• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Инновациялық материалдар зауыты

307 рет
көрсетілді

Жобалық құны – 1,5 миллиард теңге, жылдық қуаты – 14 мың тонна Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына индус­триялық-инновациялық  да­му басқармасының басшысы Ма­рат Ысқақов бірнеше тың жо­балар ұсынып, жұмсалатын инвестициялық қаражат, қуат­тылық, жұмыспен қамту көз­дерімен таныстырды. Сөз арасында Индустрияландыру картасына енгізілетін 70 жобаға 100 миллиард теңге мөлшерінде қаржы бағыттау көзделсе, 29 жобаның мақұлданғанын айта кеткен жөн. Сонымен, үйлестіру кеңе­сінің талқысына түскен озық жобаларға кезек берейік. «Па­рыз-2014» байқауының бас жүлдегері Сермұхамед Орал­ұлы көп жылдан бері ағаш өңдеу ісімен айналысып, тұтынушыларға өнімнің 40-тан астам түрлерін ұсынып келеді. Ағаш өңдеу цехына осы заманғы құрал-жабдықтар орнатқаннан бері еліміздің өзге өңірлерінен де сұраныстың көбейе түскені байқалады. Бәсекелестікке төтеп беретін сапалы тауарлар өндірудің қыр-сырын әбден меңгеріп алғаннан кейін көптен бергі көкейіне түйіп жүрген тағы бір ойын жүзеге асыруды ниет еткен. Ол шикізатты тереңдете әрі қалдықсыз өңдеу өндіріс орнын құру идеясы болатын. Оның бұл ұсынысын кеңес мүшелері үлкен қызығушылықпен тыңдап, бірауыздан қолдау білдірді. Біріншіден, облыста экологиялық таза өнім шығаратын мұндай кәсіпорын жоқ. Екіншіден, керексіз саналып келген ағаш жаңқалары мен бұтақтары енді кәдеге жаратылады. Үшіншіден, ағаш қалдықтарынан тасуға да, өткізуге де ыңғайлы отындық брикет жасау «жасыл экономика» бағдарламасы талаптарымен ыңғайлас. Жоба құны 92 миллион теңгені құрайды. Жылына 120 мың текше метр өнім өндіруге қуатты, деді өз сөзінде іскер кәсіпкер. «Ахмуддинов» жеке кәсіпкерлігінің германиялық «Jensen» фирмасынан био­отын брикеттерін шығаратын қондырғылар сатып алуға қаржылық қолдау жасау жөніндегі өтініші қанағаттандырылды. Облыста жергілікті маңыздағы жолдар қалпына келтіруді қажет етеді. Мәселен, 7530 шақырым автомобиль жолдарының жартысына жуығы сын көтермейді. Сол себепті болар, ұсынылған жобалардың ішіндегі ең әлеуеттісі саналатын «ИнДорТех» ЖШС іске қосуды жобалап отырған инновациялық материалдар зауытының құрылысы Индустрияландыру картасына бірден енгізілді. Жоба жетекшісі Анатолий Технерядновтың айтуынша, нысан пайдалануға берілсе, жөндеу жұмыстарының құнын арзандатуға, пайдалану мерзімін 20 жылға дейін жеткізуге мүмкіндік туады. Жол құрылысына қажетті инновациялық материалдар шығаратын кешен озық технологияға негізделген. Жылына жолдардың ойқы-шойқы жерлерін тегістеуге арналған 45 техника бірлігін, 14 мың тонна полимер-битум эмульсиясы мен полимер-битум шайырын өндіріп, 70 адамды жұмысқа орналастыруға қабілетті. Инвестиция көлемі –1,5 миллиард теңге. Бұған қоса алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибелерді кеңінен қолдану мақсатымен ғылыми-өндірістік орталық қызметі енгізілмек. Облыс орталығынан 14 гектар жерді пайдалану құқығы ресімделген. Жиында инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға көмек берілетіні, алғашқы қадамды Петропавл халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын қалпына келтіруден бастау қажеттігі атап көрсетілді. Бүгінде Қазақстанда 180 мың тонна картон экспортқа шығарылады екен. Алайда бұл көлем әлі жеткіліксіз көрінеді. Осы бір осал тұсты атап көрсеткен «Торе-Чингизид Л.Т.Д» компаниясының құрылтайшысы Игорь Овчинников Смирново кентінде сабаннан целлюлоза мен картон өндіретін зауыт салуға бел байлағанын жеткізді. Бұл мақсат үшін ауданның таңдап алынуы кездейсоқ болмаса керек. Инвестиция көлімі 650 миллион теңге, жылдық қуаты 3500 тонна болатын кәсіпорынның ауылдық жерде орнығуын арзан шикізат көзімен байланыстырған жөн сияқты. Қазіргі уақытта жер телімін ресімдеу, жаңа нысанды қаржыландыру оң шешім тапқан. Енді «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қосымша қаржыландыру өтініші қанағаттандырылды. Озық жобаларды орналастыру бойынша инвесторлар мен қаржыгерлердің елді мекендерге де ұмтылыс танытуы құптарлық. Мәселен, Хамди Озкараман жетекшілік ететін «АРБАТ АС» ЖШС өз бизнесін Тайынша ауданында дамытқанды қолайлы көретін тәрізді. Өйткені, ауылдық жерлерде сүт өндірумен айналысатын кәсіпорындар өңірде жоқтың қасы. Көбіне сүт өнімін жинап, тиісті орындарға жеткізумен ғана шектеледі. Ол үшін бұрынғы аудан орталығы Келлеровка ауылындағы әмбебап дүкеннің ғимараты қал­пы­на келтіріліп, Түркиядан алды­рылған құрал-жабдықтар орнатыл­ған. 106 миллион теңгенің индустрия­лық жобасы жыл аяғына дейін қол­данысқа берілсе, 50 адам 120 тон­на ірімшік, сүзбе, 240 тонна йо­гурт өндірумен айналысатын болады. «Единство» ЖШС-нің жылына 40 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызуға пайдаланылатын қаңқа-панельді, темір-бетон бұйымдарын, «Универсал» фирмасының асфальт-бетон қоспасын шығару жөніндегі жобалар да мақұлданды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.