• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2010

ЖАҢА...

487 рет
көрсетілді

...мешітте Нұрсұлтан бөбектің тұсауы кесілді Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында бір мезгілде 500 адам мі­нә­жат ететін жаңа мешіт ашылды. Аталған шараға Қазақстан мұсыл­ман­­дары діни басқармасының төр­аға­сы, Бас мүфти, шеих Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, Ислам дінінің қағидаттарын уағыздады, Ислам дінінің басты бағыты – ұлтқа, нәсілге бөлінбей, бірлік пен ынтымақта болып, өзара достықты берік ұстану екендігін ортаға салды.Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қалауы мен саясаты да осы. Демек, ортақ шаңырақтағы осы құндылықтардан айнымайық деген ниетпен бата берді. Жұртшылық бесін намазынан соң бір жасқа келген Нұрсұлтан бө­бектің тұсауын кесіп, ақ жол тіледі. Кішкентай бөбек апыл-тапыл басып, алғашқы қадамын Алла үйінің ақ табалдырығынан бастады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ...диірмен кешені ашылды Қостанай қаласының іргесінде ашылған “Алтын май” диірмен ке­шені – облыста биыл жүзеге асатын 11 инвестициялық жобаның алғаш­қысы. Мұнда орнатылған шетелдік жабдық тәулігіне 300 тонна бидай тарта алады. Кәсіпорын жүзден аса адамға жұмыс орнын ұсынып отыр. Диірмен кешенін салу 1 миллиард 300 миллион теңгеге түсті. Бұл – облыстың ауыл шаруашылығы сала­сындағы инвестициялық жобаларға бөлінген ең көлемді қаржы. Жоғары сапалы ұн өндіретін диірмен облыс экономикасына сер­пін береді. Ал оның өнімі экспортқа шығарылатын болады. Кешенде, сонымен қатар, зығыр майы да өнді­ріледі. Ол ел рыногындағы отандық тауарлардың үлесін арттырмақ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ. ...пошта байланысы қызмет көрсетеді Чкалов ауылында пошта байла­ны­сының жаңа ғимараты бой көтер­­ді. Ол Үкіметтің 2004-2010 жыл­дарға арналған ауылдық ау­мақ­тарды дамыту бағдарламасы бой­ын­ша жү­зеге асырылды. Кеңсе үйінің жоба­сын “Қазпошта” АҚ дайын­дады. Мұнда пошта қызметкер­лері­нің талапқа сай жұмыс істеп, сапа­лы қызмет көрсетуіне қолайлы жағ­дай туғызылған. Жұмыс орындары­ның компьютерлендірілуі, өндірістік үдерістердің корпоративті басқару жүйесіне қосылуы істің атқарылуын жеңілдете түскен. Клиенттер банко­мат қызметін де пайдалана алады. Мекеме қызметкерлері 851 зейнет­кер мен әлеуметтік жәрдемақы және 471 жалақы алатын адамдарға өз қызметтерін ұсынады. Аталмыш бағдарлама шеңбе­рін­де Қызылжар, Айыртау, М.Жұ­ма­баев аудандарында осындай үлгілі жобалар қолға алынатын болады. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы. ...балабақша 45 күнде салынды Темір ауданының Құмқұдық ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында көрсетілген “Балапан” бағдарлама­сы аясында 25 орындық “Балапан” балабақшасы пайдалануға берілді. Балабақша құрылысына Корей ұлт­тық мұнай корпорациясы қаржылай демеушілік жасады. Ғимараттың құрылысын “КазПромСтройГрупп” ЖШС небәрі 45 күнде салып бітірді. Бұл – осы ауылда соңғы отыз жыл ішінде салынған алғашқы жаңа құрылыс нысаны. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Бауыржан Қаниев, Ко­рей ұлттық мұнай корпорациясы бас директорының орынбасары Лим Гын­мук және басқалары қатысып, ба­лабақшаның іші сәбилердің шат­тық күлкісіне толы болсын деген тілектерін білдірді. Ауыл тұрғындары қазақы дәстүрмен осындағы әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге ұдайы атса­лысып келе жатқан Лим Гынмуктың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.