Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективасын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік әріптесіне Қазақстанның елордасы – Астана күніне байланысты салтанатқа тікелей қатысуға келгендігі үшін ризашылығын білдірді. Қазақстанда Елорда күніне байланысты қазақстандықтардың қуанышын өздерімен бірге ең сенімді және шынайы достары атап өтетінін бағалайды.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынас сындарлы дамуда. Қазақстанда Ресейдің көмегімен жобалық жалпы құны 700 миллион долларды құрайтын Екібастұз ГРЭС-2-ні қайта құрылымдау жоспарлануда. Атом энергетикасындағы ынтымақтастық та дамуда, Қазақстанда ресейлік технология бойынша бірлескен кәсіпорын құру, сондай-ақ АЭС құрылысы жоспарланған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тараптар сондай-ақ биылғы жылы күзде өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастығының дәстүрлі Форумы аясындағы алдағы кездесулерге әзірлік барысын талқылады.
Кездесудің қорытындысы бойынша “Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергия блогын орната отырып, кеңейту және қайта құрылымдау” жобасын қаржыландыру үшін несиелік келісімге қол қойылды.
* * *
Ақордада еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесу өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екі мемлекеттің басшылары екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Беларусь Қазақстан үшін маңызды әріптестің бірі болып табылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың жақсаратынына, сондай-ақ бірлескен индустриялық жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
* * *
Ақордада еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Королі Абдалла ибн Хусейнмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынастарды дамытудың жай-күйі мен перспективасын, сондай-ақ бірлескен экономикалық өзара іс-қимылды талқылады.
* * *
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаевамен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Р.Отунбаеваны өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының Президенті қызметіне сайлануымен және елдің жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады.
Екі елдің Президенттері қос мемлекет арасындағы екі жақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының Президентіне жаңа қызметінде табыстар, ал бауырлас қырғыз халқына тыныштық, тұрақтылық пен өркенділік тіледі.