Жуырда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижановтың Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің депутаттары Виктор Глухих пен Владимир Литюшкинмен кездесуінде парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында екі мемлекеттің заң шығару органдарының жоғарғы палаталары арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі атап өтіле келіп, парламентаралық байланыстарды одан әрі тереңдету қажеттігі жөнінде әңгіме қозғалды.
Комитет басшысының айтуынша, Сенат пен Федерация Кеңесі арасында достық және іскерлік тұрғысындағы қарым-қатынастар қалыптасты. Парламентаралық ынтымақтастық топтары белсенді жұмыс істеп келеді. А.Бижанов Федерация Кеңесі мүшелерін Кеден одағы жөніндегі заңнамалық базаны қалыптастыру жөніндегі жұмыстар туралы да хабардар етті.
В.Глухихтің пікірінше, екіжақты қатынастарда парламенттік мазмұн маңызды бағыт болып табылады. “Заңнамаларды нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының әлеуетін жүзеге асыруда зор маңызы бар”, – деп атап өтті ресейлік депутат.