Бір арнаға жұмылдырылған ортақ ғаламдық еркін нарық болуын талап ететін әлемдік экономика мен әлемдік сауданың даму ағымдарына байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымы үлкен маңызға ие. Көпжақты сауда жүйесінің құқықтық және институттық негізі болып табылатын ДСҰ 1995 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастады. Алғашқы кезде оған 77 мемлекет кірсе, қазіргі таңда 161 ел мүше болып отыр. Ұйымға мүше елдердің үлесі әлемдік тауар айналымының 95 пайызын құрайды.
Дүниежүзілік сауда ұйымының басты міндеті іркіліссіз халықаралық сауда-саттыққа мүмкіндіктер жасау болып табылады. Дамыған елдердің бастамасымен құрылған аталған ұйым халықаралық сауда-саттықта экономикалық өсім мен адамдардың тұрмыс тіршілігін жақсартуға ықпал етеді деп есептеледі. Бұл ретте саудада кемсітушілікке жол бермеу, ондағы кедергілерді азайту, тұрақтылық пен сауда шартының алдын ала болжамдылығы, халықаралық саудадағы бәсекелестікті ынталандыру, жоғары дамымаған мемлекеттер үшін халықаралық саудада жеңілдіктер жасау секілді бірнеше бағыттарды ұстанатын ДСҰ ережелері мемлекетаралық сауда барысындағы кедергілерді болдырмауға негізделеді.
Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үдерісі 1996 жылдың 26 қаңтарында ДСҰ Хатшылығына ДСҰ-ға кіру туралы ресми өтінішін беруінен басталған болатын. Осы ретте сол жылдың ақпанында мемлекетімізге ДСҰ-дағы бақылаушы ел статусы берілген еді. 19 жылдық тарихы бар келіссөздер үдерісі үш кезеңнен тұрады. 1996-2000 жылдар аралығында ақпараттық-дайындық кезең басталды. Осы мерзім ішінде жұмыс тобының үш мәжілісі және екіжақты келіссөздердің екі раунды өтті. Ал 2001-2003 жылдарды басты немесе негізгі кезең деуге болады. Бұл уақыттарда жұмыс тобының үш мәжілісі және екіжақты келіссөздердің жеті раунды өтсе, 2003 жылы мемлекетіміз ДСҰ-ға кіру үдерісінің ақпараттық мерзімін аяқтап, ұйымға мүше болудың негізгі шарттарын анықтайтын ұйымға мүше елдердің жұмыс тобымен жүзеге асатын келіссөз үдерісінің активті фазасына өткен еді.
Ал 2004 жыл мен бүгінгі кезең аралығын аяқталушы кезең деп санауға болады. Бұл кезең келіссөздердің алға басуын қамтамасыз ететін шараларды қолдану кезеңі болып саналды. Аталған ұйымға мүше болуға ниеттілік елдің әлемдік экономикаға интеграция үдерісін кеңейту және күшейтуге бағытталады. Әсіресе, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық тауарларының саудасында тарифтік және тарифтік емес кедергілерді төмендету, сауда дауларын тиімді түрде жан-жақты реттейтін механизм орнату, қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспорты үшін әлемдік нарыққа жол ашу, елде сауда-инвестициялық орта құру мақсатындағы мемлекетіміздің бұл ұйымға кірудегі мүмкіндіктері молая түсті.
Биылғы жылдың 22 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталғанын жариялауына байланысты, сарапшылар арасында қызу пікірталас өрбігені рас. Шын мәнінде, экономикасы дұрыс жолға қойылған елдер үшін осы ұйымға мүшелік ету – мол мүмкіндіктерге жол ашып, экономика саласы қажет ететін басымдықтарға жауап болары сөзсіз. Еліміздің жаһандық экономикалық үрдістерге толығымен сәйкес даму жолындағы экономикасы тұрақты ел болуы үшін де халықаралық стандарттарға сай келетін мықты мемлекет болып қалыптасуы барысында ДСҰ-ға мүше болудың үлесі үлкен, салмағы орасан.
Сол себепті де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұйымға мүшелік етудің ел экономикасы үшін маңызды екендігін халыққа Үндеуі кезінде тағы да айтып өтті. «Бүгін Женевада Жұмыс тобының финалдық отырысы болды, онда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны туралы ресми хабарланды. Бұл оқиға – біз үшін тарихи сәт. Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болады. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады», – деген болатын Елбасы.
Бұл ретте 19 жыл бойы келіссөздері жүргізіліп келген ДСҰ-ға мүше болу – Қазақстанның үлкені жеңісі екендігін мойындау қажет. ДСҰ-ға кіру барысында инвестицияның перспективасы жақсарып, технологияның, тауарлар мен қызметтердің және инвестицияның ішкі нарықта кеңеюі ұлттық өнімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».