Қостанайдағы геологиялық музейде жер астында жатқан 15 мыңнан астам минералдың үлгісі бар. Мөлдір шынымен қапталған музей сөрелерінің бірінде жарқырап жатқан тастың бірі – гранат. От шашып тұрған қас сұлудың қарашығындай қап-қара тас Сарыбай кенішіндегі қазба жұмыстары барысында табылған. Музейге кезінде В.Гай есімді геолог әкеп тапсырыпты.
Музей меңгерушісі Вера Едігенованың айтуынша, аталған минерал Рудный маңайындағы магнетитті кеннің бойында көп кездеседі.
«Жалпы, «гранат» – латынның сөзі, дәнді тас деген мағына береді. Негізі, мұны бүршік тас деп аударса да болады. Көбіне зергерлік бұйымдарды жасауға пайдаланылады. Табиғатта бұл минералдың 5-6 түрі кездеседі. Түсіне қарай әрқайсының өз атауы бар.
Мысалы, алқызыл гранат – алмадин, қою қызылы – пироп, жап-жасылы – уваровит, ал біз көріп тұрған қап-қара гранат андрадит деп аталады. Бұл тастар, көбіне, сырға, сақина, алқа, білезік тәрізді зергерлік бұйымдарды әшекейлеуге пайдаланылады. Адамға күш-қуат беретін қасиеті де бар. Ал зергерлік бұйымдарға жарамсыздарын қатты ағаштардың бетін тегістеуге жаратады», дейді музей меңгерушісі Вера Едігенова.
Қостанай облысы