• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Тамыз, 2015

Әлем жаңалықтары

1331 рет
көрсетілді

Кемелер үшін жаңа канал іске қосылды Египет президенті Абдель Фаттах ас-Сиси Суец каналында кемелер үшін жаңа канал ашылғандығы туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі хабарлады. Канал арқылы алғашқы кеме жүзіп өткен. Каналдың ашылу салтанатына Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев, Франция президенті Франсуа Олланд, Иордания королі Абдалла II, сондай-ақ, бірқатар арабиялық және африкалық мемлекеттердің өкілдері қатысқан. Осы салтанатқа байланысты Египетте 6 тамыз демалыс күні деп жарияланды. Аталған құрылыс жобасына қатысты Египет үкіметі мен халықаралық компаниялар арасындағы келісім өткен жылдың қазанында бекітілген болатын. Жобаның жалпы құны 8 миллиард долларға бағаланып отыр. Жаңа каналдың пайдалануға берілуі ел экономикасын қайта қалпына келтіруге айтарлықтай демеу болмақ. Аралға авиацияны аттандырды Франция өткен жылдың 8 наурызында радар экранынан ғайып болған «Боинг-777» жолаушылар ұшағының сынықтарын іздестіру үшін Реюньон аралына қарай авиация мен кемелерді аттандырды. Бұл туралы Францияның қорғаныс, көлік және теңіз аумақтары министрліктері мәлімдеген. Жоғалған ұшақты іздестіру жұмысы кеше басталды. Операцияға тікұшақтар, теңіз кемелері, сондай-ақ, жаяу патрульдер тартылған. Реюньон аралы Францияның аумағына кіреді, ол Үнді мұхитында орналасқан. 5 тамызда Малайзия тарапы осы аралда жоғалған лайнердің сынықтары табылғанын растады. Кейбіреулер ұшақтың сынықтары осыдан үш ай бұрын табылғанын айтады.   Жойқын жарылыстар тыйылар емес Ауғанстан астанасы – Кабулда автомобильге қойылған жарылғыш заттың іске қосылуынан 8 адам мерт болып, 200-ге жуық адам жараланған. Кабул полициясының басшысы Абдул Рахман Рахимидің хабардар етуінше, қаза тапқандар қатары өсе түсуі мүмкін. Себебі, жарылыс салдарынан қираған ғимараттың үйінділерін аршу жұмыстары енді қолға алынған. Жарылыс Кабул орталығындағы тұрғындар қалың қоныстанған ауданда болған. Бұл маңайда, сондай-ақ, әскери бөлім орналасқан екен. Қазіргі кезде террорлық әрекет жауапкершілігін ешқандай ұйым мойындарына ала қойған жоқ.   Батыстың басқыншылығына қарсылық білдірді Тунистің премьер-министрі Хабиб Эссид батыстың Ливияға кез келген басқыншылық әрекеттеріне қарсы екенін мәлімдеді. «Біз Ливиядағы қазіргі қалыптасқан қиын жағдайды 2011 жылғы басқын­шылықтың салдары деп есептейміз», – депті ол. Сонымен қатар, премьер-министр берген сұхбатында терроризммен күресте Батыс елдерінен көмек сұраған. «Терроризм – ұлттық проблема емес, онда шекара жоқ. Терроризммен күресте Туниске көрсетілген көмек, олардың өздерін қорғауға жасалған көмек болып табылады», – деп түсіндірген ол. Премьердің сөзіне қарағанда, Тунистің курорттарында террорлық әрекеттер жасауы мүмкін деген күдікпен 150 адам тұтқындалған. Олардың 15-іне терроризмге байланысты айып тағылыпты. Сириялық арнайы қызмет өкілдері Мәскеуге келді «Интерфакс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша құрамында әскери және қауіпсіздік жөніндегі сириялық мамандар бар делегация Мәскеуге келген. Сирияның Ресей Федерациясындағы елшілігі өкілінің мәлім етуінше, алты адамнан тұратын сириялық делегация Мәскеуге келді. Олар ресейліктермен терроризмге қарсы күресу мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ, дипломат сапар аясындағы кездесуді кімдер жоспарлағанын, оның мақсаты қандай екені туралы ақпаратты жария етуге өзінің құқығы жоқ екенін атап өткен. Ал ресейлік дерек көздері Ресей мен Сирия терроризммен күрес мәселелерінде тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқандарын келтіреді.   Экстремизмді насихаттаған материалдарды әкелгені үшін... Өзбекстан соты Наманған қаласының тұрғынына қатысты үкім шығарды. Ол контрабандалық жолмен Ресейден діни экстремизмді насихаттайтын материалдарды әкелгені үшін тұтқындалған. Аты-жөні көрсетілмеген ол осы қылмыстық әрекеті үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Санкт-Петербургтен ұшып келген ол Әндіжан қаласының әуежайында ұсталыпты.Кеден қызметкерлері оның багажынан діни мазмұндағы бір мыңнан астам аудио және бейнематериалдарды тапқан. Жүргізілген сараптама «Өзбекстан ислам қозғалысы» экстремистік ұйымы дайындаған лекциялар, сондай-ақ, «Ислам мемлекетін» мақтаған әндер екендігін көрсеткен. Интернет материалдары негізінде әзірленді.