• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

Өзекті мәселелер талқыланды

361 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыста Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2014 жылғы жүзеге асырылу барысы, елдің Қарулы Күштерін нығайту мәселелері талқыланды, сондай-ақ, биылға арналған мейлінше өзекті міндеттер белгіленді. Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев ұлттық қауіп­сіздіктің ахуалы мен мемлекеттік орган­дардың осы саладағы қыз­меті туралы баяндады. Мемлекет басшысы қабыл­данып жатқан шаралар арқасында ұлттық мүдделерді тиісті деңгейде сақтау қамтамасыз етіліп отыр­ғанын атап өтті. Сонымен қатар, діни-экстремистік, террористік, сондай-ақ, жаһандық және өңір­лік үрдістерден туындаған эко­номикалық сипаттағы қатерлер сақталып отыр. Қазақстан Президенті осыған байланысты лаңкестікке қарсы қолда бар инфрақұрылымды жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, мем­лекет терроризмге және экс­тре­мизмге қарсы іс-қимыл жө­ніндегі құ­қық­тық және ұйым­дас­тыру­шылық тетіктерді жетілдіруді жалғастырып, арнаулы бөлімдердің жабдықталуын және олардың лаңкестікке қарсы операцияларға дайындығын арттыру жөнінде шаралар қа­был­дайды. Түсіндіру жұмыстары азамат­тарымыздың бойында экстре­мистік идеологияға қарсы имму­нитет қалыптастыру ісіне бағыт­талады. Қабылданатын құқық­тық және профилактикалық шара­лар радикалдық идеяны ұстана­тындар санын қысқартуға мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Үкімет пен жер­гі­лікті атқарушы органдар ел­дегі және біздің негізгі сау­да серіктестеріміздің нарық­тарындағы экономикалық ахуалды ұдайы талдап отыруға, қажет болған жағдайда шара қабылдауға тиістігіне назар аударды. Сонымен қатар, қалыптасқан жағдайда ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, әлеуметтік және ең­бек қақтығыстарына әкелетін себептерді жоюға айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте еңбек және шаруашылық дауларына қатысушы барлық тараптың заңдылықты сақтауы маңызды. Қазақстан Президенті біздің республикамыз Украинадағы ахуалды реттеу ісіне барынша күш жұмылдыруды жалғастыратынын айтты. Бұл мақсатқа жету үшін барлық дипломатиялық ресурстар пайдаланылатын болады. Отырыста, сондай-ақ, әске­ри, қоғамдық, экологиялық, ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелер қа­ралды. Талқылау қорытындысы бой­ынша Мемлекет басшысы Үкі­метке бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына жүктеді. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.