• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2015

Машина жасаушылар бас қосты

356 рет
көрсетілді

Кеше елордада «ҚМЖО» басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың төрағалығымен «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне қатысушылар мен Парламент Мәжілісінің депутаты бас қосқан отырыс өтті. Онда күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер кеңінен талқыланып, ұйымның ішкі жағдайларына түзетулер енгізілді. Одақ қызметіне түзетулер енгізу қажеттігі ел заңна­ма­сындағы өзгерістер мен Қазақ­станның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі барысында туын­дап, бұл ретте машина жасау кәсіпорындары үшін жаңа мүм­кіндіктерге жол ашылды. «Бүгінгі басқосудың мақсаты – машина жасау саласының функциялары  «Ұлттық кәсіпкерлер па­латасы туралы» Заңына сәйкес олар­дан Қазақстанның машина жасаушылар одағына өтуіне айланысты болып отыр, деген М.Пішембаев бүгінде  ірі-ша­ғын кәсіпорындар қамтылған бүкіл машина жасау саласын, Қазақ­станның барлық бизнес қауым­дастығын нығайту үшін ережелерге бірқатар өзгерістер енгізу қа­жет­тігін атап өтті.  Оның айтуы бойынша, 1500-ден астам кәсіп­орынның ішінде 30 пайызы – шағын және орта бизнес саласы болғандықтан, ірі машина жасау кәсіпорындарының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту мен оған қолдау көрсету мүмкіндігін тудыруға басымдық берілу қажет. Қазіргі таңда алда Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының екінші бес­жылдығы аясында машина жасау саласын одан әрі дамыту, оны жақсы деңгейде жетіл­діре түсу мәселесі тұр, деді М.Пішембаев. Бұл ретте ДСҰ-ға кірудің  Қазақстанның экономи­калық өрлеуі, жаңғыруы мен бә­секеге қабілеттілігі үшін маңызды қадамдардың бірі болып табылатындығы және  еліміздің  халықаралық стандарттарға сай  болуы қажеттігі айтылды. «Ал машина жасау саласының қарқынды дамуы мемлекет үшін тиімділігін көрсетіп келеді. Сол себепті, аталған саланы дұрыс және жоғары дәрежеде дамыта түсуге басымдық беруіміз тиіс», дей отырып, М.Пішембаев тау-кен, транспорт саласынан бөлек тағы да мұнай-газ бен инновация мәселелеріне, сондай-ақ, ауылшаруашылық машина жасау ісіне де назар аудар қажеттігіне тоқ­талды. Бұл орайда осыған қа­тыс­ты құрал-саймандар шыға­ра­тын, ет өңдейтін зауыттар салынуы керек екендігін жеткізді. Оның айтуы бойынша, мал азығын дайындайтын кіші зауыттар өзімізде де салынып, импортты азайтуға көңіл бөлінуі қажет. Индустрияландыру бағдар­ла­масының екінші толқынында ескеретін жайт та осы екендігіне назар аудара отырып, шағын және орта бизнесті жолға қою керектігі айтылды. Қазақстанның машина жасаушылар одағы қатысушыларының жалпы жиналысының барысында ұйым жарғысындағы қосымшалар мен өзгерістер қарастырылып, үйлестіру және бақылау кеңестерінің, басқарма және ревизиялық комиссияның құрамы анықталды. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».