Петропавл қаласында құрғақ көбік-бетон қоспалары зауытының бірінші кезегі іске қосылып, жұмыс істей бастады. Бір гектардай аумақты алып жатқан кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық жоба шеңберінде жүзеге асты. Әзірше Қазақстанда теңдесі жоқ технологиямен жұмыс істейтін қуатты өндіріс орны тұрғын үй құрылысы саласына сапалы өнімдер шығаруды межелеп отыр. Атап айтқанда, мұнда Д-200, Д-300, Д-500 маркалы құрғақ көбік-бетон қоспалары мен М-600 маркалы цемент жасалады. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген жағдайда өнімнің жылдық мөлшерін 50 мың тоннаға дейін жеткізу белгіленген. Қазір күніне 30 тонна өнім өндіріледі. 40-қа тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жол құрылысы үшін бетон қоспа жасаумен айналысуда.
Зауытты салуға құрылтайшылар 146 миллион, “Тобыл” ӘКК 36 миллион теңге жұмсады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.