Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының ІV Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Спорттық жарысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов салтанатты түрде ашық деп жариялап, спортшыларға жеңіс тіледі:
– Құрметті спортшылар! Талдықорған қаласына хош келдіңіздер! Бүгін қаламыздағы «Жастар» спорт сарайында үлкен спорттық жарыс ашылып отыр. Жер жәннаты Жетісу өлкесінде басталған дүбірлі додада баршаңызға сәттілік тілеймін. Спорт додасында жоғары жетістіктерге жеттіңіздер, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, салтанатты ашылу рәсімінде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, ФИЛА Бюросының мүшесі Дәулет Тұрлыханов, Қазақстан Күрес федерациясының президенті Сауат Мыңбаев спортшыларға жеңіс тіледі.
21 ақпанға дейін созылатын бұл жарысқа республикамыздың бірқатар облыстарынан 500-ге жуық спортшы қатысуда.
Нұрбол Әлдібаев,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.