• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2010

БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН!

949 рет
көрсетілді

ТАТУЛЫҚ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ БАСТАУЫ Бүгінгі күні елімізде жаппай жүріп жатқан “Бірлігіміз жарас­қан!” әлеуметтік-ақпараттық ак­­циясын ұйымдастырушы Аза­мат­тық альянс акция бойынша жасалған жұмыстардың алдын ала қорытын­ды­сын жария етті. Биылғы жылдың сәуір айында қа­ламыздағы қирап жатқан бала­лардың спорт алаңын жөндейік деп үн тастағанымызда біз оның осын­дай республикалық ауқымға ұласа­тынын еш білгеніміз жоқ, деген Аза­маттық альянстың Теміртау қала­сындағы филиалының өкілі Аян Ахметов. Бүгін ол алаңда ба­лалармен қатар үлкендер де спорт­пен шұғылдануда, қаламызда жүр­гізілген осындай 23 шара игілігін тұр­ғындар көріп жатыр. Мен об­лыс­тық қосымша мектеп-ин­тер­нат­та жұмыс жасаймын. Жасыратын несі бар, көбіне біздің тәрбие­ле­ну­шілерімізге ерекше қоғамдық пікір­дің бар екені аян. Ал осы акция барысында біздің балалар өздерін ешкімнен кем сезінген жоқ. “Бір­лігіміз жарасқан!” акциясының бар­лық кезеңдеріне өзге балалардай тең араласты. Біздің акцияның да басты мақсатының бірі – ешкімді бөліп жармай, бірлікке шақыру бо­латын. Ендеше, біздің бастамамыз, еткен еңбегіміз еш кеткен жоқ. Оны республика жұртшылығының қолдауы біз үшін үлкен қуаныш, деп аяқтаған сөзін ол. Шынында да, Теміртаудан бас­тау­ын алған игі ниет бүкіл елге та­рап, құлашын кеңге сермеген. Сөй­тіп, оған қоғамдық ұйымдар, кә­сіп­керлер, ардагерлер, журна­лис­тер, жас­­тар мен студенттер, әске­рилер мен заң қызметкерлері, би­лікпен қатар қарапайым адамдар да кеңінен қатынасып, екі айдың ішін­де 470 іс-шара өткізіліп, 300 мың қазақ­стан­дық оның мағыналы өткізілуіне өз үлестерін қосты. 137 шарасы елі­міз­дің басты қала­ла­рында жүрсе, енді жақын арада 60 шара өткізілмек. Олар­дың ішінде Астана күніне ар­налып ұй­ымдас­ты­рылатындары да бар. Қазақстандықтар осы акция ба­рысында өздерінің нағыз бірліктері жарасқан, ынтымақтың қадірін ұғы­натын бір елдің ұландары екен­дігін және Отан сүюдің үлгісін көрсетті, деді “Азаматтық альянс” заңды тұлғалар бірлестігінің атқа­рушы директоры Алина Хамат­ди­нова. Акция барысында біз оған қатысушылардың санының өсуін міндеттенгеніміз жоқ, ойымыз әрбір қазақстандық өзінің осы елдің айнымас бөлшегі екенін сезсе дегенбіз. Жан жылылығы әрбір ошақ­қа еніп, әрбір азамат сол шуақ­қа бөленсе деген ізгі ойымыз бо­латын. Сол себептен дәрігер­ле­ріміз апат орын алған Қызыл­ағаш­қа барып көмек көрсетті, Өске­мен­де “Тек рахмет айтыңыз” деген дү­кен ашылып, қайырымды жандар әке­ліп өткізген заттарды мұқтаж­дық көріп жүргендер келіп тегін алып, алғыстарын жаудырып жат­ты. Акция әлі де жалғасын таппақ. Біз оның жартылай қорытындысын жасап, сіздерді жәй хабардар етіп отырмыз, деген оны ұйымдасты­рушылар. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. АСТАНА.

________________________

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ

Бүгінде бар­ша қазақстан­дық­тардың назары елордамыз Аста­наның туған күні салтанатына ауған. Жетісулықтар осы мерейге өзіндік мазмұнды мәдени шара ұйымдастырып, оның көкжиегін кеңейтуді мақсат еткені бірден көзге түседі. Қала сән-салтанатымен көз тартып, айшықты, мағынасы терең көрнекіліктермен безендірілсе, жастар жағы тың ойларымен таңқалдырып отыр. “Жас Отан” жастар қанаты мен “Жетісу жастары” орталығы “Елордаға тілек” атты республикалық акция шеңберінде “Астанаға ақ тілек” ауқымымен өңірдегі жастардың жігерін жанып, біріктіруде. Талдықорған қаласында “Бірлігіміз  жарасқан!” ұранымен   Астананың мерейтойына ізгі тілек білдіргісі келгендердің басы қосылды. Әр жүректен шыққан ыстық лебіз өңірдің картасы бейнеленген макетке маржандай төгілді. Құттықтау, арнау сөздерін жазғандардың арасында алуан мамандық иелері, қария мен ана, әр ұлттың өкілін кездестіресің. Олар бүгінгі еліміздегі бей­біт­ші­лікті, достықты, ынтымақты қол­дап, замандастарын отансүйгіш­тікке, елжандылыққа үндеді. Қазіргі кезде мұндай үрдіс барлық жерде ұйымдастырылуда. Мақсат – әр облыс өзінің карта­сын Астанаға жібереді. Осы карта шілде айының басында Қазақ­стан­ның тұтас картасы ретінде  құрас­тырылады. Астана күні оған қызығушылық білдірген елорда­лық­тар мен қонақтар тама­ша­лайды, деген облыстық “Жетісу жастары” орталығының мүшелері әр ниетке асқан ілтипатпен қарады. – Мен Талдықорғанға қонақ­қа келдім. Шаһарлықтардың бас­тамасына үн қосып, өз тілегімді жаздым. Әсем Астанамыз жай­на­сын. Бүгінгі ақ тілек саған арна­лады, елорда. Ал, осы ел жүрегінің жайнап, жасарғанына бастаушы болған Елбасымыз аман, заман тыныш болсын. Мен әлі мектепте оқимын. Бітіргенде Астанадағы жаңа оқу ордасына түсемін, – дейді Жібек Абай. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.

_______________________

ЕЛ ҚУАТЫН ЕСЕЛЕЙМІЗ Екі күн бойы облыс орталы­ғы­ның әсем де көркі көз тартар Ертіс өзені жаға­лау­ын­дағы алаңға жүздері жарқын алау жастық кө­ңілмен жастар легі жи­налды. Мұның алдында “Жас Отан” жастар қанаты облыстық әкім­діктің қолдауымен бірқатар пат­риоттық шаралар өт­кізді. Ре­сейдің “Мо­ло­дая гвардия” қоғам­дық ұйымының өкілдері қазақ жастарымен кездесті. Ал қала халқы болса, маусым айы бойы өтіп жатқан мұндай көңілді көрі­ніс­терге таңдана да, қызыға да қарады. Жалпы, еліміз бойынша өтіп жатқан “Бірлігіміз жарасқан!” атты патриоттар айлығы жастар бас қосатын форумға айналғалы бері жағалау маңайы да тынымсыз. Көңілді, мерекелі, сән-салтанатты. Тек жастар ғана емес, үлкен-кіші де облыс орталығында болып жатқан мәні зор, мазмұнды шара­лардан құр қалғылары келмеген­дей, асыға жеткендері көрініп тұр. Қолдарына “Бірлігіміз жарасқан”, “Елбасымен біргеміз”, “Денсау­лы­ғы мықты ел мықты” атты жазулар көтерген жастар легі ұзыннан-ұзақ шеру тартып облыс орталығын­дағы осы алаңнан сап түзеп шы­ғып, қала көшелерін аралап өтті. Олардың арасында жастар ұй­ымдарының өкілдері, студенттер, колледж, мектеп оқушылары бар. Олар бүгін алаңға не үшін жинал­ғандарын бізге былай деп айтып берді: 26 маусым күні бүкіл еліміз бойынша есірткіге және нашақор­лыққа қарсы шаралар, түрлі ойын-сауық бағдарламалары аясында өткізілуде. Жалпы, нашақорлық және есірткінің заңсыз айналы­мымен күрес күнін әлем елдері 1987 жылдан бері атап келеді. Сол үшін де біз қала жастары бірлесіп атал­ған індетке қарсылық білдіру мақ­сатында алаңға келдік. Ел мүд­десін қорғау, саламатты да мықты қоғам құру – міндет. Бұл індеттің жайылып кетпеуін өскін жастарға осындай шерулер өткізіп ұғын­дыр­ған дұрыс, мұны халық та, қоғам да назарға алу керек. Сондықтан біз “Бірлігіміз жарасқан” форумы ая­сында “Денсаулық – жастар қуа­ты” атты бағдарлама жасап, наша­қор­­лықтың алдын алу мақса­тын­да ес­ір­ткіге қарсылықтарын білдірді. Қалалық ішкі саясат басқарма­сы­ның бастығы Роза Шамке­но­ваның айтуынша, облыс орталы­ғын­дағы мектептерде, колледж­­дер­­де есірткіге, нашақорлыққа қарсы түр­лі акциялар, шаралар, денсау­лық сақтау ұйымдарының өкілдері келіп лекциялар өткізіп тұрады. Жас буын бұндай індетке жола­мау­лары керектігін кішкентай­ларынан біліп өсулері керек. Осындай шаралардың өткізілуінің басты мақсаты – саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табы­лады. Жастардың өздері өткізіп жатқан бұл қарсылық акциясы сабақ. Саламатты өмір салтының жарқын үлгісі. Жеңіл атлетикадан жарыс ұйымдастырылды, жағалау бойымен жүгірген жастардың ара­сында үлкендер де кездеседі. Стритбол ойнап шыныққан жас­тар да жүр. Қазір бұл ойынға құ­мар жастарды облыс орталы­ғының әр жерінен көруге болады. Жа­ғалауда құмдағы футбол, волей­бол ойындары да қызықты өтті. Ал екінші бір жастар легі көше аралаған шеруден соң, жағалауға қайта оралды. Сол жерде “Мен – жұлдызбын” атты бағдарламаға қатысып, тірі дауыста әртүрлі тілде өлеңдер орындады. Алаңда өздерін флеш-моб жүйесі бойынша жаңа заман үлгісінде танытқысы келген әртүрлі әуендер бағытындағы рок, рэп, битбоксерлер, брейкерлер, тек­тоник билерін билеушілер кө­бейді. Әрине, қалалық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған бұл шара жастар үшін сабақ боларлық, үйренерлік жақсы бір мереке бо­лып өтті. Алғашқы күні өткен “Бір­ліг­іміз жарасқан” форумының соңы ­– келесі күні “Тәуелсіз ел­дің жастары” атты жастар мере­кесіне ұласты. Жағалаудан ұшқан түрлі-түсті отшашу жарқ-жұрқ етіп көкке өрледі. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.

____________________________________

ЖАСТАР ЖАМАН ӘДЕТТЕН ЖИРЕНЕДІ “Президент командасы саламатты да тегеурінді Қазақстан үшін” акциясына үш мыңнан астам жас қатысып, белсенділік танытты Мемлекет басшысының жол­дауларында саламатты өмір сал­тын қалыптастырумен қатар, жас­тарды жақсы бастамаларға қат­ыстыру мәселесі күн тәртібіне өт­кір қойылып, қолдау көрсе­тілгені белгілі. Көрсетілген сенім биігінен көріну мақсатында жас­тар да жақсы істердің өмірге ке­л­уі­не мұрындық болуда. Соның бір айғағы Талдықорған қала­сын­да есірткі дерті және есірткі биз­несіне қарсы күрес бағытындағы шеру мақсатына жетті деуге болады. “Президент командасы са­ла­матты да тегеурінді Қазақстан үшін!” акциясын ұйымдастыр­ған­дар қоғамның келешегі – жас ұрпақ арасында саламатты өмір сал­тын насихаттау мен қалып­тас­тыру, түрлі спорт ойындарына бауыр басып, шынығып өсуі кеңінен әңгімеленді. Шаһардың орталық алаңында өткен акцияға үш мыңнан астам жастың қаты­суы оның өзегіне айналды. Денсаулық сақтау қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым, “Жасыл ел” қозғалысы, этномәдени бірлестік мүшелері мен жастар бір ауыздан ХХІ ғасырдың індеті – есірткі дертіне қарсылық білдірді. Аталған тажал талай жас өмір­дің тамырына балта шауып, өзек­ті өртеп, ортасын қайғы-мұң­ға салғаны нанымды бейнеле­ніп, театрландырылған көрініс барысында тиянағын тапты. Жастар бірлестіктерінің белсенді өкілдері есірткіні пайдалану мен таратудың қоғамға келтіретін зияны жайлы ойларын ортаға салды. Есірткі дерті және есірткі бизнесіне қарсы ұйымдастырған шарада облыстық наркологиялық диспансердің, саламатты өмір салты орталығы, қалалық емхана, өкпе ауруы диспансері дәрігер­лері медициналық кеңестер бе­ріп, жастармен еш бөгетсіз әңгі­ме-дүкен құрды. Ал, облыстық “Дос” жастар денсаулығы орта­лы­ғының мамандары ұйымдас­тырған тақырыпқа байланысты викторина қызықты болып, жас­тар белсенділігімен жалғасып жат­ты. Сонымен қатар, ақпараттық-насихаттық тұрғыдағы таратылған буклеттер де мазмұндылығымен айқындалды. Қазақстанның болашағы – жастар. Демек, олардың көзқа­расы берік, елжандылық қасиеті басым, белсенді болуы шарт деуге болады. Отбасы, ошақ қасынан бе­рілген тәлімді тәрбие осылай же­тілдірілсе, онда ұрпағымыз бү­гін­гі күннің талабына адал бо­латыны даусыз. Әрине, бұл жө­нінде өңірде көптеген жұмыстар қолға алынған. Нәтижесінде, жыл басынан бері осы тақырыпқа байланысты 190 шара өткізілсе, “Жастар есірткіге қарсы” денсау­лық айлығы, “Біз саламатты өмір салтын қолдаймыз”, “Шылымсыз ғұмыр” акциясы, “Біз Қазақстан­ның болашағы үшін тер төгеміз”, “Елбасының саясатын қолдап, өз үлесімізді қосамыз” деген тақы­рыптардағы шерулер мен кезде­сулердің тәрбиелік мәні терең екені түсінікті. Аталған шаралар­ды облыстық ішкі саясат басқар­масы мен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыс­тық филиалы, азаматтық қоғам институтының өкілдері қатысып, оның мән-маңызын тереңдетті. Өңір жастары әрдайым Елба­сының Жолдауын халық арасында насихаттауға өз үлестерін қосып ке­леді. Осы орайда жастардан құ­рал­ған ақпараттық-насихаттық бри­гада облыстың жеті өңірінде өз жұ­мыс­тарын жүргізіп, тын­дырым­дылық­тарымен танылды. Жасы­ратыны жоқ, есірткіге қарсы күрес бүгінде баршаны алаңдатуда. Сол үшін он­ың жолын кесу бағытында бағ­дар­лы жұмыс осылай өрістесе, қане. Болашақ бағдарлы болса, өмір де көрікті. Осы мақсатты көздеген акция алға қойған мақсатына жетті деуге негіз бар. Күмісжан БАЙЖАН. ТАЛДЫҚОРҒАН.