 есебімен жеңеді деген болжам жасаса, өзге елдің құрама командаларының бас бапкерлері де осындай пікір білдіруде. Осы матчтың және ширек финалдағы басқа да ойындардың нәтижелерін газетіміздің келесі нөмірінде хабарлайтын боламыз.
Әлем чемпионатына қатысты тағы бір дерек келтірсек, қазір Голландия мен Бразилия ойынын қоса есептегенде 57 кездесу өтіп, онда 129 гол соғылыпты. Ал матчтарды стадионнан тамашалаған жанкүйерлердің саны 2 691 011 адамға жеткен. Орташа алғанда бір ойынға 48 054 адам келген екен.
Дастан КЕНЖАЛИН.