Жуырда Париж қаласында Қазақстанның Франциядағы елшілігінің атсалысуымен Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының “Білім алудың халықаралықтануы, бағыт-бағдар, проблемалар және перспективалар” атты алғашқы форумы өтті.
Аталған форумның мақсаты – Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындарының арасындағы жоғары білім алу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту әрі нығайту десек, бұл шараға біздің елімізден ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, және “Болашақ” халықаралық бағдарламасының басшыларынан құралған топ қатысты. Ал Франция тарапынан Жоғары білім және зерттеу, Сыртқы істер, Көші-қон министрліктерінің, Кампус Франс агенттігінің басшылары келді.
Форумда Болон процесі аясындағы жоғары білім алудың даму үрдісі және Қазақстан мен Франция арасындағы өзара қарым-қатынастың одан әрі дамуы мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар жаһанданудың қоғам алдына қойып отырған талаптарын ескере отырып, жоғары оқу орындарының ынтымақтастығын дамыту және жоғары білім алуды халықаралықтандыру бойынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге келісті.
Сөйтіп, екі жақ өзара ынтымақтастық орнату мақсатындағы уағдаластықтарға қол жеткізіп, бірнеше келісім-шарттарға қол қойды.
Сонымен қатар, форумға қатысушыларды Орталық Азия-Франция достық парламентаралық тобындағы Қазақстан бағыты үшін жауапты сенатор Эймери де Монтескью, Қазақстан-Франция парламентаралық достық тобының төрағасы, депутат Тьерри Мариани қабылдады.
“Егемен-ақпарат”.