Тұңғыш Президенттің өмірін жете зерттеп, еңбек жолына терең үңілу елдік пен бірлікті байыпты бағалауға, болашақты байсалды болжауға, өткенге әділ көзқарас қалыптастыруға жетелейді. Елбасының еңбек жолы – жастарға өмір мектебі. Оны жеткіншектерге толық жеткізу бізге сын. Елтанудың қазығы – Елбасытану.
Елбасытану – Қазақстанның жаңа дәуірінің жаршысы, елтанымдылықтың сыңары, тағдыр шешетін жауапты кезеңнің бас ғылымы. Бұл жайт – тәуелсіздігіміздің бөлінбес бөлшегі.
Азат қазақтың басшысы туралы сөз – өзіміз, еліміз, елдігіміз, тағдырымыз, тарихымыз туралы сөз. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел» екенін әуел бастан түсінген ынтымақшыл халқымыз ымырасынан айныған емес. Сансыз сауал сарсаңға салған аласапыран шақта да сабырсыздық танытпады. «Сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз», деген Құран аятына иланды. Бүгінде сабырлының сыннан сүрінбейтінін, сабыр – ақыл серігі екенін уақыт дәлелдеп, тарих таразылап отыр.
Нұрсұлтан Әбішұлы – әлемге елі арқылы өзін, өзі арқылы елін танытқан дүниежүзілік саяси аренадағы сыйлы тұлға. Таза ұлттық топырақтан нәр алып, тереңнен тамыр тартқан алып бәйтерек. Ұлттық бояуы қанық, болмысы бөлек бүтін бітім. Ақылының тереңдігі мен білімінің кенендігі, оқиғалардың алдын орайтын көрегендігі мен ойлау жүйесінің бірізділігі, пейілінің кеңдігі кемеңгер атандырды. Керек жерінде хандай биіктігі өзге елдің басшыларының санасып, пікірлесуіне ықпал етсе, қарадай қарапайымдылығы оны халықпен етене жақын етті. Елбасының аталған-аталмаған күллі адамдық, азаматтық, қайраткерлік қасиеттерінің барлығы да сол ұлттық құндылықтарға, табиғи жаратылысына негізделген. Көреген көсемдігі мен екі тілге бірдей шешендігі талай жанды таңдай қақтырып, таң қалдырды. Шет мемлекеттер басшыларымен болған кездесулердегі оның айбынды көзқарасы мен өз-өзіне деген сенімділігі мемлекет үшін оң шешімдер қабылдауға тікелей ықпал етті. Туған халқының салт-дәстүріне сусындап өскен оның байсалды да кісі баурағыш мінезі дипломатиялық қарым-қатынаста оң нәтижеге қол жеткізуде үлкен рөл атқарып келеді. Іскерлігімен және ізденімпаздығымен өзінің барлық саналы өмірін, күш-жігерін өз Отанының өсіп-өркендеуіне, көркеюіне жұмсады. Әлі де жұмсап келеді. Жұмсай да бермек. Даналығын батылдықпен шебер үйлестіре білетін кемеңгер басшы талай тарихи бастамалардың авторы. Біздің мақсатымыз атқарылған істі тізбелеу емес, «Елбасытанудың» тағылымдылығын сараптау, құндылығын дәріптеу.
Елбасының тәуелсіздігіміз жарияланған тарихи күні айтқан «Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, жалған сезімге тізгін бермейік дегім келеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айрылмайық, бауырларым!» деген сөзін бойтұмардай тағынған жұрты содан бергі 24 жылда жұдырықтай жұмылып, жасампаз елдің жеңістерін бірге жасасуда. «Жауқазын гүлінің ерте шыққанымен, қалыбынан аса алмайтынындай», асығыс шешім өрге бастырмайтынын Елбасы әу бастан-ақ білді.
Тәуелсіздік тарихын қайта парақтағанда көп сырға қанықтық. Елбасының Мемлекет басшысы қызметіне келген Кеңес Одағының соңғы жылдарында-ақ ел келешегінің келісті де келбетті болатынын батыл болжай алғандығы таң қалдырды. 1990 жылдың шілдесінде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға берген сұхбатында: «Қазақстан – шетелдермен жемісті байланыс жасай алатын, сөйтіп, халықаралық абырой-беделге ие бола алатын зор республика. Тек соның кілтін табу қажет», деді. Және сол кілтті тапты да. Ол – сенім болатын. Иә, Елбасы еліне, елі Елбасыға сенді. Сеніп те келеді. Елбасы мен халық арасындағы терең түсіністік пен мүдделі үндестік тәуелсіздік тұғырын нықтай түсті.
Тоталитарлық жүйе – қызыл империяның «халықтар достығының лабораториясы» жасаған Қазақстанды «өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген ұстаныммен қырғынға ұшыратпай, бүгінгідей шуақты күнге жеткізген Елбасы еңбегі ерен. Тәуелсіз Мемле-
кеттер Достастығын құруды ұсынған сәттен бастап, оның егемендік пен елдікке кесірі тимейтін келелі бастамалары мен озық ойлы идеялары мемлекет игілігіне жемісті қызмет етіп келеді.
Алғашында еліміз үшін нарық жолы ауыр жол болды. Расында да, нарық заңдылығы – қатал заңдылық. Оны бастан кешірдік те. Адамдарға ақыл, парасат өз өмірін жақсарту үшін берілгенін дәлелдейтін сын сағаттары туған кез еді ол. Бұдан да қиын заманды бастан кешкен қазаққа есесіне Аллатағала пейіліне сай жер мен кен берген. Сол ұлан-байтақ жер мен қазына-байлық кенге иелік ететін ел де берген. Сол елдің еңсесін түсірмейтін ер де берген. Нұрсұлтан Әбішұлы Абылай хан секілді елдің бірлігін ойлаған бабалар арман-қиялының шынайы көрінісі, күткен үміті, табиғи жалғасы.
Әрине, ел басқаруға енгізілген жаңа жүйе, саяси өзгерістер бірден оң нәтиже бере қойған жоқ. Сенім артқан үзеңгілес серіктестер сенімді ақтамаған қиын шақтар да оның сағын сындырмады. Жекешелендіруді кейбіреулер жеке басының қамына ғана жұмсаған жанкешті кезеңде де ол елін есеңгіреткен жоқ. Қиыннан жол тауып, тығырықтан шыға білді.
Тәуелсіздіктің алғашқы бір жарым жылында 120-дан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгерген елдің мемлекеттік және ұлттық идеологиясының басты мұраты тыныштық еді. Ол тыныштықтың сақталуын сол кезеңнің өзінде Елбасы: «Бірлік пен ынтымақ, ең бірінші, өзімізге – қазақтарға керек. Бұл – ұлт болашағын айқындар ең негізгі, өзекті, тамырлы мәселе. Егер де қазақ халқы өзінің ауызбірлігі мықты болып, республикада тұратын басқа ұлттар мен ұлыстарға қамқор бола алмаса, үлгі көрсете алмаса, онда мемлекетті қиын жағдайға ұрындыруымыз хақ. Қазақ халқының өз ынтымақ, бірлігі мықты болмайынша, мемлекетіміздің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Бұл – тек қазақтар ғана орындай алар ұлттың тарихи зор миссиясы», деп қадап айтты.
Бұл сөз бүгін де маңызын жойған жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кезінде кеңестік идеология тұтастыққа сына болып қағылар «бөліп ал да билей бер» саясатын енгізген мінезден ұрпақты арылту – басты назарда болды. «Жастарға айтарым – аға сыйлаған, ата ардақтаған жақсы, ол дәстүрлерді дамыта беру жөн, бірақ жасы үлкендердің іс-әрекеттеріне де парасат биігінен, сын көзімен қарап үйренген жөн» екенін, жанымызды жаңғыртпайынша жұмысымыз жанданбайтынын ескертті. Мәскеуден арнайы тапсырмамен келіп, «шаш ал десе, бас алатын» эмиссарларға бірін-бірі ұстап беріп, бірін-бірі сатып кеткен қандастарымыздың қаскөйлік іс-әрекеттері тарих қойнауында қалғанымен, ұрпақтарға аракідік «ауысып» отырғаны ақиқат. Осы бір дерттен арылсақ, іргеміздің шайқалмайтынын меңзеген болатын Елбасы.
«Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды. Ал жаудың ең үлкені ынтымақ үшін ымыраға бара алмау» екенін алғашқы күндерден санамызға сіңіріп келеді. Қабанбай батырдың: «Басшы біреу болу керек, басқасы басшыға тіреу болу керек», деген сөзі бүгінде баршамыз үшін қағидаға айналғандай. Сондықтан болар, ұлтымыз уақыт емтихандарынан сүрінбей өтіп келеді. Жанталас пен жағаластың заманында жарға жыққысы келетіндермен арпалыса жүріп, үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналдық. Бұл дегеніміз, сапалық тұрғыдан қазақ жаңа сипатқа ауысты деген сөз. Яғни, қазақтың сыртқы болмысы ғана емес, ішкі жан дүниесі, көзқарасы мен өмірлік ұстанымы да заман талабына жауап бере алатындай биік дәрежеге жетті.
Жиырма төрт жылда жеткен жетістік, шыққан шыңды сөз еткенде: «Осыған біз қалай жеттік?» деген сұрақтың қойылуы заңды. Бүгінгіні бағалау үшін өткенге көз жіберіп, тарих беттерін қайта парақтайтынымыз да сондықтан. Іс жүрген жерде ұлттық ой мен күмілжудің тар аясына тығылу қауіпті нәрсе екенін ескерген Елбасы демократияны демагогиямен шатастырмауды талап етті. «Егер әртүрлі саяси толқындар бола қалса не болмақ? Өзіміздің ішімізден дүниеге немесе лауазымға сатылып, сол жаулап алғысы, қайтадан империя құрғысы келетіндер қатарына шығып кетіп жүрсе қайтпек?! Сондықтан әркез оқиғаның алдын алып, не істеу керек деген ойда жүретін» Елбасы саясаты осыдан басталды.
Сол кезеңде берген сұхбаттары мен жариялаған еңбектерінде Елбасы халықпен үнемі ағынан жарыла, ашық пікірлесіп отырды. Бұдан шығатын қорытынды – ол үнемі халқымен бірге. Тарихта әлі беймәлім болып отырған Теміртаудағы 1959 жылғы оқиғадан соң бір жыл өткенде сол қалаға 3 мың қа-
зақтың жігітімен бірге келген Нұрсұлтан Әбішұлы шыңдалудан осылай өтті. Топтасқан қазды қарға алмайтынын сол кезеңдерде жақсы түсінді. Себебі, Теміртау сол заманда өзге ұлт өкілдерінің жер аударылғандары мен түрмеден босатылғандарының ордасы еді.
Күн демей, түн демей, уақытпен санаспай, ақылдың кені – кітап оқып, жаңа заманның экономикасын меңгерді. Өркендеген мемлекеттердің тәжірибесін үйреніп, олардың қаржыгер, экономист ғалымдары жазған дүниелерін оқып-тоқу үшін де Елбасына арнайы кесте қажет болды. Әр минутына дейін есептеулі Елбасының оң нәтижеге жетуіне спорт көмектесті. Тәні саудың – жаны сау. Миы сергек адамның қимылы да ширақ, ойы да жүйрік болатыны белгілі. 40 жасында теннис үйренді. Дүниежүзі бойынша бірінші орында гольф, екінші тау шаңғысы, үшінші теннис, төртінші атқа міну болса, Нұрсұлтан Әбішұлы осы спорт түрлерінің бәрін шебер меңгерген. Спорт адамды сергектікке ғана емес, жүйрік ойлауға және тез шешім қабылдауға дағдыландырады. Мен мұны жоғары спорттың ортасынан шыққан жан ретінде айтып отырмын.
«Кіммен дос болу, кіммен жақындасу, кімнен өзіңді алысырақ ұстау – ұлтты сақтаудың кепілі». Елбасының бұл сөзін-
де тәуелсіздіктің екі мүшел жасына қадам басқалы тұрған Қазақ елі аспанының тыныштығы жатыр. Даурықпа сөзге дес беріп, бүгінгіні ғана ойлайтын кейбір «патриоттар» еліміздің дипломатиялық қарым-қатынасын қатаң сынаған өліара шақта да Елбасы алыс та жақын шетелдермен іскерлік байланыс орнатуды қарқынды жалғастыра берді. Бүгінгі таңда дамыған елдермен дерлік достасқан Қазақ елі өзгелер қол созып, дипломатиялық бірлікте болуды армандайтын асқақ мемлекетке айналды.
Жер байлығына емес, ең бастысы – ел байлығына сену қажеттігін ерте ұғындық. Мемлекет үшін басты капитал адам болса, ел байлығы – білім, жаңа технология, заманауи инфрақұрылым, берік те тұрақты отаншылдық сезім екенін дер кезінде түсіндік. Сондықтан Елбасы ең қайтарымды, ең ізгі капитал – жастардың заман талабына сай білім алуына жұмсалған қаражат деп танып, білімді жастарды «Болашақ» бағдарламасымен дамыған шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жіберді.
Кезінде осы қадамдар аяусыз сыналды. Әлі де сынаушылар жеткілікті. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайтынын» білетін Елбасы сынаған елінің алаң көңілін де дұрыс түсініп, оң қабылдай алатын жан. Уақыт Елбасы бастаған реформаны қолдады. Оған біз куә.
«Киіз үйдің көсеуінен бастап, болат балқытушының күрегіне дейін талай жұмысты ауырсынбай атқарған» Президент үшін ауылдың амандығы – елдің амандығы. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына қатысты реформалардың басы-қасында жүріп, тікелей қамқор болуының арқасында ауылдар өсіп-өркендеп, дамыды. Тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылында ел жағдайы аумалы-төкпелі, қиын болды. Басқа мемлекеттерге 2 миллионнан аса адам көшіп кетті. Оның ішінде өз ісінің білгір мамандары мен кәсіби шеберлері де болды. 1997 жылы Қазақстанда 3,2 млн. адам жұмыс істейтін болса, 3 млн. адам зейнеткер болатын. Зейнетақыны уақытында төлеу үшін бұл қатынас 1:5 немесе 1:3 болу керек еді. Айлық пен зейнетақының дер кезінде төленбей, қиналған кезеңдер әлі есте... 1997 жылды еліміз үшін қиын жылдың соңы деген еді Елбасы. Солай болды да. Тәуелсіздігіміздің жетінші жылынан бастап елімізге бақ дарып, құт қонды.
Өткенге көз жіберіп, кеткен кемшіліктер мен жеткен жетістіктерді саралап отырмай, болашаққа батыл қадам жасау қиын. Кезінде Қазақстан экономикасын тікелей Мәскеудің өзіне бағынатын етіп жасағандықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің экономикасы үшін өте қиын кезең болды. Сол уақыттың өзінде-ақ өткен жылдың соңында халыққа жариялаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының іргетасы қаланғандай. Теміржолдар мен автомобиль, әуе жолдары Кеңес Одағының саясатына орайластыра салынғандықтан, Қазақстанның сыртқа шығар өз жолдарын жасауы еркін елдің қолын да, жолын да тәуелсіз ететінін 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқан болатын.
Үш ғасыр бойы тізесін батырып, билігін жүргізген Ресейден шекарамызды түбегейлі бөліп алып, белгі орнату оңайға түскен жоқ. Сондай жеңістің бірі Қытаймен шекараны белгілеу болатын. Екіжақты келіссөздер, зерттеулер, салыстырулар нәтижесінде талас тудырған 944 шаршы шақырымның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9%-ы
Қазақстан жағына, ал 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1%-ы Қытай жағына өтті.
Ельциннің кезінде 1698 жылы 1 Петр белгілеген Қасиетті Апостол Андрей Первозванный орденімен шетел қайраткерлерінің ішінен біздің Елбасының марапатталуы Қазақстанды мойындағаны емес пе?! Неге десеңіз, бұл орденмен орыс тарихының ұлы қайраткерлері А.Суворов, М.Кутузов, П.Багратион, І Петр, шетелдіктерден Наполеон мен Талейран наградталғанын ескерсек, бұл марапатты батырлығымен елді қорғаған бабаларымыздың ерлігіне жасалған құрмет деп танығанымыз лазым.
Ұлттық валютаны да есеппен, байыппен енгізудің арқасында қырғыздар мен украиндарда, Ресейде болған аласапыран бізде болған жоқ. Бұл да болса Елбасының салмақты саясатының нәтижесі.
«Заманның өзгергенін көру аз. Заманды меңгеру керек» екенін әуел бастан жақсы түсінген Елбасы көздегеніне жетуде талай рет тәуекелге барғаны тек кейінгі кезде ашық айтылып, жазылып жүр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру, Семей ядролық сынақ полигонын жабу және әлемдегі ең негізгі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тарту, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі ұсыныс, алғаш рет шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Қазақстанның жаңа, осы заманғы астанасын орнату, Еуразиялық экономикалық одақ – бүгінгі таңда жаһандық маңызға ие
саяси оқиғалар.
«Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы Қытай, Моңғолия, Түркия, Египет елдері мен Батыс Еуропадағы Париж, Мадрид, Берлиннің Ұлттық кітапханаларынан, Ватиканның құпия мұрағатынан халқымыздың көне тарихына қатысты 5 мыңнан астам сирек қолжазбалардың көшірмелері әкелінді. Жүз томдық «Бабалар сөзі» атты фольклорлық жинақ жарық көрді.
Қазіргі таңда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тарихи құжаттарды, архивтік материалдарды іздестіріп, елге алдыру жұмыстары жүйеленуде. Одан басқа да ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне жасалып жатқан қамқорлықтар қаншама?! Мұның барлығы қазақ руханияты үшін баға жетпес қазына, байлық.
Жекеменшік иеліктегі барлық мұнай компанияларының басын қосып, мұнайды мемлекет меншігіне өткізіп, «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясын құруы ел экономикасын өркендетіп, ұлттық қорды молайтуға үлкен әсерін тигізді. Бір кезде біреулердің еркінің қолжаулығы болсақ, енді тағы да біреулердің пікірінің қолжаулығына айналмау қажеттігін, ол үшін қалам ұстағандар мен баспагерлердің демократия деп ел ішіне іріткі салатын бос сөз, дақпырт әңгімемен әуестенбеулерін Елбасы әуелбастан ашық айтты. Ұлттық идеяны ұлттық астамшылық идеясына айналдыру ешбір этносқа да опа бермегенін жақсы білеміз. Көпұлттылығымызды басты байлығымыз деп таныған Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Биыл көктемде 20 жылдығын атап өткен бұл қоғамдық ұйым мемлекеттің дамыған елдер қатарына енуі жолында өз үлестерін қосып келеді.
Иә, қазақ – жатты жақынындай көріп, алысты бөтенсінбейтін бауырмал халық. Түрлі тағдырмен үдере көшіп, Қазақстанды Отаны санайтын 140-тан астам ұлт өкілдерінің басын қосар бұл алқалы ұйымды құру туралы ұсыныс айтып, іргесін қалаған да Елбасының өзі болатын. Бүгінгі таңда билік басында, Парламентте өкілдері отырған бұл Ассамблея тәуелсіздігіміздің кемелді келешегі үшін жер иесі – қазақтармен қоян-қолтық араласа жұмыс жасауда.
Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады. Қазақ тілінің келешегіне алаңдаушылық жергілікті ұлттың санынан және сол ұлттың өз ана тілін білмеуінен келіп шығады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақтардың үлес салмағы бар-жоғы 40% құраса, соның жартысы қазақша сөйлей алмайтын. Ал бүгінгі таңда қазақтардың ана тіліне деген көзқарасы айтарлықтай өзгерді. Әрине, бұл құбылыс бізді ерекше қуантады.
Түрлі қолдан жасалған қитұрқы іс-әрекеттердің салдарынан қырыла-қырыла азайған халықтың бастан кешкен тағдыры сан қилы. Сталин тұрғызған абақтыларда 1,5 миллион адам отырған екен. Барлығын Сталиннен көрудің дұрыстығын тарих таразысына бердік. Ленин өз қарарларында «кулактардың бәрін атып, қырыңдар», деген. Егер қазақ қырылмағанда бұл күндері 40 миллионға жетер еді.
Қазіргі таңда әлемнің ең мықты мемлекеттерінің өзі Қазақстанмен санасады және стратегиялық әріптесі ретінде қарайды. Ел өмірін демократияландыруды эволюциялық жолмен жүзеге асырған Елбасы Вольтердің: «Мен сіздің ойыңызбен тіпті келіспеймін, бірақ сол ойыңызды айтуға мүмкіндігіңіз болуы үшін өмірімді сарп етуге әзірмін», деген сөзін ұстанады.
Мемлекет экономикасының көтерілуіне шағын және орта бизнестің әсері зор екенін болжаған Елбасы тәуел-
сіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жастарды білімді, білікті, сауатты, шынайы бизнеспен айналысуға шақырды. «Коммерсант» деген дипломсыз маман иелерінің елді қалай алдап, арбағаны халық есінде. Табысты өндіріске, шаруашылыққа бағыттау қажеттігін, бізге ұлттық буржуазия керектігін айтқанда кейбіреулер мұны түсінбеді. Ұлттың қалталы адамдары қалыптаспайынша көп істің қиюы келмейтінін, ұлттық буржуазия пайда болса, ұлттың мүддесін ойлайтын адамдар көбейетінін саясат тұрғысынан пайымдады. Және бұл орындалды да. Астана қаласын салу барысында Астананы көркейтуде ұлттық буржуазия көмекке келді.
Жарты миллиард долларға жуық жұмсалған қаржы отандық және шетелдік компаниялардың есебінен алынды. Астана – Қазақстан экономикасының локомотивіне айналды.
Елбасы астананы көшіруде көп ойланды. Тіпті, баспасөз арқылы зиялы қауымның атынан Алашқа ой тастатты. Сосын еліміздің астанасы атамыздың қанымен бірге мұра болып қалған кең-байтақ даланың ортасы – Дешті Қыпшақтың даласының ортасы болу керек деген шешімге келді.Нәтижесінде ару Есілдің жағасынан әсем қала бой көтерді. Бұрынғы шағын облыс орталығы адам танымастай өзгеріп, халықаралық форумдар өткізер орталыққа айналды. Қалаға қазақы реңк бітті, оның демографиялық кескін-келбеті толықтай өзгерді. Қазағы аз солтүстіктегі қандастарымыздың отаншылдық рухы күшейді, өз ұлтына деген мақтаныш сезімі артты. Астана арқылы Арқаға инвестиция, ғылым, білім мен мәдениеттің үлкен көші келді. Солтүстік аймақтағы өзге ұлт өкілдері тұрғылықты халықпен, яғни жер иесі – қазақтармен санасатын болды. Міне, астананы ауыстырғанда жеткен жетістіктеріміздің бірсыпырасы осылар еді. Еврейлер ертедегі Египеттің құлдығынан шығып, Таяу Шығысқа қоныс тепкенше санадағы құлдық психологияны өшіру үшін Моисей оларды 40 жыл көшіп-қондырумен болыпты. Елбасының бұл мәселені де басты назарда ұстағаны ақиқат.
Маргарет Тэтчер Елбасының Лондонда шыққан «Қазақстан жолы» кітабына жазған алғысөзінде: «Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды», деген болатын. Астана қаласының ұлттық сипатын да қоса айтып отырғаны анық. Біз таң қалып болғандаймыз. Біз үшін бәрі әдеттегідей сияқты. Елбасы бізді осыған үйретті. Бірақ осы күнделікті болып көрінетін іс-қимылда қаншама құдіреттілік жатыр. Осыны біз сеземіз бе? Әлде осылай болуы керек деп бас шұлғып жүре береміз бе? Ойланатын жағдай... Елбасының жанкешті еңбегі біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертуі, санамызды сілкінтіп, қажырлы еңбекке бастауы керек. Біз өз іс-әрекетімізге басты кейіпкер етіп Отан мүддесін қоюымыз шарт. Ол үшін жанқиярлық таза еңбек керек. Өзіңе адалдық, Отанға беріктік, тәуелсіздікке тұрақтылық. Міне, осы үш тұғырдан таймасақ, елдігіміз баянды болмақ.
Жақында Елбасы АҚШ жағының бастамашылдығымен Барак Обамамен телефон арқылы тілдесті. Екі ел басшылары Қазақстан-Америка қарым-қатынасының ахуалы, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады. Біздің Мемлекет басшымыз америкалық әріптесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын іздестіру ісіне мейлінше белсенді қатысуын өтінуі оның әркез бейбітшілікті жақтайтынын және әлемдік саяси ұстанымы мықты мәмілегер екенін айқын танытты.
Б.Обаманың Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне жұмсаған күш-жігерін жоғары бағалауы елге ғана емес, Елбасына көрсеткен ерекше құрметі. Бұл бізді марқайтты. Көңілімізге сенім ұялатты. Жүрегімізді шалқытты.
Біз Елбасының кісілік келбетін ашып, саяси тұлғалық қасиеттерін көрсетер ірілі-ұсақты қызметтерін, жасаған еңбектерін ғана атап өттік. Себебі, «әлемнің әміршісі – еңбек». Ал «еңбек – бәрін де жеңбек».
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы.
ШЫМКЕНТ.