Бердібек хан – Алтын Орда билеушісі Жәнібек ханның баласы һәм Өзбек ханның немересі. Ол шамамен 1357–1359 жылдары Ұлық ұлыстың билеушісі болған тұлға. Бұл тұлға да заманында өзінің атынан теңге соқтырып, оны айналымға енгізген.
Ресейлік нумизматик Г.А.Федоров-Давыдов келтірген дерекке жүгінсек («Клад серебряных джучидских монет с Селитренного городища // Нумизматика и эпиграфика. Т. ХІІІ, М., 1980) бұл теңге хижраның 758 жылы (1357 жыл) Гүлстан шаһарында соғылған екен. Салмағы – 1,56 гр, көлемі – 15х16 мм, материалы – күміс, жәдігер қазір нумизматик Р.С.Сағдееваның № 272 нөмірлі каталогінде 308231 тауарлық кодымен сақтаулы тұр.
Теңгенің өң бетінде «Әділетті Сұлтан – Бердібек хан» деген жазумен қатар арнайы сызықтың үстіне шағын төрт дөңгелек таңба шекітілсе, тиынның келесі бетіне әртүрлі бейнелі мүсін-таңбалар бәдізделумен қатар, жылы жазылған.