• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2010

АҒА

1612 рет
көрсетілді

Баршаға аян, Нұрағаңмен бір әке-шешенің тәрбиесін көрген бауырлары – өзінен кейінгі інісі, бүгінде марқұм Сатыбалды, одан соң қарындасы Әнипа мен кенже інісі Болат. “Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас” деген, Елбасының анасынан кейінгі тілеулес, тілеуқор ең жақын адамдарының бірі Әнипа ӘБІШҚЫЗЫ бауыры жайында көпшілік біле бермейтін қызықты естеліктерімен қарындас көңілімен бөліскен еді. – Әнипа Әбішқызы, Нұраға он жасқа толғанда дүниеге келіп, ол кісі мектеп біті­ріп кеткенде жеті жаста екенсіз. Жеті жас­тағы баланың есінде де талай нәрсе қалса керек, балалық шағыңыздағы аға­ңыз­дың бейнесін көз алдыңызға әкеліп көріңізші. – Мен бес жасқа келгенде, аға 15-те ғой, сонда әкем қазір Болат інім тұрып жат­қан аулаға кірпіштен үй соқты. Ол кезде ұйымшылдық керемет. Ауылдың ба­лалары, ағаның жолдастары, клас­тас­тары орысы бар, қазағы бар жиналып келіп, арықтағы суды тоғандап, топыраққа ше­лек­пен су тасып, сабан шашып аралас­тырып, лайды жалаңаяқ таптап, ағаш қалыппен есіктің алдына кірпіш құйды. 3-4 күннен соң кепсін деп бір-біріне әлкес­тіріп, шошайтып жинап, үй тұрғызған­дары бар. Тағы бір есімде қалғаны, ылғи орыс­тың қыздары келіп, ағадан сабақ сұрайтын. Аға ерінбей отырып түсіндіріп жататын. Шешеміздің ісмерлігі сонша, күртеше, костюмге дейін тігетін. Аға соларды киіп, аяғында хром етік, жейдесінің жалпақ жағасын костюмінің сыртынан жіберіп қоятын. Мен мектепке барғанда аға 10-шы класты бітіріп, Теміртауға кетті де, тек жылына бір рет жазда келетін. Шамамен екінші класты бітірген көктемгі каникул кезі ғой деймін, үйдің жанындағы аласа жоталар дегдігенмен, жер аяғы кебе қой­маған. Күніге ұлдармен екі таяқтың ұшын үшкірлеп, төрт бұрыштап шұңқыр қазып, шілік ойнаймыз. Бірде ойнап жүр­генмін, біреу “Әнипа” деп дауыстады. Арты­ма қарасам, аға досымен келе жатыр. Ойын­ды тастай салып, жүгіріп алдынан шық­тым. Құшақтап бетімнен сүйді де, қолым­нан ұстап: “Әнипа, есіңде болсын, шілікті қыз бала ойнамайды, бұл ұлдар­дың ойы­ны”, деді. Міне, сол сөзден кейін шілікті де, асық ойнауды да қойғаным бар. Ал 5-ші класты бітіргенде Украина­дан аяғыма тәпішке, ақ жағасы бар ал­жап­қышымен форма әкеліп берді. Сонда­ғы қуан­ғанымды айтпаңыз. Өйткені, бірінші рет дүкеннен сатып алған форма кидім. Оған дейін апам қолдан қоңыр, қара саржадан форма, сәтеннен алжап­қыш тігіп беретін. Біздің бала кезімізде оқу бітіргендер­дің дені жан-жаққа кететін. Ол кездегі жастар өжет еді ғой. Білімнің соңынан қай жақ болса да барып, қолы жеткен оқуларына түсуге тырысатын. “Пәленше Ригадан келіп­ті” десе, соны қызық көре­міз. Ал Риганың қайда екенін білмейміз, әйтеуір жердің түбі, алыс шығар деп ойлаймыз. Қалай дегенде де, ауылдың баласының шет жаққа барып оқығаны киген киімінен, сөйлеген сөзінен, өздерін ұстағандарынан білініп тұратын. Өз қатарларына қарағанда бір саты биік, ана жақтағы көргендері мен ауылдағы өмірді салыстырып айтып отыр­ғанда ойын бала­сы болсақ та құлағымыз түрік жүре­тін. Шынын­да да, басқа елдің жерін, табиға­тын, мәдениетін, дәстүрін көрген балалар өзгеше еді. Соны біз мақтан тұтатынбыз. Аға келгенде мен де қасынан шықпай, қолынан ұстап қыдырғым кеп, ал аман­даса келген үлкен кісілердің балалары­ның басынан сипай қалса, соны қызғана­тын­мын. Мен ойлаймын, үлкенге, бауырға деген балалық сезім сол шығар деп. Зады, көп балалы отбасындағы бір үйде қатар өскен үйелмелі-сүйелмелі бала­лар­дың ұйымшылдығы білініп тұра­ды. Ал біздің отбасында ата-анамыз ағаны кеш көрген соң, арамыз алшақ – менімен – 10, Сатыбалдымен – 7, Болатпен ара­сы – 13 жас. Сөйтіп, ол кісі ертерек есейіп, ұядан ұшып кеткендіктен, тек кішкене кезімізді ғана білді, ал жетіліп өстік пе, жет­пей өстік пе, біздің өмірге де­ген талпы­нысымыз қандай болды, ол жағы ағаға беймәлімдеу шығар. Ал ағаның кезінде әке-шешеміз жас болды. Бір қызығы, ағада жас балалардағыдай өзіне тән бір керемет сәби иісі болатын. Сатыбалды марқұм: “Мың кісінің ішінен ағаңды тап десе, бас киімін иіскеп табар едім”, деп айтатын. Мектепте оқып жүр­генде Украинадан демалысқа келіп, кете­тін күні таңертең анам: “Әнипа мектепке кетіп бара жатыр, ол келгенше сен кетіп қаласың ғой”, деген соң, келіп қоштасып, бетімнен сүйіп иіскегенде, сол жұпар иісі мұрнымды жаратын. Шынында да, сол бір хош иісі өзімен бірге жаратылған ғой дей­мін. Ағаның да, менің де құлағымызда ен сияқты ине өтетіндей тесігіміз бар (көр­­сетіп еді, шынында да солай). Ал жел­ке жағындағыдай қал немерем Ақеркеде бар. – Теміртау – Нұрағаңның нағыз боз­балалық, жігіттік, сақалық жастық шағына куә қала ғой. Сол жылдары іргесін бекітіп, шаңырағын орнықтырған, тіршілік тал­қы­сында ысылған, қоғамдық ортада берік орын теуіп танылған, өмір шыңына кө­теріл­ген алтын баспалдағы болған қаладан аттап өткеніміз болмас. Нұрағаң Теміртау­да біраз жыл аялдады. Ендеше, болат қаламен сіздердің байланыстарыңыз қалай болды, қанша рет жолдарыңыз түсті? – 1961 жылы, онда мен 11 жастамын, алғаш Теміртауға әке-шешем, Болат төр­теуміз бардық. Аға ол кезде үйленген жоқ, жаңа жатақханада тұратын. Қазақстан Магниткасына жолдамамен келген ком­сомол-жастар бригадасында жұмыс істей­тін – Сатыбалды Ибрагимов, Ғабидолла, Төкен Сүлейменов, Алтай ма, Асқар ма, әйтеуір төрт жігіт бірге жатты. Біз төртеу болып бардық та, ағаның қасындағы жі­гіт­­тер орын босатып, өздері басқа бөлме­дегі балалармен жатып жүрді. Сондағы темір төсектері әлі есімде. Әкемнің онда­ғы барған шаруасы баласының қандай жұмыс істей­тінін өз көзімен көріп қайту еді. Ертесіне-ақ әкем шыдамай, ағамен бірге жұмысқа кетіп, бір ауысым қасында тұрып, бәрін байқаған ғой. Басында киіз қалпақ, қолына көсеу ұстап от көсеген баласын көргенде, ойы неше саққа жүгір­ген. Пештің ішкі жағының температурасы 2000 градусқа жетіп, от ұшқындары жар­қыл­дап жарқ-жұрқ етіп бет қаратпаған жа­лын­нан өзі де қорыққан. Ал шойын ағызу басталғанда, тіпті, есі шыққан. Бала­сының үстінен тер шүмектеп ағып, шо­йын­ның лебінен жүзі алаулап, қыза­рып кет­кен. Әсіресе, балқып жатқан болат­ты көргенде: “Ойбай, балам-ау, түнгі ауысым­да қалғып кетіп, мына от­тың ішіне түсіп кетсең, сені қайдан таба­мыз. Бүйткен жұмысың құрысын, таста. Мұндай ауыр да қауіпті жұмыстың керегі не саған?” деп кемсеңдеп жылағаны есімде. Аға болса күліп: “Бұл жұмысты өзім қала­дым емес пе, жоқ, тастай алмаймын. Оның үстіне “қазақ­тардың қолынан қой баққан­нан басқа келмейді” деп ойлайды, соны да дә­­лел­деуім керек. Аға, қорық­паңыз, құла­м­аймын да, ұйықтамаймын да”, деп айтқаны бар. Онан кейін Теміртауға бірнеше рет бардық. Екінші рет аға бізді Сара тәтемен таныстыратын болып, шешеймен бірге мен бардым. Онда Жандосов ауылындағы Намазбаев деген кісілер Теміртауда тұра­тын, сол кісінің үйіне түстік. Сөйтіп, тәтені таныстыруға әкелді. Ол кезде тәте де жас, орысша оқыған, қаланың қызы, танысуға кеудесі ашық, жолақ түсті, төмен­гі жағында үлкен екі қалтасы, үлкен түймелері бар кимоно көйлек киіп келді. Ауылда тұрып ондай ашық-шашық көй­лек­ті көрмеген шешем жақтырыңқыра­май, аздап наразы­лығын баласына біл­дір­ді. Содан ертесіне әкей самолетпен ұшып келді де: “Әлжан-ау, баланың беті­нен қақпа, сен бір күнге келесің де кетесің. Келін­мен сен тұрмайсың ғой, өзі таңдап, қалаған екен, бақытты болсын, батамыз­ды берейік”, – деді. Содан ертесіне Алпыс құданың үйіне бұрынғының жөн-жоралғысымен құда түсіп барды. Содан үйлену тойы болды. Қазақстан Магниткасы құрылғалы алғашқы үйлен­ген жастар болғандықтан, комсомол тойын жасап, аға мен тәтеге екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Тойда тәтенің ата-анасы, аға-жеңгесі, туған-туыстары, ал біз жақтан үшеуіміз ғана болдық. Есімде қалғаны той “Комсомолец” дәмханасында өтті. Комсомол­дық той болған соң тәте қысқа көйлекпен басына фата киіп отырды. Шешем келіні басына орамал салғанын қаласа, тәте салғысы келмеді. Тәтемнің Тұрсын деген жеңгесі қазір де бар: “Сара­жан, ұят бола­ды, анау үлкен кісілер отыр, орамал сал”, деп жеп-жеңіл орамал­ды басына салса, ұмыттырып барып, ақырын иығына түсіріп қояды. Ол кезде тәте жап-жас, әдемі, көз алмай қызығып қараймын. Шаш түйген мода, оған кейін шешем күлетін “бір бастан бір бас шығарған” деп. Ағалар үйленген соң да әке-шешеміз жиі барып тұрды. Сатыбалды 8-ші класты Теміртауда оқыды. Тәтенің Дариғаға аяғы ауыр кезінде Сатыбалдының аға екеуімен түскен суреті де бар. Мен де 9 кластың қысқы каникулында Теміртауда оншақты күн болып қайттым. Әкей қыста соғым апарса, күзде картошкасын мөшекке салып, пойызға отырып, ертесіне қайтып келетін. Жазда өзі өсіретін алма бағынан бізден тығып, құрты жоқ, апорттың әдемі­сін таңдап, посылканы көп салды. Қысқа дейін әкем үйде алма сақтайтын­дықтан, немерелеріне жаңа жылға қарсы тағы жіберетін. Тәтенің де ата-анасы бақуатты тұрды. Ол кісілер де соғым­дарын сойып, жастарға көмектесіп тұрды. Бір жылдан кейін алғашқы немерелері Дариға туғанда, әкей мен шешейдің қуан­ғанын айтпаңыз. Қуанышты хабарды естісі­мен немересіне жолда алып жүргенге ың­ғай­­лы болсын деп, атасы ағашты иіп, қол­дан кішкене ғана бесік жасады. Ше­шей: “Самолетпен әкелеміз ғой” десе көн­бей: “Сендер самолеттің ішінде бала­ның жаялы­ғын ашып құрғатқанда, суық тигізіп ала­сың­дар. Бесікке бөлеп әкелсек, тап-таза болып жатады, әрі ешкім бетін көрмейді” деп, ақыры болмай шешеме жабдықтарын тіккізді. Сөйтіп, Дариғаны бесікке бөлеп, самолетпен әкеліп, қыр­қы­нан Шамалғанда шы­ғарды. Оған қоса келі­нін қалжалап, сор­п­алап, моншаға түсі­ріп, әкемнің шек­пенін кигізіп, шілде терін шығарды. Жаз­дың күні онсыз да ыстық, тәте кимей­мін десе: “Жоқ, киесің, терлемесең, шілде терің шықпаса, мына бетіңдегі ноқтаң қалып қалады” деп оған қоса емшек сүтімен сүрт­кізіп жататын. “Сорпа ішпеймін” десе: “Жоқ, ішесің, ішіңдегі желің кетеді. Буын-буының, тісің­нің түбі бекіген жоқ, аузыңды жауып жүр, жел кірмесін”, деп көрген-білгенін жасап, келінін де күтті. Сол кезде Сара тәтенің сессиясы басталатын болды ма, әйтеуір қырқынан шығарған соң, бала­ны алып қалды. Ал тәте: “Қалай болады екен, тым кішкентай ғой”, деп Дариғаны қимай жылағаны есімде. Сөйтіп, ай сайын Дари­ғаны суретке түсіріп, поштамен жіберіп отырдық. Дариғаның бір жасында плюш пальтомен қаз тұрған суреті болатын. Содан немерелері 1-ші класты бітіргенше ауылда атасы мен апасының қасында жүрді. Дариға өте жақсы оқыды, тәте болса: “Ата, сіз барып мұғалімдерге айтып немереңізге “бес” қойдырып жүрсіз”, деп сенбейтін. Кейін Дариға жақсы оқитынын дәлелдеді. Әрине, немеренің алды болған соң өте еркелетіп өсірді. Қарағандыға барған соң аға мен тәтенің тәрбиесіне шыдамай Дариға хат жазатын көрінеді. “Апа, мыналар мені бұрышқа тұрғызды, көп жұмсай береді...” деп. Содан шешем қолын­дағы Болаттың келіншегі Гүлжанға хат жаздырады. “Сұл­тан, Сара. Менің балам­ды неге жұмсайсың­дар...” деген сияқ­ты ұрсып, соңынан “айтқан Әлжан, жазған Гүлжан” деп, өзі апарып поштаға салатын көрінеді. Анам айтатын: “Бәрің­нің бір-бір балаларыңды бағып беремін, ал екіншілерін өздерің үшін туыңдар” деп. Алла тағала ниетін қабыл алып, ағаның Дариғасын, Сатыбалдының Қайратын, менен Эльмираны, Болаттан Гүлмираны қойнына салып, бағып берді. – Баяғыда жаугершілік заманда бір әйел жаны олжа болып, соншама қырғын­­нан аман қалады. Жалма-жан тұрып, жақындарын іздей бастағанда, оқ тиіп ыңыранып жатқан күйеуін, босағада жылап отырған баласын, үй айнала бере жаралан­ған бауырын көреді. Қайта шапқан жау жаман деген, бір кезде қыр астынан атой­лап шауып келе жатқан жаудың дауысын естиді. Әйел амал іздеп, жан-жағына қараса, осқырынып ауыздықпен алысып тұрған ерттеулі атты байқайды. Ең болмаса біреуін артыма мінгестіріп әкетсем, аман қалар деген ой келеді. Бірақ, қайсысын – үшеуі де қимайтын ет жақындары. Уақыт аз, қалайда бір шешімге келуі керек. Сонда “Алла тағала өмір берсе бай табылар, бала да берер, ал бірге туған, артымнан іздеп-сұрай­тын бауырды қайдан табармын” деп шырылдап жатқан баласына, қиылып қараған күйеуіне қарамай, бауырын қолынан тартып мінгестіріп, шаба жөнелген екен. Басқа халықты білмеймін, қазақтың әйелдері өте бауырмал. Оны өмір көрсетіп те жүр. Әни­па тәте, өзіңіз де біраз жасқа келдіңіз, та­лай өмірді көрген ана, әжесіз. Ендеше, қарын­дас ретінде ағаңыз жайында бүгін не айтар едіңіз. Сіздің көзіңізбен ол кісі қандай адам? – Дүниеге аяқ-қолың бүтін, дені-қар­ның сау болып туғаның үшін, алдымен Алла­ға шүкіршілік ету, екіншіден, “тұм­сық­тыға шоқыттырмай, қанаттыға қақ­тыр­май”, кемтар етіп өсірмей, дұрыс тәр­бие беріп, осындай дәрежеге жеткізген ата-анаға рахмет айтуымыз керек шығар. Бір отба­сындағы баланың бәрінің бірдей болуы мүмкін емес. Әр адамның тағдыры әртүрлі болатыны секілді, отбасындағы әр баланікі де әр қалай. Мен ойлаймын, аға біздің ара­мызда Алланың нұры жауған, Жарат­қан­ның шын сүйген құлы. Сондық­тан да, жара­тылысы ерекше жаралған жан. Ол кісіден үйренетін қасиеттер көп: адамгер­ші­лігі, ұстамдылығы, шешендігі, көсем­дігі, энциклопедиялық білімі, т.б. қасиеттері толып жатыр. Ең бастысы, көп оқығаны өз алдына, соны тоқып, терең ұғынып, өзін жан-жақты дамыта, өзін-өзі тәрбиелей білген адам. Кейде теледидар­дан көзінің алды ісініп, шаршап жүргені білініп тұрады, кейде аудиторияда сөйле­ген кезде көзі отша жанып, жалындап, жігер­леніп кетеді. Сөйлегенде де қара­пайым, түсінікті тілмен, әрі дәлелді, зер­деңе қонатындай етіп жет­кізеді. Ал ондай адам кемде-кем шығар. Аға мен тәтеге ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін әке орнына – әке, шеше орнына – шеше, аға орнына аға болуға тура келді. Бұғанға дейін әрқайсымыз әр түрлі талаппен жүрдік те, жолдарымыз әртүрлі болды. Құдайға тәубе, жаман жолға түспедік, қатардан кем қалма­дық. Бірінші Алланың, екінші халықтың қолдау-сенімімен аға Президент болып сайланды. Біздің ағаны меншіктеуге қақымыз жоқ. Аға халықтың, елдің адамы. Артында жалғыз қазақ емес, қаншама ұлт тұр. Ал бірге туған бауырлары үшін ол кісі – мақтаныш, мерей, мият. Мәскеулік телеарнадан келіп, ағаның 70 жылдық мерейжасына орай 40 минөт­тік фильм түсіріп жатыр едік деп, сұхбат алды. Сонда: “Сіз бауырыңызды жақсы көресіз бе?” деп, сондай да сауал қойды. “Қандай адам бауырын жек көреді” деп көңілім босасын. Адам туысты таңдамай­ды, оны Алла тағала бермей ме? Сондық­тан Болат­қа: “Қандай болмасын дүниеге бауыр екі оралып келмейді” дегенім бар. Алла тағала маңдайыма үш бауыр жазып­ты, оларға да мен сияқты, жақсы, жаман болайын, біріне қарындас, біріне әпке берді. Ол кісілер мені, мен ол кісілерді таңдамадым. Ал осын­дай аға, осындай бауыр – бізге құдайдың берген сыйы. – Үлкен кісілер баласының атқа мінге­нін, қызығын көре алды ма? – 1971 жылы әкей қайтыс болғанда аға қалалық партия комитетінде, 1977 жылы шешей қайтқанда Қарағандыда партияда екінші хатшы еді. Шешейді аға Қараған­дыдағы дәрігерден дәрігер қоймай қарат­қанымен, жазылмайтын дерт болған соң, ұшақпен ауылға әкелдік. Көктемде қайтыс болды. Дегенмен, анамыз баласы­ның қы­зы­ғының шет жағасын көрді. Аға жаңадан көтеріліп, съездерге делегат бо­лып жүрген­де газеттегі фамилиясының астын сыздыр­тып қоятын. Сосын көрші­лерін шақырып, “Сұлтаным газетке шы­ғып­ты” деп, шай беретін. Ол кезде деле­гат­­тар­дың суретін газетке жариялайды, жыпырлаған адамның ішінен ағаны айнытпай табатын­быз. Ал баласына барса, шамаданын тол­тырып артынып-тартынып келеді. Сұл­танымның арқасы деп, ол кез­де жұрттың бәрінің қолы жете бер­мейтін қытайдың жеңіл тонын жарқыратып киіп шығатын. – Анаңыз баласы Нұрағаң жайында не айтатын еді? Кейде ата-аналар да бала­ларын бағалап, бір-бірімен салыстырып жататын еді ғой... – Ағаның біздің отбасында орны ерек­ше бөлек-тін. Өйткені, оңды-сол­дарын танып, бірнеше жыл отасып, зары­ғып жүріп көрген перзенттері болған соң да әкеміздің де, анамыздың жандары сол баласының үстінде еді. Өзектері талып зор­ға жеткендегі балалары олардың ана­лық, әкелік сана-сезімдерін оятты. Бір өкініштісі, соншама бейнет көріп, жылап-сықтап, Райымбек бабаның басына барып құлшылық етіп, Алладан жалбарынып сұрап, ата-анасының соншалықты сүйіс­пен­шілігінен жаралған балаларының осындай дәрежеге жеткенін бір күн болса да, бір сағат болса да көре алмай арманда кетуі. Бұл жақсылықты тәтенің анасы көріп кетті. Оған да шүкіршілік. – Әнипа Әбішқызы, Президенттің қарындасы болу оңай ма? Бір жағынан ол да мәртебе емес пе?.. – Президенттің қарындасы болу – бір жағынан, мақтаныш, екіншіден, жауапкершілік, басқа жақтары да бар. Туған қарындасы, бауырына қарап, ағаға да баға беріп жатады. Мен ойлаймын, адамның өзіне бір ұстамдылық керек. Мәр­тебесі өз алдына, бірнеше миллион­даған халықтың ішінен біздің отбасына назары ауып отырғаны, тағы да айтамын, алдымен Алла тағаланың ісі. Екіншіден, мәңгілік адам жоқ, мәңгілік Президент жоқ. Егер ағамыз осындай адам деп, жұрт­­ты менсінбей, біреудің есігін теуіп ашып, дөрекі сөйлесек, онда біздің кім бол­ғанымыз, адамгершілігіміз қайда? Ең бастысы ­– Пре­зи­дент біз емес, аға ғой. Прези­дент­­тің отбасы – ол кісінің зайыбы, бала­лары, немерелері. Біз туыстары, ол кісіге жақын ғана адамдармыз. Бізді қара шал мен қара кемпірден жаралып, бір құрсақта жатып, бір емшекті емген, бір нанды бөліп жеген, бір тәрбиені көрген, сол от­­басынан шық­қан деп ағаның құрметіне сый­лауы мүм­кін. Ондай сыйға рахмет. Біздің бар мін­деті­міз – ұятқа, сөзге қал­дырмай, ертең ағаның бетіне біз де тура қарауымыз керек. Одан басқа бізде еш­қан­дай мақсат жоқ. Ал маңдайыңа жазылған өмірді адам сияқты дұрыс сүру – әр адамның парызы. Бұл жерде айта кетерім, ең бастысы, ата-анамыз бізге дұрыс тәрбие берді. Әке­міз айтатын: “Кеуделі, көкіректі бол­маңдар, қашан өздеріңе өздерің келіп, бір нәрсеге қолдарын жеткенде барып, оның үстіне көрсететін және көрсетпейтін жері бар. Менменшіл болмаңдар”, дейтін. Бо­лат­­­ты алып қараңыз, аңқылдаған, жү­регі ақ, адамға бір жаманшылық іс­тейін деп ойламайды, қолынан келсе көмектесіп, қолұшын беріп жатқаны. Өзі­­міздің мінезімізге, істеген қылығы­мыз­ға қарай Алла тағаланың да көзі түзу шығар деп ойлаймын. Өйткені, қара­пайым халық не ішіп-жесе, біз соны ішіп-жеп жатыр­мыз. Олар жұмыс істесе, біз де жұмыс іс­теп жатырмыз. Біздікі де елдің жасап жат­қан жұмысы. Олардан сонша­лық­ты артық тұрып, керемет болып жатқан жеріміз жоқ. Егер менің бауырларымда болса, мен де сыртта қалмаймын. Бұл – өзімнің қағи­дам. Жоқтан гөрі, не нәрсенің болса да бары жақсы. Бауырдың болғаны жақ­сы. Қанша айтқанмен бір бүйрек тар­тып тұрады. Ал қыздың бауырма­шылдығы ана­ның сүтімен беріледі. Алла тағала қыз баланы ер балаға қарағанда болашақ жар, ана, біреуге апа, біреуге қарындас, біреуге әже, жеңге, қайынсіңлі болатындай бауыр­мал қасиеттерімен табиғатында бірге жаратса керек. – Ағаңызбен жиі кездесесіздер ме? – Жиі, дамыл-дамыл кездесеміз деп ай­та алмаймын. Ол кісінің уақыты бол­ған­да кездесіп, орайы келгенде өзі теле­фон соғып: “Не жағдай, денсаулығың қалай?” деп хабарласады. Тәте де телефон шалып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Соған ризамыз. Кейде бір жағдай бола қалса да, ағаға айтпауға тырысамыз. Өйт­кені, ол кісінің бізсіз де шешетін мәселесі жетіп-артылады. – Ал ағаңыздың бауырмалдығы қалай? – Осыдан 4-5 жыл бұрын осы сөзді ағаның өзіне де айтқаным бар. Әкеміз қай­тыс болғанда шешеміздің арқасында ол кісінің жоғы білінбеді. Ал анамыз қайт­қанда мен – 26, Болат – 23, Саты­бал­ды – 30 жаста. Анамызды жер қой­нына беріп, елдің бәрі тарқаған соң аға, тәте, Сатыбал­ды, Света, мен, Болат пен Гүлжан – төрт көзіміз түгел отырғанда айтқан сөзі әлі күн­ге есімде. “Бұл дүниеге адам болып келіп, өсіп, үйленіп, бала сүй­дің­дер ме, енді ары қарай өз күндеріңді өздерің көрулерің, от­бастарыңды өздерің арқалауларың керек. Сендерге материал­дық көмек бермеймін, бірақ моральдық жағынан қашанда қол­даймын”, деді. “Енді сендерде әке де, шеше де жоқ, он екі мүше­лерің сау, өмірге өз­дерің талпынып, тырмысыңдар” деп бізді қамшылағаны екен. Бұл сөзді негізінен інілеріне қара­тып айтса керек. Өйткені, мені алты ай­дан кейін Қарағандыға көшіріп әкетті. Екі айдан кейін қызметі жоғарылап, Алматыға кетті. Ал мен сол қалғаннан 20 жылда осы жаққа әрең жеттім. Жұмысқа тұрып, жатақ­ханадан бастап, ол кезде өкіметтің заңы қатал, бір бөлмелі пәтер алдым. Өмірде бос болмай, ел қатарлы тырысып өмір сүріп, бала сүйіп, оны оқытып жет­кізуде, немере сүюде өз басыма ағаның сон­дағы айтқан сөзі үлкен сабақ болды. Саты­балды көлік апатынан қайтыс болғанда, баласы Қайрат қатты жылап күйзелгенде аға: “Жылама, Қайрат, мен саған әке бо­ла­мын”, деген еді. Аға сол сөзінде тұрып, әкелік парызын өтеді, жеңгеміз Света да, Қайрат та, Сатыбалдының аруағы да риза. – Жақсы жеңге де шешенің орнын алмастырып жатады емес пе? Жеңге­леріңізбен қалайсыз? – Жеңгенің де жеңгесі болады. Сен біреудің тәрбиесі бөлек отбасына бара­сың. Соларға кірігіп, сол үйдің бала­лары­на бас-көз болуың керек. Яғни, жеңге бола білуің де керек. Көре алатын жеңге, көре алмай­тын жеңге деген бар. Жеңге жақ­сы болса, қайынсіңлі де жақсыға қарай тартылады. Кім өзін “айналайын қарағым” деп басы­нан сипап отырса, төсіне шауып теппейді ғой. Құдайға тәубе, екі жеңгеміз бар. Әр­қайсысының өз орны, өз жөні бар. Адам­ның жаманы болмайды, өзің жақсы бо­лып, тіл табыса, жақындаса білсең. Ше­шем: “Әй, қыз, тыныш кел де тыныш кет. Шыққан қыз шиден тысқары, бұл үйге келген келін – менің адамым” деп отыра­тын. Бет жыртысып ұрсысып, бірімізге біріміз жаман сөз айтқан жеріміз жоқ. Екі жеңгеме де рахмет, ағаларыма аналарынан кейінгі жақын адамдар солар. Ер-азамат­тың атқа мініп жүргені үйіндегі берекеге, тілеуін тілейтін зайыбына да көп байла­ныс­ты. Сол үшін Сара тәтеге рах­мет. Света жеңгем Саты­балдының атын да, түтінін де өшір­мей, өзі болмаса да көзін­дей артынан ерген екі ұлды жақсы тәр­биелеп, азамат етіп өсірді. Ол кісіге де ал­ғы­сымыз шексіз. Құдай берген бір келі­нім бар. Болаттың үйін­дегі Гүлжан бүгінде қарашаңырақта анамның ор­нында отыр. Салмақты, сали­қалы, біртоға жан. Болат­тың барына да, жоғына да шыдап, бүгінде 6-7 немере сүйіп отырған аяулы әже. – Әнипа Әбішқызы, үш ұлдың ортасында бір тал қыз болып өсіпсіз, өзіңіз де ерке болған шығарсыз... – Әкем екі көзінен айырылғанша 8-ші класқа дейін еркекшора болып өстім. Кө­бі­несе әкемнің қасында жүргенімнің пай­дасы көп тиді. Өйткені, Сатыбалды әскер­ге кетті. Болат апа-атасының қолын­да өсіп, біздің үйге көп қарамайтын. Шешей ауру, екеуінің ортасында жүремін. Біресе, малдың астын тазалайсың, шөбін сала­сың, суара­сың, біресе есіктің алды­ның қарын күрей­сің. Таңертең тұрып мек­тепке кетердің ал­дында шайын жасап, тамағын дайындап қоямын. Қыз баланың еркелігі тұрмысқа шыққанша ғой, одан ана, одан әже болдық. Енді балалар саған еркелейді. – Өзіңіздің мамандығыңыз қандай? Қазір не істейсіз? Қанша немереңіз бар? – Есепшімін, көпшілігінде есеп-қисап жағында жұмыс істедім. Қарағандыдағы кондитер фабрикасында, ет комби­натын­да, австрия-венгриялық өндіріс орнында қызмет істедім. Қазір кәсіпкермін. Бетіне қарап отырған Эльмирам мен Азаматым – заң қызметкерлері, олардан Ақерке, Азел, Алуа деген үш немерем өсіп келеді. – Байқаймын, өзіңіз де қара жаяу емессіз. Екі тілге бірдейсіз. Кейде сөйлегенде шешен болып кетесіз... Осы қасиеттер кімнен дарыған? – Ата-анамның екеуінен де көп үй­рен­дім. Шешеміз адуынды кісі еді. Азда­ған суырып салма ақындығы, әншілігі, әзіл-қалжыңға жақындығы бар. Содан да шығар, әкеміз шешеміздің айтқанын екі етпей істейтін. “Шешелерің айтса, дұрыс айтады” деп соны орындататын. Ауыл қариялары, әйелдері, ер-азаматтар болса да шешеміздің айтқан сөзінен аспайтын. Шешемсіз ауылдың бір тойы, не асы өтпеген. Өйткені, ол кісі сөз салса сөзін, жөн салса жөнін өткізетін, қолынан да, аузынан да келетін, өзін сыйлата да, кісіні сыйлай да білетін. “Ағаларың оқыса, аға­ларың өссе, сендер де жерде қалмайсың­дар, сендерге де көмектеседі” деп отыра­тын жарықтық. Сол сөзі рас болды. – Әнипа Әбішқызы, әркімнің маң­дайына Нұрағаңдай бауырды жаза бермесі хақ. Меніңше, сіз бауырыңызды сағынбай­тын шығарсыз. Өйткені, Нұрағаңды күнде теледидардан көріп, газет-журналдардан оқып тұрасыз ғой... – Аға Қайратты бір көргенде: “Әни­паның жасы ұлғайған сайын анамнан аумай бара жатыр” деп айтыпты. Менің де аға мен тәтенің бір-біріне жарасымды қалжыңдарын, отыра қалып қосылып ән салғандарын естігенде, ата-анам көз алды­ма келеді. Сұрағыңыз қызық екен, теле­ди­дардан көргенде амандығын көріп, “қыз тілеуі – Қыдыр тілеуі” дейді, тілеуін тілей­мін. Болмаса қауышып, дидарын көріп, өткенді еске алып отырғанға не жетсін. Сағынбайсыз ба дейсіз, әрине, сағынамын. Сағынғанда қандай? Әсіресе, ағаның домбыра шертіп, қоңыр дауыспен ән салғанын, шын ниетімен ақ жары­латын жарқын күлкісін “ажарлы күлкі” деймін, сол күлкісін сағынамын... – Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, ағаңызға қандай тілек айтқан болар едіңіз? – Бірінші байлық – денсаулық, Алла тағала ғұмырын ұзақ қылсын. Елім, хал­қым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, жас­тар өссе, Қазақстаным гүлденсе деген ниетін Алла тағала қабыл етсін. Бұл кісіні таныған, танымаған елі бар, орысы, қазағы, қаншама өзге ұлт бар, солардың ағаға деген көз­қарас­тары, ниеттері түзу болса деймін. Бүтін бір ұлт, ел-жұрт беті­не қарап отырған соң алдына қойған мақсаттарына жетсін. Бас аман, бауыры бүтін болсын. Отбасында барлығы дұрыс болып, ол кісі де абзал әке, аяулы ата – бала­лары, немерелерінің қызы­ғын, рақа­тын көруге жазсын. Ал біздің сый­лы­ғымыз – ол кісінің атына кір кел­тірмей, дұрыс жүріп-тұрғанымыз. “Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар” деген, жағам жайлауда болып, тыны­­сым тарылмасын... – Әңгімеңізге үлкен рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.