Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин мен ENRC PLC компаниясының бас атқарушы директоры Феликс Вулис аймақтағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісілген серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл кездесуге ENRC PLC компаниясының бас атқарушы директорының кеңесшісі Ибрагим Еділбаев пен “ССКӨБ” АҚ президенті Мұхамеджан Турдахунов қатынасты. Меморандум бойынша 1 миллиард 164 мың теңге Рудный қаласы мен Қашар поселкесіндегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Сонымен қатар, меморандум шеңберінде жұмысшылар жатақханасын салу, көп қабатты үй құрылысын бітіру, облыстық шайбалы хоккей федерациясына демеушілік көмек беру ісі де қарастырылған.
Әлеуметтік нысандарды қаржыландыруды “ENRC Көмек” корпоративтік қоры мен ENRC құрамына кіретін “Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі” АҚ жүзеге асырады.
– Меморандумда көрсетілген жобаларда қаланы абаттандыруға, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортқа басымдық беріп отырмыз. Жыл сайынғы жобалардың іске асуы аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына елеулі көмек көрсетеді,– деді Феликс Вулис кездесуде. Қонақтар кездесуден кейін “ССКӨБ” АҚ өндіріс алаңында болып, Металл илектеу зауытының құрылысы мен Соколов кенішінің болашағына назар аударды. Соңғы кен барлау жұмыстарының нәтижесінде бұл кеніштің әлі де мол қоры бар екені анықталып отыр. Кеніште кен аршылса, қалада салынатын тұрғын үйлер, өзге де әлеуметтік құрылыстар қатары артады. Меморандум тек кеншілер қаласының ғана емес, өңірдің гүлденуіне кепіл келісім болмақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
РУДНЫЙ.