• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Алты алаштың асылы

741 рет
көрсетілді

Кіріспе – Апа! – Не құлыным? – Жаңа сіз айтқан ертегідегі тау көтерген Толағай жайлы ойлап жатырмын. Толағайдай болсам ғой, шіркін! – Боласың, ботам, боласың! Елін сүйген ер болады, өзін сүйген жер болады! – Тағы бір ертегі айтшы, апа! – Айтайын, құлыным, айтайын. Тас кедергі тағдыр мойнына кедейлік қамытын кигізген ол сол күні әдеттегісінен де асқан аш еді. Ең соңғы тиынына бір тоюды армандап, қалт-құлт етіп келе жатқанда өткен-кеткенге алақан  жайып, алқынып тұрған қайыршыны көрді де, қалт тұра қалды. Ерсілі-қарсылы ағылған топтың арасында алтынға малынған әйелдер де, киген киімінің өзі жақұттай жарқырап, құлпынайдай құлпырған байлар да бар еді. Солардың ешқайсысы қайыршының қалтыраған алақанына соқыр тиын да тастамай, кеуде кере кердең басып өте берді, өте берді. Ал сіңірі шыққан сорлы кедейдің қайыршыға қайырылмауға дәті жетпеді. Ол қалтасынан ең соңғы тиынын алып, аштықтан көзі қарауытып құлағалы тұрған қайыршының күс басқан күрең алақанына салды. Сол сәт ешкім күтпеген ұлы оқиға болды. Кедей жігіт кеше қиналғанда түсінде көрген Құдайдың сұлбасын көрді. Құдай қайыршының оң иығынан асыра оң қолын алға созды. Сол сәт ай мен күн шағылысып, құйрықты жұлдызға ұқсаған қызғылтсары шұғыла кедей жігіттің көз алдында зу етіп өте шықты. Сол шұғылаға оранған құдайдың сұлбасы ізім-қайым жоқ болды. Қайыршыға қарайласқан кедей жігіт сол күннің ертесінде аяқ астынан ат басындай алтын тауып, бір-ақ сәтте байып шыға келді. – Қандай жақсы адам, апа?! – Кімді айтасың, құлыным?! – Жаңағы қайыршыға қарайласқан кедей жігітті айтамын. – Иә, құлыным, солай, есіңде болсын, ел үшін ерлік жасаудан артық бақыт, қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ! Сол түні ол жайлы жатып, жақсы ұйықтады. Түні бойы түсінде тау көтерген Толағай мен қайыршыға қарайласқан кедей жігітті көріп шықты. Ертегі айтқыш ана Әлжан, оны жүрегіне құйып, ойына түйіп алған құймақұлақ Нұрсұлтан еді. Сонда ол бар болғаны бес жастағы ойын баласы болатын.  Бірінші хикая  Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған  – ұлы Жан емеспін орынсыз сабылғандай, Жас та емеспін өссем деп жағынғандай, Жырлаймын Елім мен Елбасымды, Ел тілеуін тілеймін жаным қалмай.   Асфальттың өзін балқытқан алапат ыстық тәнді, көрші елдің сәт сайын құбылған саясатының аңызақ аптабы жанды шыжғырып шыдатар емес. Күнмен бірге оның да жүрегі жанып тұр. Алаң көңілмен көп ойланып, көп толғанды ол. Ақыры бір шешімге келді де, шиыршық атып, ширақ тұрды орнынан. Үйге әдеттегісінен әлдеқайда кеш оралған оны отанасы құрақ ұшып, жылыұшырай қарсы алды. – Кешкі асты суытпай, дастарқанға отырайық, Нұрсұлтан. – Өздерің тамақтана беріңдер, Сара. Мен жолға жиналайын. – Қайда? – Мәскеуге. – Пәлі, ертең 6 шілде – туған күнің емес пе? Ет жақындарың бәрі жиналып, келгелі жатыр. Қайда асықтың? – Мәскеуге. Өзім бармасам, шешілер түрі жоқ бұл проблеманың. – Не дейін саған, Нұрсұлтан? Ылғи осы ғой. Жан тыныштығын бір сәт ойламаймысың. Демалыссыз жұмыс денсаулығыңа зиян келтіре ме деп те уайымдаймын. – Уайым деген – у. Пессимист емес, оптимист болу керек. Кім еді «Пессимист видит трудности при каждой возможности, оптимист в каждой трудности видит возможности», деген Уинстон Черчилль емес пе? – Сеземін, қиындық көп. – Қиындық деген қайрақ. Оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты жанысаң жетіледі, – деп ойлады Нұрсұлтан. – Кетілуге хақым жоқ! Жетілуім керек! Халық үшін, ел үшін. Конфуций айтпап па еді: «Дауыл соққанда ақымақ адам қалқан іздейді, ақылды адам жел диірмен орнатады», деп. Үйде отырып қалқан іздегенше, Ресейге барып жел диірмен орнатайын. Осы ойға бекінген Нұрсұлтан сол күні кештетіп Мәскеуге ұшып кетті. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде», – деп еді-ау Баласағұн. Неткен даналық. Ел пайдасын ойлап, екі жеп биге шықтым. Ең бастысы – ел мүддесіне қатысты үлкен бір түйін тарқатылды әрі туған күнімді Ресей Президентінің өзі тойлады». Осы ой, осы сезім ойға шуақ, бойға қуат беріп еді. Содан да Нұрсұлтан елге көтеріңкі көңіл күймен оралып, жұмысқа жанылған жігермен құлшына кірісіп кетті.  Екінші хикая Жақсы жүрген жеріне кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады Орнаған Еуразия кіндігіне, Білмейді Астананы кім бүгінде?! Бастаған ұлы көшті елордаға, Ерлігі Елбасының жыр бүгінде. – Қарашы, жаным, Астана түнде де сұлу емес пе? – Иә, дұрыс айтасың, сәулем! Қала түнде жаңа бір қырларымен жарқырап, жайнап тұр. – Астана жауһар қала ғой. – Жауһар түнде де жарқырайды. Орталық алаңда демалып отырып өкпе тұста өтіп бара жатқан қыз бен жігіттің әңгімесіне куә болған менің ойыма Нұрсұлтанның кіндік шешесі Тұрсын айтқан әңгіме оралды. – Нұрсұлтанның он жастағы ойын баласы кезі, – деп бастады әңгімесін Тұрсын ана. – Әбіштің құдайы көршісі Жанайымның шымнан салынған үйі уақыт озған сайын шөгіп, жеркепеге айналып бара жатты. Жанайымның жалғыз ұлы Үмітбек Нұрсұлтанмен түйдей құрдас әрі екеуі дос еді. Қабырғасы көгерген, ылғал, іші ызғар жеркепе ана мен бала денсаулығына аса зиян. Соны ойлап жесір әйел, жетім балаға жаны ашыған Әбіш құдай қосқан қосағы Әлжанмен ақылдасып, Жанайымға жөні түзу баспана салып беруге бекінді. Әбіштің бұл бастамасын ағалары Шалабай мен Үміт те қостай кетті. Сол күннің ертесінде Әбіш бастап, өзгелер қостап, асарлатып іске кіріскен ауыл адамдары айналасы бір айда жаңа үйдің қабырғасын қалап, төбесін жауып, сылап, ақтаудан өзге жұмыстың бәрін бітіріп тастап еді. Бүкіл ауыл болып жұмылған сол жұмысқа ауыл балалары да өз еріктерімен жегілді. Баланың аты бала емес пе? Едіге мен Үмітбек үлкендердің «алып кел», «барып келінен» жалығып, кейде көлеңкеге жата кететін, не асық, не жасырынбақ ойнайтын. Ал Нұрсұлтан жұмыстан жалықпайды. Түскі демалыс сәтінде шелек толы сазды алдына қойып алып, шап-шағын кірпіштер құяды, кірпіш кепкесін кішкентай үй салады. Үйдің төбесін картон қағазбен жауып, есік, терезелерін шыбықтан жасайды. – Сұлтанжан, не істеп отырсың? – деген үлкендердің сұрағына: «Үй салып жатырмын. Өскенде үлкен қала саламын, мына Шамалған мен Қаскелеңнен де үлкен, Алматыдай, – деп жауап береді ол. Ауыл адамдары бір ай бойы асарлатып жұмыс істеді. Нұрсұлтан сол күндері түнде түсінде, күндіз қиялында еңселі ғимараттары мен салтанатты сарайлары сап түзеген, көшелері оқтай түзу, еңселі ескерткіштері, саялы бақтары көз жауын алған, жасыл желек жамылған ғажайып қаланы көріп жүрді. Сол көргенін ауылдастарына сыр ғып, жыр ғып айтушы еді. – Өскенде кім боласың? – деген сұраққа: – Құрылысшы боламын, әлемде жоқ әсем қала саламын! – деп жауап беретін. «Әлемде жоқ әсем қала саламын», деген сөзді Нұрсұлтанның аузына Аллатағала салды ма екен? Шынында да Елбасы елімен бірге жаңа қала, жас қала –  Астананы салып, тарихи ұлы ерлік жасады. «Арқа төсінде жаңа елорда салуымыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев, – бізге түбірлі міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Астана арқылы біздің халқымыздың ғасырларға созылған көші межелі жерге жетті. Сарыарқаның саумал самалды даласына қазық қағу қазақтың кем қойғанда соңғы бір жарым ғасырға созылған отырықшылдану үдерісін біржолата түйіндеді. Астана арқылы қазақ өзінің жеріне толық ие бола алды. Ел иесі кім екенін, жер киесі қайда екенін бүкіл әлемге көрсеттік». Бала Нұрсұлтанның бұдан басқа да асыл арманы көп еді. Сол асқақ армандар оны қыран қанатына қондырып, әлдебір алыс өлке, жұмақ жер, жұмақ елдерге алып ұшатын. Арман алға жетелейді. Армансыз адам – қанатсыз құс. Асу-асу белдерде, аса бір соққан желдерде Нұрсұлтанды асқаралы биіктерге алып ұшқан құдіреттің бірі – асыл арман, ақиық ой. Үшінші хикая  Алтын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы Өсірген Дариға, Динара, Әлиясын, Жақсы әке – жаны жомарт дариясың, «Ел үшін ер Нұрсұлтан аман бол!» – деп Тілеген көрдік елдің қариясын. Тіреусіз Аспан жаратқан, төңкерілген көк күмбездей алып көкке Ай мен Күн орнатқан, адамзатқа тіріде – төрі, өлгенде – көрі қасиетті Жер-Ананы жомарттықпен сыйлаған құдіреті шексіз, мейірім-шапағаты мол Аллатағаланың қазақ халқына сыйлаған баға жетпес екі үлкен бақыты бар. Оның бірі – ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік, бірі – қаннан да қымбат, жаннан да тәтті сол Тәуелсіздігіміздің туын құлатпай, тік көтеріп келе жатқан Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіздікке жету қандай қиын болса, оны ұстап тұру одан да қиын. Бұл артық айтып, асыра мақтау емес, ондай мадаққа ол зәру де емес. Өзгесін былай қойғанда, оның мемлекет құрушы ұлы тұлға екендігі даусыз. Басқару жүйесі жолға қойылған, қолдаушы киесі – мығым экономикасы, мықты жүйе, құрылымдары мызғымас тіректері бар мемлекетті басқару да оңай емес. Күл-талқаны шығып қираған экономикасы, төрт қабырғасы қаусап қалған елде жаңа мемлекет құру – қияметтің қыл көпіріндей қиын екені хақ. Келмеске кеткен Кеңес Одағы мұраға қалдырған сан саланы түгел қамтыған саналуан қиындықтан қиялап шығып, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру – тақыр жерге тау тұрғызғанмен, сахараның шөлін гүлге бөлеп, тамұқты жұмаққа айналдырғанмен бірдей. Еңбеккер еліне, кеңқолтық халқына арқа сүйеген, жеке басының қуаныш-қайғысын ұмытып, Алатаудай ауыр жүк арқалаған, сол жүктің ауып қалмауы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндізгі күлкі, түнгі ұйқыны құрбандыққа шалып аянбай, тапжылмай еңбек еткен, алдағыны көріп, алысты болжаған Елбасының бұл тарихи ұлы ісін біз ғана емес, бүкіл әлем оның кемел ойлы кемеңгерлігі мен ерлігі деп бағалады. Нұрсұлтанның алдағыны анық көретін, алысты болжайтын данышпандығының мыңнан бір мысалы елімізді сом аймағының темір құрсауында қалдырмай, төл теңгемізді жасатуы болса, екінші бір дәлелі – Ұлттық қор құруы. Қайғы-мұңы мен өкініші, өксігі көп, қуанышы мен жұбанышы аз қайран қазақ азаттықтың ақ таңы атқанда қуанышы қойнына сыймай, бөркін аспанға ата қуанды. Сол көп қазақтың бірі едік біз. Бақытымыз баянды болсын деген тілекпен бірге, көкірегімізде отаршылар салған жара да бар еді. Сол жараның үлкені – Семей полигоны болатын. Полигон – жүректегі жарам менің, Қайғыдан көз ашпаған далам менің, Қазағым енді қайтіп күн көрер деп, Жүк түскен жүрегіме балаң едім, – деп шерлі шежіре жазып, шерменде болып, әлемге әйгілі ақын, көрнекті мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов басқарған «Невада – Семей» қозғалысына белсене қатынасып жүргенде қара бұлтты қақ жарған найзағайдай болып Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жайлы Жарлығы шықты! Сол тарихи Жарлық шыққан жылы кең-байтақ Қазақстанның ең алыс ауылдарын аралаудың сәті түсті. Сонда көзбен көргеніміз – бүкіл халықтың қуанышы, құлақпен естіп, көкейге түйгеніміз – бүкіл халықтың алғысы! Қазақстандағы сан ұлттың полигонды жапқан Президентке деген сансыз рахметі мен шексіз құрметі! Одан кейін Орталық Азия республикаларына, Мәскеу мен Парижге, Түркия мен Қытайға жол түсті. Сонда естігеніміз – «Назарбаев сынды Президенті бар халық бақытты! Полигонды жапқан Президентке миллион алғыс, мың мәрте тағзым!» – деген ақ ниетпен айтылған алғыс! «Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Сіздің Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамаңыз арқылы Солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын зор ризашылықпен айта аламын», – деп жазды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­тан алған алғысы көп. Өте көп. Соның бірін Елбасының арқасында есесін қайтарып, есін жиған үлескерлер, енді бірін «Батыр Баян» фильмінде бас кейіпкерді сомдап, кейін ауыр кеселге ұшырағанда көмек қолын созған Президентке атақты актер, тағы бірін ЕҚЫҰ-ға төраға болып қана қоймай, Астана саммитін сәтті өткізгені үшін халықаралық қоғамдастық пен алыс, жақын шетелдердің президенттері айтты, тағы бірін... Сан алғысты санамалап тауыса алмаспыз, сөзді ащы ішектей созбай, тоқсан ауыз сөздің түйінін айтсақ, алғыспен ер, жаңбырмен жер көгеретінінің мықты бір мысалын Елбасы өмірінен айқын көреміз. Алтын – жер сыйы, Алғыс – ел сыйы! «Сол сыйлығының – ел сыйлығы құтты болып, құт-береке дари берсін тағыңа, елімізді бақытқа бастай бер!» – деген тілек айтамыз «Елін сүйген, елі сүйген Елбасына (Махмұт Қасымбеков). Осы тұста қалам ұшына Платон (б.э.д. 427-337) айтқан: «Никогда не будет процветать государство, если его не начертить художник по божественному образцу», деген сөз оралып тұр. Төртінші хикая Жемісті ағаш жерге иіледі, жетелі жігіт елге иіледі Есінде мың градус от кешегі, Балқытып болатты ол от көседі, Қайнады қазанында Теміртаудың. Халқы үшін қажет болса от кешеді. Әлі есте, бәрі есте. Тоқырау торындағы тоқсаныншы жылдар... Кеңестік кеңістіктен қалған ауыр мұра – құлағалы тұрған зауыт, фабрика, құлдыраған өндіріс, құлазыған ауыл, құрдымға кеткен экономика сынды сан кесел еңсені езіп тұр. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақыны ала алмай есеңгіреген ел. Төзімі таусылған шахтерлер ереуілге шықты. Халық үріккен жылқыдай дүрлікті. Сол бір қиын кез, сын сағатта Президент Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл Қарағандыға ұшып келді. Келді де, халықпен бетпе-бет кездесіп, ашық сөйлесті. Шахтерлердің талабы орынды екендігін, алайда, тап қазір оны қанағаттандыруға мүмкіндіктің жоқтығын ашық айтты. – Тәтті өтіріктен ащы шындық артық, – деді Президент. – Мен жағдай тез оңалады деп уәде бере алмаймын. Ертеден жеткен ескі сөз – есті сөз былай дейді: – Ырыс, қайда барасың? – Ынтымаққа. – Бақыт қайда барасың? – Бірлікке! Ынтымақ болса, бірлік болса біз аспайтын асу, жоқ. Халық алмас қамал бар ма?! Бірлік болса тірлік те болады. Ынтымақты болсақ ырыс келеді. Төзім керек, сабыр керек. «Сабыр түбі – сары алтын» деп халық бекер айтпаған. Қиындықтан шығудың бір-ақ жолы бар, ол – жұдырықтай жұмылып, жатпай-тұрмай еңбек ету. Еңбек – бәрін де жеңбек! – Сонда қанша күтеміз? – деді алып-ұшып тұрған бір албырт жас. – Оны мен емес, өздеріңіз айтасыздар, сіздердің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі айтады, – деді Президент. – Ал мен сіздермен біргемін. Не көрсек те бірге көреміз. – Үкімет ше, Үкімет не бітіріп отыр, – деді жаңағы жас жігіт. – Үкімет ұйықтаған жоқ, ояу. Олардың қалғуына да жол бермеймін. Үлкендер жағы бірімен бірі күбірлесіп кетті. – Кабинетте шалқайып отырып алмай, бізге жедел жетті, – деді көпті көрген көнекөздердің бірі. – Бұл да болса кісілігіне сай кішілігі емес пе? – Иә, – деді екінші қария, – жемісті ағаш жерге иіледі, жетелі жігіт елге иіледі деген осы. Патша басымен қарапайым халыққа иіліп тұр. – Өзі сертке берік пе, соны айтшы. – Осы уақытқа дейін екі сөйлеп көрген емес ол. – О, онда жарады, жайсаңым! – Айналып өтейін, садағаң кетейін, алтын халқым! Ал, кәне, ақылдасайық. Не жағдай өздеріңе белгілі. Не істейміз енді? Осылай ереуілдетіп, онсыз да қиын жағдайды онан сайын қиындата береміз бе? Әлде, белді бекем буып, уақытша қиындыққа төзіп, еңбектеніп, өзімізді, өр елімізді еңселі етеміз бе? – Бәрі түсінікті, – деді ереуілді ұйымдасты­ру­шылардың бірі – Елбасы дұрыс айтады: «Еңбек, бәрін де жеңбек! Жұдырықтай жұмылып еңбек етейік! Қалай, дұрыс па, достар! – Дұрыс! – деп дүр ете қалды алаң толы халық. Байлам осы болды. Елге иілген Елбасы халықты бақытқа бастап барады... Бесінші хикая Бақ пен дәулет – бірлікте. Өмірдің мағынасы – атқарылған тірлікте Рушылдық, жершілдікті өлтіріп, Ордабасыға көтерілді ер түрік. Қиын істің қиюын да тапты ол – Барлық ұлтты келісімге келтіріп. Даланың дана шалдары-ай, айтудай-ақ айтыпты-ау. «Өсетін елдің арманы көп, өшетін елдің жанжалы көп». Рас қой. Бақытымызға орай, Қазақстан, ғажапстан – жанжалы жоқ, арманы көп ел. Арманы көп елдің берекесі бар, мерекесі де көп. Сол мерейлі мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы болып салтанатты сапта тұр. Көп ұлтты, бір мақсатты мемлекетті біріктіріп отырған екі бірдей егіз қасиет бар. Оның бірі – мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының өзінің байырғы Ұлы Даласындай ұлылығы – пейілінің кеңдігі, бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірлік пен ынтымақты, келісім мен достықты ту еткен сара да дана саясаты. Содан да біз берекелі, мерекелі елміз. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтудеміз. Астанадағы Бейбітшілік және келісім са­ра­й­ында Қазақстан Республикасының Прези­денті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төра­ғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған ХХІІ сессиясына еліміздің барлық өңірлерінен келген 1500-ден аса адам   қатынасты. Осы сессияда жасаған баяндамасында Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Таяуда британдық «Ипсос МОРИ» социологиялық қызметі бүкіл Қазақстан бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізді, соған сәйкес қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы елдегі жағдайды жоғары бағалайтынын атап көрсеткен. Бұл – біздің Конституциямыздың кіріспесінде толымды бейнеленген «Біз, Қазақстан халқы!» атты басты қағидаттың салтанат құруы. Мен де, өздеріңіз сайлаған Ассамблея Төрағасы ретінде, бұл жетістікті бағалаймын. Мен жаңа Қазақстанның жасампаз жылдары ішінде бізге жүзеге асыруға сәті түскендерді мақтан тұтамын. Ассамблея жаңа Конституцияны қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдумға бастамашы болған еді, биыл біз оның да 20 жылдығын атап өтетін боламыз. Осы жылдар ішінде Ассамблея аса белгісіз құрылымнан Мәжіліс депутаттарын сайлау құқына ие конституциялық органға трансформацияланды. Бұл Ассамблеяның беделін арттырды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң – әлемде баламасы жоқ керемет заң. Ол еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Оның нормалары біздің ұлтаралық саясатымыздың негізін қалыптастырады», – осы сөзі арқылы Елбасы: «Бақ, дәулет – бірлікте, өмірдің мағынасы – атқарылған тірлікте», деген ұлағатты ой айтты. «Ежелгі Египет мақалында айтылатындай, дүниедегінің бәрі уақыттан қорқады, бірақ уақыт пирамидалардан қорқады, – деп сабақтады сөзін Елбасы. – Біздің жаңа елордамыз – ажарлы Астана осындай мәңгіліктің символы. Біз нағыз бейбітшілік пен келісімнің пирамидасын – қазір ҚХА сессиясы өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері үшін бірегей ғимарат салдық. Қазақстанға келгендердің барлығы Ассамб­- ­­­ле­я­­мызға таң-тамаша қалады, біздің ұлттар дос­ты­ғына қаншалықты үлкен маңыз беретіні­мізді көреді. Бұл сарай – діндер ғибадатханасы, біздің халқымыздың бірлігі мен келісімінің ғиба­дат­ханасы. Жаһандық конфессиялар көш­бас­шыларының V съезі жақында дәл осы жерде өтеді». Солай болды да. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Ассамб­­лея тарихы – ел тұрақтылығының тарихы» ат­ты баян­да­масында ұлағатты ойлар айтты. Олар: «Бүкілқазақстандық біртектіліктің болашағы біртұтас ұлттың кілті бүкіл қазақстандық мәдениет, берік мәдени арқаусыз елдің экономикалық және саяси табысы мүмкін еместігі, қазақстандық ұлттық рухтың басты көзі – ортақ рухани адамгершілік құндылықтар негізіндегі халық бірлігі. Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу, мемлекеттік тіл, этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу...» Ассамблея Төрағасының: «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңы­рағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағи­дасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын! Жүрегімізде Ұлы Отан – Мәңгілік Елге деген махаббат оты маздасын! Баянды болашаққа бірге қадам басайық! Ырысымыз тасып, айбынымыз аса берсін! Алға, Қазақстан!» деген түйін сөзі алшы түсер асыққа құйылған қорғасындай көңілге қона кетті. Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ассам­б­лея сессиясында айтқан ұлағатты ойлары бақ-дәулет – бірлікте, өмірдің мағынасы – атқарылған тірлікте екендігін тағы бір мәрте еске салған ескірмейтін есті сөз болды. Сәл алға озыңқырап барып айтсақ, Н.Ә.Назар­баевтың Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойларында да ең асыл қазынамыз – бірлігіміз жайлы, бірліктің арқасында бітірген тірлігіміз жайлы көкейге қонымды көп жайлар анық та қанық айтылды. Иә, бірлік болмай тірлік болмайды. Бақ, дәулет – бірлікте, өмірдің мағынасы – атқарылған тірлікте! Алтыншы хикая Мұратың халық болса – айың жарық болады. Хан әділ болса – халық ынтымақты болады Тұлпарсың алқымы ісіп, алқынбаған, Қырансың зеңгір көкте саңқылдаған. Бақытқа бастай бер деп елімізді, Нұреке, бата берді халқың саған.   Қарақорымның жартасына қашалып жасал­ған Шыңғыс ханның қасиетті өсиетінде оның тарихи қастерлі бейнесі, керемет кесек іс-әрекет­тері, жандүние жасаулары елес беріп тұрғандай. Алтын денем қалғыса да, Ардақты елім солмасын. Бүтін денем қажыса да, Бүкіл елім тозбасын. Абзал елім даңқы артсын. Бүкіл денем қиналса, қиналсын – Бүкіл елім топтансын! – депті Шыңғыс хан. Өмірдегі оқиғалар мен құбылыстардың, тарихи тұлғалардың, олардың іс-әрекеттерінің бәрі болмаса да біразы даулы ғой. Шыңғыс ханға қатысты да дуалы ауыздардың өзі тоқтата алмаған дау көп. Десек те, Шыңғыс ханның тасқа қашалған сөздерінен оның елім деп еміренген бейнесі тайға таңба басқандай танылып тұр. Осы жолдар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Садағаң кетейін, айналайын халқым! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін», – деген сөзімен үндес, қандас. Мұратың халық болса, айың жарық болады. Соның айқын бір көрінісі Елбасының өнегелі өмір, бүкіл әлем таныған, мойындағы ұлы тұлғасы, халықтың оған деген ыстық ықыласы мен шексіз құрметі. Елбасына деген халықтың ыстық ықыласы мен шексіз құрметінің, берік сенімінің көркем көрінісі болды биылғы жылдың 26 сәуірінде өткен кезектен тыс президенттік сайлау. Дүниежүзінің сан қырынан келген  саналуан саңлақ байқаушылар: «Бірде-бір заң бұзушылық болған жоқ, бірде-бір кемшілік таба алмадық, бұл өте әділ сайлау болды», – деп таңдайлары тақылдап, тамсанған сайлауда Н.Ә.Назарбаев 97 пайыз дауыс алып, айқын басымдықпен анық та қанық  жеңіске жетті. Бүкіл түркі халықтарының төбе биі Майқы бидің сонау ХІІ ғасырда айтқан: «Хан әділ болса, халық ынтымақты болады», деген тарихи сөзінің айқын бір дәлелі еді бұл. «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» депті Жүсіп Баласағұн. Нұрсұлтанға қонған бақ пен бақыттың сыры неде, құпиясы қайсы? Бұған толық жауап беру қиын. Нұрсұлтан Назарбаев қатардағы көптің бірі емес, тарих ұзақ толғатып, сирек туатын әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға! «Кемеңгерлік құпиясы» атты кітабымда («Арда» баспасы, 2009 жыл) Назарбаев феноменін түсінуге (түсіндіруге емес) талпыныс жасадым. Елбасының еңбек пен күреске толы өмір жолын зерделегенде ұққаным: оны әлемдік биік деңгейге көтерген алғышарт – жаратылыс жомарттықпен сыйлаған тұлғалық қасиет. Алғашқы баспалдақ – ана сүті, әке қанынан дарыған даусыз қасиетті тәрбие. Эпиктеттің сөзімен айтсақ: «Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам». Осы тұста Нұрсұлтан тәрбиесінде әз әже Тәттібала айтқан тәмсіл, анасы Әлжан шерткен тағылымды ертегі, әкесі Әбіштен естіген ақыл мен нақыл және өмір мектебінің оң әсері болғанын айтудың орайы келіп тұр. Бұған әлемдік деңгейдегі әдебиетшілер мен тарихшылардың, философтар мен экономистердің еңбектерін оқу мен тоқу, өмір бойғы үзіліссіз ізденістерді қоссаңыз, сонадайдан танылар сом тұлғаның сыры мен құпиясын ашпасаңыз да соған апарар соқпаққа түсеріңіз зайыр. Ұлт бағына туған ұлы тұлға Нұрсұлтан Назар­баевтың: «Біздің басты жетістігіміз – тә­уел­сіз Қазақстанды құрғанымыз. Біз шекарамызды заңдық тұрғыдан ресімдедік. Ел­дің тұтас­тандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қоғамдастық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады. Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді. Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Сам­митін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті», – деген сөзі ел үшін жасалған еңбектің жемісі мен жеңісін айқын танытып тұр. Елі еңбеккер, ел бастаған ері кемеңгер болса аспайтын асу, алынбайтын қамал жоқ, бұл болмаса алға тартқан адамзат көшінің соңында шаң қауып қалудан бөтен амал жоқ. Бақытымызға қарай Қазақ елі – еңбеккер, көш бастаған көсеміміз Нұрсұлтан Назарбаев – кемел ойлы кемеңгер. Әлем қызыққан тағы бір бақытымыз – ханымыз әділ. Содан да халық ынтымақты. Содан да 2015 жылғы 26 сәуірдегі кезектен тыс президенттік сайлау Нұрсұлтанның мұраты – халық, содан да оның айы жарық екенін; хан әділ болғандықтан, халық ынтымақты екенін айдай әлемге паш етті. 2015 жылы 29 сәуірде болған Президентті ұлықтау рәсіміндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі мен Тәуелсіздік сарайындағы халықтың көтеріңкі көңіл күйі әдемі үндесіп, әсем жарасым тапты. Сол күнгі ғажайып аураға табиғаттың өзі де табынып, аспандағы алтын күн айналаға нұрлы, сырлы, сымбаты бөлек сұлу шуақ шашып тұрды. Иә, мұратың халық болса – айың жарық болады. Хан әділ болса – халық ынтымақты болады! Жетінші хикая Түнді қуған күндіздей, халықпен ол егіздей Қайраты қайтпас, айбыны бейне арыстан, Жасаған нұсқа халқына ұлы барыстан. Қазақтың елін танытқан бүкіл әлемге, Ғасырларда туар сіздей данышпан. Тарлан тарих қойнауына кеткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Оңтүстік Африкада Кимберлит трубасынан ең үлкен алмастардың бірі табылды. Одан бриллиант алу үшін әлемдегі ең таңдаулы зерлеуші шақырылды. Атақты шебер Кимберлит трубасындағы алмастың қыр-сырын ұғу үшін тек оны зерттеуге ғана бір жыл уақытын сарп етті. Тек содан соң ғана алмасты қырнап, өңдеп, зерлеуге кірісті. Содан кейін тамшылаған тер мен жан әзер шыдаған еңбектен асқан шеберлік пен зерленген асыл текті бриллиант  өмірге келді. Қай қырынан қарасаң да көз жауын алған, түннің өзінде жарқырап, жанып тұрған бриллиант соншалықты тыңғылықты зерттеусіз, тынымсыз еңбексіз, оның текті табиғатын терең ұқпайынша сондайлық ғаламатты өмірге әкелу еш мүмкін емес еді. Зерлеушінің бір ғана қателігі сәтсіздікке әкеліп соғар еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды әлемдік деңгейдегі аса салмақты саясаткердің ел өміріндегі елеулі кезеңдегі көрегендігін, бірінен соң бірі Қыз Жібектің көшіндей болып тізілген жаңалыққа толы бағалы бастамалары мен ұлы идеяларын сол бриллиант  әрлеушінің аса нәзік, аса ауыр еңбегімен, асқан шеберлігімен теңестіруге болады. Оған оның соңғы екі он жылдықтағы 2030 және 2050 Стратегиялары, «Нұрлы Жолы», «Мәңгілік Елі» айқын айғақ. Соның жарқын жалғасы БАҚ-та жарияланған 5 реформа мен оны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам. Бір сөзбен айтсақ, бұл таяу болашақтың бағытын көрсетіп берген бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз. Бүгінде елдің бәрі білетін 5 реформаның бес мықты діңгегі бар. Олар: кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік пен бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Бәрі бірдей аса маңызды 5 реформаны жүзеге асыру үшін Президент жанынан бес жұмыс тобынан жасақталған комиссия құрылды. Бұл 5 реформаның жүзеге асуына зор көмек болары сөзсіз. Ұлттың осынау ұлы жоспары, жалпы, Нұрсұлтанның барлық аса бағалы бастамалары мен ұлы идеялары түнді қуған күндіздей, оның жаны халықпен егіздей. Ескіден жеткен есті тәмсіл шерткен сыр бұл. Алла тағала адамды балшықтан жаратқан. Адамды жаратқан Алланың қолында бір уыс балшық қалыпты.  Алла сол балшықты адамның алақанына салып, «Өз бақытыңды өзің жасап ал!» – депті. Адамзаттың бір бөлігі – сол балшықтан ізгілік жасағандар алғысқа, зұлымдық жасағандар қарғысқа бөленіп келеді. Өзіне сенген құстай ұшады, біреуге сенген мұрттай ұшады. Өзіне сенген Нұрсұлтанды табиғи таланты мен табанды еңбегі қыран құстың қос қанатындай болып талай-талай биіктерге алып ұшты. Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, Әсерлі ғой ізгілердің ісі де, – деген Жүсіп Баласағұн сөзі өмірлік мұраты болды оның. Пифагордың: «Бақытты қуып қара тер болма, оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде», деген сөзін де үнемі жадында сақтады, ұлы мұрат, ұлы еңбек сенімді ақтады. Нұрсұлтан – отызға жетпей-ақ орда бұзып, қырыққа жетпей-ақ қамал алған қаһарман. Бұған оның бүкіл саналы өмірінен ондаған, жүздеген мысал келтіріп көзіқарақты халықтың өзі білетін жайларды баяндамай-ақ қоялық. Осының бәрі әлемдік деңгейдегі тұлғаға бас­тай­тын баспалдақтар болғанмен, Нұрсұлтан феноменінің басты факторлары оның Алланың нұры түскен ұлы тұлғасында! Түйін сөз Терең теңіз тартылмайды, терең ой сарқылмайды Көз жетпес көк аспандай көлеміне, Бойлатпас көк теңіздей тереңіне, Елбасым, елін сүйген Нұрсұлтаным, Қонған бақыт дер едім мен еліме. Ұлы тұлғаларды тарихтың өзі туғызады. Заманның дауылы мен жауыны, селі мен желі, өрті мен дерті шыңдап, қатайтады. Соның көркем бір көрінісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өмірі. Ол бүгінгі әлемдік деңгейдегі биігіне бірден және оп-оңай жеткен жоқ. Оған дейін ол талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Қиналған кездері де болды, сыр бермеді, майыс­пады, қайыспады, сынбады. Ұлттық ұлы рух, қайыспайтын қайсар намыс, қайтпас қайрат-жігерін жанып, үнемі алға жетеледі. Нұрсұлтан Назарбаев жайлы ойлағанда қалам ұшына Шәкәрім қажының: Мен жетелеп өлемін, Өрге қарай қазақты, – деген өлеңімен қабаттаса Вольтердің: «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті», – дейтін ұлағаты, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан: «Уайымсыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай!», – деген сөзі оралады. Нұрсұлтан келе жатқанда онымен бірге терең теңіз, текті ойлар көшіп келе жатқандай әсерде боламын. Қара сөз ұзай береді. Нұрсұлтан жайлы ойымды өлеңмен өрейін: Даналардың көзіндей, Сөзі Бұқар сөзіндей, Ақылына қарасам, Абылайдың өзіндей.   Бекзаттығы аппақ сезімдей, Саясатта семсер сезілмей, Нұрсұлтандай дана қайда бар, Ойлайтын халқын көз ілмей.   Бір өзі бір ел туындай, Лебізі алтын буындай. Нұрсұлтан сынды дананың. Тұрсыншы туы жығылмай.   Әр ісін қолдап, демеңдер, Артық айтты демеңдер. Аса жиі тумайды, Нұрсұлтандай кемеңгер. Иә, Нұрсұлтанның ойы теңіз, өзі ұлылықпен егіз. Терең теңіз тартылмайды, терең ой сар­қылмайды... АЛМАТЫ. Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.