• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Инвестициялар және даму министрі Қостанай кәсіпорындарын аралады

306 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 18 ақпан. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Қостанай облысында болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты аралады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ол алдымен Қостанай қаласындағы «ЕвразКаспианСталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Баян сұлу» акционерлік қоғамында болды. Бұл кәсіпорынның алғашқысы Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығындағы ірі инвестициялық жоба болатын. Ол құрылысқа қажетті белтемір шығарады, оның өнімі елімізді толық қамтамасыз етіп, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларына да артылады. Биыл зауыт 365 мың тонна белтемір шығаруды жоспарлап отыр. Ең бастысы мұнда 256 адам жұмыс орнын тапты. Ал «Баян сұлу» кондитер фабрикасы облыстағы экспорттаушы кәсіпорынның бірі. Министр сапарының екінші күні Рудный қаласында болып, «Лидер-2010» сүт зауытын және Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің металилек зауытын аралады. «Лидер-2010» сүт зауыты бұл күнде кәсіпорынның қуатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізіп отыр. Оның өнімдері Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіледі, сонымен қатар көрші Ресейдің оншақты аймағына шығарылады. Үстіміздегі жылдың маусым айында үшінші корпус пайдалануға берілген соң, зауыт сүт өнімдерінің елуге жуық түрін тұтынушыға ұсынады. Ал металлилек зауыты да дағдарысқа қарсы жұмыс істеп отырған жобаның бірі. Мұнда негізінен Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің қажеті үшін металлилек өндіріледі. Алайда, оның он бес пайызы сыртқа шығарылады. Зауытта 500 адам еңбек етеді. Металл илектеу өндірісінің өнімділігі қазір 6 мың тоннадан артық ұлғайды. Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов: «Министр Әсет Исекешев дағдарыс кезінде өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын өз көзімен көріп, жоспарларымен танысты. Сонымен қатар, мәжіліс өткізіп, онда кәсіпорындарға көмек үшін Үкімет тарапынан қандай жұмыстар жасалып жатқанын түсіндірді», деді. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың 2014 жылғы экономикалық-әлеуметтік даму қорытындылары мен 2015 жылға арналған негізгі міндеттері туралы жұртшылық алдындағы есеп беру жиынына қатысты. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.