• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Алдағы межелерге айрықша басымдық

261 рет
көрсетілді

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген өмірлік ұлағатқа сәйкес Елбасының тікелей тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде әкімдердің халық алдында жыл сайын есеп беру жүздесуін өткізу дәстүрге айналған. Қоғамдық өмірімізге берік енген осынау дәстүрге байланысты кеше Конгресс-Холл сарайында Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елорда тұрғындарымен жүздесті. Биылғы ақпан айындағы алғашқы қатты аязға қарамастан, таңмен таласа тұрып, Конгресс-Холл сарайына келген зал толы жұрт алдында Әділбек Жақсыбеков еліміздің бас қаласында атқарылған өткен жылғы игі істерді қорытындылап, алда тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Қала әкімі өзінің баян­дамасында басымдықпен атап көрсеткеніндей, Астананың серпінді дамуы, басқаға ұқсамайтын айшықты сәулетінің қалыптасуы, астаналықтардың тұрмыс-деңгейі мен өмір сүру сапасының артуы Елбасының шынайы жанашырлық қамқорлығы мен жан-жақты қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Одан әрі елорда әкімі 2014 жылы атқарылған өзекті жұмыстарды саралап өтті. Елордада тек соңғы екі жылдың ішінде ғана жалпы инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеден асатын 10 жаңа зама­науи өндіріс орны іске қосылған. Олардың қатарында бүгінгі заманның әлемдік озық технологиялары негізінде жұмыс істейтін «Тау-Кен Алтын» аффинажды зауытын, электронды-оптикалық құрылғылар шығаратын, энергия үнемдегіш шыны пакеттер өндіретін зауыттарды, электровоз құрастыру, күн батареяларын шығаратын өндірістік кешендерді ерекше атап өткен жөн. Өткен жылы жалпы өңірлік өнім 3,9 триллион теңгені құрап, 2013 жылғы көрсеткіштен 6,6 пайыз асып түсті. Бұрнағы жылмен салыстырғанда өткен жылы қала экономикасына салынған инвестиция көлемі 13 пайызға артты. Осы ретте, ерекше атап өтерлік мәселе, жалпы ел экономикасына тартылған инвестициялардың 10 пайызы Астана қаласының үлесіне тиесілі. Қала экономикасының серпінді дамуы жұмыссыздық деңгейін өсірмей, 5,2 пайыз мөлшерінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Экономиканың тиімді әрі сапалы дамуының арқасында Астана қаласы биылдан бастап Алматы қаласы, Атырау және Маңғыстау облыстары сияқты республикалық бюджеттің донорлары қатарына кірді. Астана қаласы еліміздегі алып құрылыс алаңына айналғаны баршаға аян. Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үй құрылысы екі мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде жалпы аумағы 288,6 шаршы метрді құрайтын 6 282 пәтер пайдалануға берілді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 140,1 мың шаршы метрді құрайтын 2 778 пәтер пайдалануға берілді. Осы орайда, өткен жылы 93,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы немесе 1 881 пәтер кілті тапсырылды. Елордада апатты үйлерді жою бағдарламасы негізінде екі жыл ішінде жалпы көлемі 92 мың шаршы метр немесе 1 502 пәтерден тұратын 6 тұрғын үй пайдалануға беріліп, апатты үйлерден көшірілген пәтер иелеріне берілді. 2014 жылы мектепке дейінгі тәрбие беру саласында 6 жаңа нысан, 10 жалпы орта білім беру ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен бірге, қаламызда №10 жаңа қалалық емхана іске қосылды. Осындай игілікті істердің нәтижесінде үш ауысымда оқытылатын мектептер санын 4-тен 2-ге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Елорда экономикасының жан-жақты дамуы қала бюджетінің тапшылығын жойды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджетке түскен қаржы көлемі 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайыз артып, 764 миллиард теңгені құрады. Экономиканың серпінді де сапалы өсімінің арқасында Ас­тана қаласы тарихта тұңғыш рет өзін-өзі қам­тамасыз ететін деңгейге қол жеткізді. Әділбек Жақсыбеков астаналық­­­тардың алдындағы өзінің дәстүрлі есе­бінде қала экономикасының өткен жылғы қол жеткізген жетістіктерінен гөрі алда атқарылатын межелі міндеттеріне айрықша басымдық берді. Осы орайда, баяндамашы елорданың алдағы уақытта дамуының басты жеті бағытын ерекше атап көрсетті. Бұл ретте, бірінші бағыт, қаладағы ауқымды құрылыс жобаларына жан-жақты тоқталды. Оның айтуы бойынша, алдағы үш жыл ішінде елордада сәулеті мен сәні жарасқан 100-ден астам айтулы жаңа ғимараттар бой көтеретін көрінеді. Өркениетті әлем қалаларымен салтанат жарыстырған Астананы абаттандыру алдағы уақытта да қарқынды жүргізілмек. Бұл ретте айрықша басымдық берілген «Мың­­­­жыл­дық» аллеясы, «Мәңгілік Ел» салтанат аркасы, Тұран даңғылы, «Жасыл орам», «Хан Шатыр» аумақтарында кешенді құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қаланың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы жан-жақты дамытылатын болады. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын толық аяқтау мақсатында 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы көлемі 158,8 мың шаршы метрді құрайтын 2 507 пәтер пайдалануға беріледі. Қала құрылысының қарқынды дамуына және экономиканың кең қанат жаюына байланысты елорданың энергетикалық кешенін одан әрі ұлғайту міндеті күн тәртібіне ерекше қойылып отыр. Қазір қаланың электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйесіне түсетін күш жыл сайын 8-10 пайызға артуда. Ал 2017 жылдары электр энергиясына деген сұраныс 30-35 пайыз, жылу энергиясына сұраныс 25-30 пайыз артады. Осыған байланысты, қазіргі кезде елорданың энергетикалық кешенін қайта құру мақсатында мол инвестиция тартылған. Бұл ретте қолданыстағы №1 ЖЭО және №2 ЖЭО толық қайта құрудан өткізіліп, №3 ЖЭО құрылысының бірінші кезегі пайдалануға берілмек. Елорданың көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында кешенді шаралар іс жүзіне асырылуда. Бұл ретте, қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды. Қазір қала көшелерінде бүгінгі заманның талабына сай жабдықталған 103 жаңа автобус қызмет көрсетсе, биылғы жылдың соңына дейін олардың саны 358-ге жеткізілмек. Көшелерді жөндеу, көлік жолдарының сапасын жақсарту бірінші кезектегі міндет болып отыр. Қазір елордада ірі бірқатар индус­­триялық-инновациялық жобалар іс-жүзіне асырылуда. Тек қаладағы Индус­триялық парк аумағында ғана жалпы инвестиция көлемі 168 миллиард тең­гені құрайтын 50 жоба іс жүзіне асы­рылуда. Қаланың негізгі капиталына са­лынған инвестиция көлемі артып, қазіргі күні 644 миллиард теңгені құрап отыр. Елордада шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше басымдық берілген. Бүгінде жергілікті бюджетке түсетін салықтардың 60 пайызы осы шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесіне тиесілі. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қалада алдағы уақытта да бірқатар кешенді жобалар іс жүзіне асырылмақ. «Бүгінгі таңда қаламызда 216 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Өткен жылы олардың саны 293 адам еді. Біз уақыт өткен сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлерін барынша қамқорлыққа алуға міндеттіміз», деп атап көрсетті Ә.Жақсыбеков. Ол өз сөзінде өткен жылы 83 соғыс ардагерінің пәтеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін, биыл 84 ардагердің пәтерлері жөнделетіндігін айтты. Қала әкімі өз сөзінде мүгедектерге, аз қам­тамасыз етілген отбасыларына көрсе­тілетін әлеуметтік көмек көлемі алдағы уақытта да жалғасатындығын жеткізіп, Астана қаласында жұмыссыз­дықты мүлде жою мақсатында кешенді шаралар атқарылатындығын ескертті. Жүздесу соңында әкім залға қойылған арнаулы микрофондар арқылы сұрақ қойған жұртшылық пікіріне ден қойды. Мәселен, қала тұрғыны, кәсіпкер Әділ Сарин өзінің өткен жылы үлкен қонақ үй ғимаратын салғандығын, енді осы қонақ үйді орталық жылу, су және кәріз жүйелеріне қосу мәселесінде қиындық көріп отырғандығын айтып, сол аймақтағы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға әкімдік тарапынан көмек сұрады. Ә.Сариннің сұрағына жан-жақты жауап бере келіп, әкім қазіргі қолданыстағы жылу орта­лықтарына түсетін салмақтың жоғары екендігін ескертті. Осыған байланысты, жекеменшік қонақ үй, мейрамхана және басқа ғимараттар салатын кәсіпкерлердің бұл мекемелерді жеке көздер арқылы жылытқаны тиімді болатындығын айтты. Қала тұрғындары Серік Омаров, Раушан Баяхметова, Сәуле Қыдырбекқызы елор­дадағы апатты үйлерді бұзу мәселесін, көппәтерлі үйлердегі лифт және жылу беру жүйелерінің жұмысындағы ке­лең­сіздіктерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, әкім­ге өтініш-тілек айтқан қала тұрғын­дарының көпшілігі елордадағы қоғам­дық көлік қызметінің ешбір сын көтер­мейтіндігін, автобустардың қатынау кестесінің уақыты 40-50 минутқа созылатын­дығын алға тартты. «Біз бұл мәселе­мен жан-жақты айналысып жатырмыз. Алдағы уақытта жалпы қаладағы автобус бағыт­тарын қайта қарап, олардың жүру кестесін тәртіпке келтіретін боламыз», деді әкім. Келесі кезекте сөз алған қала тұрғыны өзінің 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер кезегіне тұрып, әлі күнге дейін бір пәтерге қол жеткізе алмай отырғанын айтты. «Биылғы жылы біз 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын толық аяқтаймыз. Сон­дықтан, биылғы жылдың соңына де­йін сіз міндетті түрде пәтер аласыз», деді әкім. Үш жарым сағатқа созылған қала тұрғын­­­­да­рымен жүздесу барысында Әділ­бек Жақсыбеков жұртшылықты толған­дыр­ған көптеген мәселелерге жан-жақты және түбегейлі жауап қайтарды. Есепті кездесуге Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары Б.Ә.Сағынтаев қатысты. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.