• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

Қаптауыл қалам, тұтқауыл талғам

456 рет
көрсетілді

Қанаттас қаламгер Құлбек Ергөбектің әдебиет әлеміндегі әдемі ғұмыры туралы сыр-десте Екеуміз құрдаспыз. Әзіліміз жарасқан, әңгімеміз таң асқан. Қатарлас оқыдық. Баяғы КазГУ-де. Тіл-әдебиетте. Ол оқуға бір жыл кейін келді. Қатарласып, қанаттасып, қаламдасып кеттік. Бірден. Бір көргеннен. Ол әуелі өзінің басынан үлкен бокс қолғабын киді. Факультет атынан жарысқа түсті. Шынашақтай сары бала. Ашаң. Шаршы алаңның шаңын шығарып жатқандар мұрнын шүйіре қарайды. Кәнігі дайындығы жоқ. Тек құштар көңіл мен балаң намыс. Алға сүйреген сол. Бірақ техниканың аты техника, қолы ауа қармап, қарсыласы бұлт еткенде, бұл жылт етіп, бұрышқа өтіп кетеді. Бірақ факультет намысын қорғап жатқан сары балаға деген жанкүйерлер айқайы басым. Оның жүзінде ойнап тұрған намыс пен құштарлық бізді бірден жақындастырып әкетті. Сол намыс пен жігер оны жеңіске жетелеп келе жатты. Әдебиет майданында сыншы қолғабын киді. Бұл жолы сасып, сансырамады. Намысын қамшылағаны. Маңдай терінің тамшылағаны. Университеттің Әуезов атындағы бірлестігінің жұмысына батыл кірді. Тіпті екінші курста оқып жүргенде баянгер Бейсенбай ағайымыздың сеніміне ие болды. Студенттік ғылыми мәжілістерде бой көрсете бастады. Тақылдап сөйлейді. Тақымдап пікір айтады. Бейсекеңе еліктеп, шашын тікірейте қояды. Кездесулерде мінбеде тұрады. Ашаң жүзі ашылып келе жатты. Мақалдап сөйлейді. Әлем әдебиетінің баһадүрлерінен мысалдар жонады. Жалын күдірейте бастады. Курсының алдында келе жатады. Аузында мысал. Әзілінде тұспал. Сөзінде сын. Қуақы, қунақ. Баяғы бокстағы балаңдығы ұмытылды. Әдеби алаңда сенімді. Сергек. Сезімтал. Құмнан алтын айырған, қашаған сөзді қайырған ұстаздар: зергер Зекең – Зейнолла Қабдолов пен қалақтай ғана қайсар шал  Бей­секең – Бейсенбай Кенжебаев, көп білсе де аз сөзбен сыр ұқтырар, ойыңды юмормен шынықтырар Темірғали Нұртазин,  сөзінің басы Мұхаңмен басталып, сонымен аяқталатын сыршыл ағай Сұлтанғали Садырбаев, жанары жалт-жұлт, айтқаны дерек, кеудесі зерек – Рымғали Нұрғалиев, Белинскиймен бел құда болғандай Белгібай Шалабаев секілді саңлақтар да осынау сары балаға назар сала бастаған. Тіпті жандарына тартып, оның әңгімесіне жарғақ құлақтарын жалықпай төсейтін болды. Уақыт өткен сайын ашаң сары ертектегі жауыр тайдай жұтынып, сөз сапырса «құтырып» шыға келетін болды. Арамыз күн өткен сайын жақындай түсті. Сөзге құрық тастаған өңшең көгенкөз кездесулерде біріміз өлең оқып, біріміз сөз сөйлеп, әдебиетті өзіміз жасағандай болып желденіп, шабыт кергенде шелденіп, сөз тергенде сенделіп, ағалардың алдында көлденеңдей бастадық. Бес жыл бес күндей екен. Өте шықты. Диплом алып, Маңғыстау астым. Ол Алматыда қалды. Әдеби мекемелердің есігінен батыл ене бастады. Академияға барды. С.Мұқанов мұражай-үйінде қызмет атқарды. Алыста жатсам да көзден таса етпеймін. Оқып жатамын. Шыны керек, ол әуелден арға бақты. Әділдікке мойын бұрды. Әлі келсе, ақиқатын айтуға құмарланды. Жазды, жазған сайын өсе түсті. Көрді, көрген сайын көсіле түсті. Білді, білген сайын іздене түсті. Әуелден ішкі дүниесі қайсар еді. Ішкі қайсарлық сыртқа тепті. Жалы күдірейген сыншы болды да шықты. Әдебиетті жіліктей шағып, қаламы ұшында майын сорғалатты. Алматы түнде түстен, күндіз ойдан шықпады. Екі жылдан соң өкшемді көтердім. «Лениншіл жас» газетіне ат байладым. Кілең ығай мен сығай, «мен атайын, сен тұр». Жүрексіне кіріп, жылдарды жүгіртіп кете бардық. Ол да келді жастар ортасына. Әдебиет бөліміне жайғасты. Енді ол жалы күдірейген сыншыға айнала бастаған. Жазбагер жұрт жалпылдап кіріп, жалтақтап шығып жатады. Безбен сол. Талантқа таразы. Әсіресе халтураға қас. Шегір  көзі шатынап, жасықты көрсе, жау көргендей түйіледі, ақсұңқар құстай шүйіледі. Жарқ еткен жақсыны көрсе, жоғын тапқандай сүйінеді. Әріптестеріне айтып, келіншегі ұл тапқандай мәре-сәре болады. Дереу алғысөз жазып, Сәкеңе сілтейді. (Сәкең – сардар аға Сейдахмет Бердіқұлов). Солақай қолдың бір тартары жас қанаттың қауырсынын бұрқыратады. Қара мақалаға да жүйрік. Газетте ондай тапсырмалар да аз емес. Қара мақала деп қомсынбайды, оң қолмен, оң ниетпен жазады. Қай жазбасында да жылт еткен сезім, самала сенім, астары жұмсақ сөз, айтары құндақ ой жатады. Ал әдеби мақалаларға келгенде табаны жерге, қаламы шелге тимейді. Төгіліп те жазады, сөгіліп те жазады, жан ауыртса жадау сөз, егіліп те жазады. Жастар газетінде қатар қалам сілтеген сол бір шуақты шақтар қайта айналып келсе, шіркін, қапы кеткен тұстар мен қайыртпай кеткен тақырыптар қораға кірген қойдай жуасыр еді-ау деп ойлаймын. Ол да осылай ойлайтын болар. Мен бұған кәміл сенемін. Жастар газетіндегі жарқын кезеңнің жылнамасын таратып жатқан жазбагерлердің жадында қалған сол бір жылдарда оның өзі өркештеніп, қаламы буыршындай бұлқынып, ауыр жүкті арқасы қомды атандай тарта алды. Көркем сөзге шешен. Қара сөзге көсем. Әдеби трибун. Басында жүз ақынның жыры жүреді. Талай қаламгердің сыры жүреді. Сағынышы мен мұңы жүреді. Жастар газетінің жақсы қамшыгерлерінің бірі болды. «Социалистік Қазақстан» газеті қалап әкетті. Ұзатып салдық. Аға тілшілік лауазымынан кетті. Енді сәл күткенде бөлім меңгерушісі болар еді. Жастар басылымының Әдебиет және өнер бөліміне. Газеттің ең беделді де, даулы бөліміне. Айына мыңдаған хат келетін бөлім. Қазақ ақын ғой, елдің әр өңірінен, Алматының өзінен өлең, әңгіме бұрқырап келіп жатады. Бір жылы санадық, шамамен жылына жиырма мыңдай хат келеді екен. Аяқтай келгендерін есепке алмағанда.  Авторлардың ішінде даукестер де, арызқойлар да, «қызыл коммунистер» де, пәле баққандар да, халтурщиктер де жетіп артылады. Секең мені Әдебиет бөліміне меңгеруші етіп ауыстырды. Ең әуелі Көпен көкем келді. Құлбекпен бояулас. Ештеңе әкелген жоқ. Ақыл әкелді, нақыл әкелді. «Өтеш, бұл жерден сен жүз дос, мың жау табасың», деді шегір көзін қадай отырып. Соны айтуға келдіңіз бе? дедім. «Иә, деді ол, бірақ мен мыңның ішінде жоқпын» деді күлімсіреп. Енді келетін «тоқсан тоғыз досым қалды» деп ойладым ішімнен. Дос деген бірден құйылып келе қалмайды екен. Соны екеуміз де бастан кештік. Тіпті қызық жағдай өзі. Болған оқиға. Жастар газетінде менің басымда, «Социалистік Қазақстанда» оның басында болған жайт. Айтар реті келді. Қ. деген ағамыз болды. Өлең жазады. Жаза берсін. Бірақ аптасына кем дегенде бір рет  келеді. Өлең әкеледі. Алматыда аудандық газет жоқ, соған сілтейін десең. Шаршамайды, талмайды. Таланты нөл болса да, «еңбегі» екі жүз процент. Қайтарамын. Бір түйіле қарап, шығып кетеді. Тағы келеді. Бір күні, әлі есімде, төрт өлең әкелді. «Бала, өлеңімді өзім оқып берейін, сен тыңда» деді кесімді үнмен. Мақұл. Тыңдап отырмын. Біріншісі «Болмасын соғыс» деген өлең екен. Тыңдап болып, жарамайды дедім. «Міне, көрдің бе, сен қандай адамсың, мен соғыс болмасын деп отырмын, сен жарамайды дейсің, демек, соғыс болсын деп отырсың, соғысты жақтап отырсың» деп тап берді. Сасып қалдым. Мен күтпеген бұрылыс. Екінші өлеңін оқыды. Тақырыбы «Жасасын, Компартия». Маған енді бұл ойын секілді болып көрініп кетті. Жарамайды дедім нықтап. «Ә, тұтылдың ба, сен Ленин партиясына қарсы адамсың, бұл жерде қалай отырсың, ЦК-ға барып, көзіңді құртамын» деді енді күш алғандай болып. Келесісін оқыңызшы дедім жайбарақат. «Абай – ұлы ақын» деді даусын күркіретіп. Оқыды. Жарамайды дедім. Мен де күреңіте бастадым. «Әп, бәлем, білдім сені, Абайды мойындамайсың, жершіл, жүзшіл адам екенсің, құртамын» деді енді жүзі түтігіп. Төртінші өлең оқылмай қалды. «Ағасы, мені құрту үшін жұмысыңызды Бердіқұловтан бастаңыз, осының бәрін айтсаңыз, құртады да салады» дедім. Шыға жөнелді. Өлеңдерін алып. Секең шақырды. Жүзі қабарып кеткен. «Айт не болғанын» деді салқын жүзбен. Айттым. Жіліктеп. Секең өлеңдерді өзі оқыды. Жүзі тіпті қабарып кетті. Жанары жалт-жұлт. «Ағасы, қайда барсаңыз, онда барыңыз, енді қайтіп осы жетінші қабаттан көрмейтін болайын» деді ашуын әзер басып. «Бұл сізге шантаж жасайтын жер емес. Барыңыз». Көкеміз қара кісі еді, одан сайын қап-қара болып кетті. Шыға жөнелді. Аузындағы «құртамын» деген сөз борандап бірге кетті. «Осылар ғой бізді құртқан» деді Секең шаршаңқы үнмен. Ол екеуміз мұндай жағымсыз жайларды сан рет көрдік. Жаңағыдай жазғыштар әлі де қасымызда жүрген секілді. Шаршадық. Бірақ өлермен өлеңшілер шаршамайды екен. Енді ол бір топ «өлеңсекілділерін» алып оған барады. Жаратпайды. Екі барады, жаратпайды. Үш барады, жаратпайды. Төртінші рет Абайдың оқырманның көзіне көп түсе бермейтін өлеңдерін алып және барады. Досым жаратпайды. «Тіпті мына өлеңдеріңіз бұрынғыдан да нашар екен» дейді. Содан әлгі: «СҚ»-да  отырған сыншы Ергөбек Абайды оқымаған, өлеңдерін білмейді, Абайды менсінбейді» деп байбалам салып, бақанын алып, аяқтан шалады. «Абайды менсінбеген» адамды аясын ба, әдеби газет «жарқ еткізіп жариялап, жалп еткізер» қадам жасайды. Досым дүбәра талғам мен күлдібадам көмекке қолын бір сілтеп, ғылымға кетті. Бір жамандықтың бір жақсылығы болады деген сөз бар. Рас екен. Тіпті әлгіндегілерге рахмет айтсақ та болар. Ол қазақ әдебиеттану ғылымына талантты, білімді, білгір, өз көзқарасын қай жерде де дәлелдей алатын, ең бастысы жаза алатын, жазғанда да жорға жүрісі жұртты иландырып, сүйсінтетін, миландырып, қуантатын дарынды сыншы-ғалымды қосуға септігін тигізді. Ашуын ақылға, сезімін сенімге жеңдірген сыншы Ғылым Академиясында мол қазынаға кенелді. Оқу құралдарын да жазды, жазыс­­ты. Тарих шаңын талғап сүртіп, шыңырау түбіндегі шындықты қауғалап сыртқа шығарды. Ерінбеді, екшеді. Таусылмады, текшеді. Қаламы қозғалып, көкейдегі сөзді алып, оқырманның көзіне сүзді. Тапқан қуанып, таныған алып, талантқа рахметін жаудырды. Қазағымызда: «күшігінде таланған» деген сөз де бар. Ол да осыны бастан кешті. Бірақ оның басқалардан ерекшелігі, жасып қалмады, жүні жығылмады. Қайта жалын тікірейтіп, қаламын серт ұстап, ұлттық әдебиеттің ұлы майданына ұрандап шықты. Қазып жазды, танып жазды. Қазақтың ғана емес, әлем әдебиетінің алыптарымен кездескенде, сұхбаттасқанда иығын бермей, деңгейлес дарынын, қаламгер қарымын көрсетумен болды. Өсті, өрісін кеңейтті. Өнегесін молайтты. Академиктермен әзілі жарасып, тұлғалармен таласып, баһадүрлердің батасын алып, саңлақтардың сарқытын ішті. Қауқарлыға қолбала болмай, зейіндіге зор бала болды. Ергөбек – еңбек озаты. Таптауырын тіркес демеңіз, айдай ақиқат.  Оның жүрдек қаламы жиырма томдық еңбек берді. Соншасы тартпасында жатыр. Алты томдық «Арыстары мен ағыстары» қандай! Қалың томдар. Аты қандай болса, заты да сондай. Терең таным. Тәлімді талғам. Сергек сезім. Толыбайдың көзімен көріп, Күреңбайдың сөзімен айтады. «Арыстар мен ағыстар» қазақ әдебиетінің соңғы жетпіс жылдық жылнамасы секілді. Анықтамалық жинақ. Антологиялық оқулық. Хрестоматиялық түзілім. Ұзақ жылдардағы көз майын тауысқан еңбек. Әдебиеттің тегі мен түрін талдап, талғаған, толғаған томдар. «Ақындар ағасы» Ә.Тәжібаевтың, қазақ жырының қайраткерлері С.Мәуленовтің, М.Әлімбаевтың, Қ.Шаңғытбаевтың, Т.Бердияровтың, С.Жиен­баевтың, Қ.Мырзалиевтің, М.Мақатаевтың, С.Аса­новтың, Б.Әбдіразақовтың, Ө.Нұрғалиевтің, Т.Ме­детбектің, Ж.Ерманның т.б. танымал талант­тардың поэтикасын талдауындағы сыршыл сөз, шыншыл пейіл, новеллалық нақыштарға бай лирикалық эсселер өлеңнің өзіндей болып мөлдіреп туып, қуанта оқытады.  Білгірлік пен ақындық сезім астасқанда сынның да шырайы кіріп, жаны жарқырайды. Ал прозаны талдағанда, жазып отырған нысанасына сұғына кіріп, ар жақ, бер жағын қопарып тастайды. Сын мақала оқылмайды деген тіркесті бұзған «бұзықтардың» бірі де осы аузын ашса, айтары төгіле жөнелетін ашаң сары. Қазақ жырының көшіндегі қыздардың анасындай болып, абзал ғұмыр кешкен Мариям Хакімжанова апамыздан тартып, аяулы аруларымыздың тағдырын мөлдіреткенде талай оқырманның жанары боталап, жүректері елжірегеніне сан рет куә-дүрмін. Бұдан екі жыл бұрын «Өлеңсөзі» өріске шықты. Алпысқа толғанда. Осы дарын даралығы мен жанр жаңалығын жіктеген сараптамалық еңбекті терең танып, «әдебиеттегі қажетті еңбек, керекті зерттеу-талдау» деп бағалай алмадық білем. «Сыншының жолы – ауыр жол» деп ұстазы Бейсекең айтып еді. Білген екен. Қазақ әдебиетінде қырық жылдан бері қалам суытпай, туған әдебиеттің туын көтеріп, жақсысын жариялап, жаңасына қуанып, қашанда қағылез мінез танытып келе жатқан қаламгердің маңдай терінің өтеуі алдағы күндерде қайтар деп үміттенемін. Оның жазғандарын оқу бір ғанибет. Поэзияны талдағандағы парасат, прозаны талдағандағы ішкі қуат, драматургияны талдағандағы динамикалық жігер, ел мәдениетін екшегендегі ерекше энергетика, ең бастысы туған әдебиетке деген таза перзенттік сезім оны өзгелерден оқшау көрсетеді. Мұны бәріміз білеміз. Айта бермейміз. Әлде айтқымыз келмей ме екен? Оны өткен жылы әдебиетіміздің алыптарының бірі Әбекең – Кекілбайұлы айтты. Айтқанда қандай, оның туған әдебиеттегі ерен еңбегін батырлық пен жанқиярлыққа теңеп, бір өзі бір ғылыми зерттеу институтының жұмысын атқарып жүр деп ағыл-тегіл пікір айтты. Хабарласып, «мен үшін ең негізгі баға осы» деп көңілі босап та кеткені бар. Сол кезде ол өзін бақытты санады. Шындығы сол, ол бақытын ұлттық әдебиетке қызмет жасау­дан тапқан қаламгер. Қызыға қараймын. Қызғана қарағандар да болған. Қызғаныштың қызыл күшігі шәуілдеп көрген. Түйе үстінен итке қаптырмас жігіт қой, керуені көше берді. Ол өз мандатына адал қал­пынан айнымай келеді. Ұлтқа қызмет етудің ұлағатын көрсетті. Ұстазға қызмет жасаудың үлгісін көрсетті. Қазақ әдебиетінің бастауын он ғасырдан астамға әрі жылжытып, ұлы жыраулар мен жыршыларымызды тірілткен талантты топты тұлпардай баптаған қарапайым ғана қалақтай қара шалдың – Бейсенбай Кенжебаевтың туған баласындай қабылданып, ұлы ұстазы Алла берген аманатын тапсырғанша жанында болып, қарияның батасын алған оның азаматтығын шексіз құрметтеймін. Қара шалмен бірге болған күндер қазақ әдебиетіне, оның тарихы мен сынына қазына болып қосылды. Көмбе ашылды. Көңіл тоғайды. Көз тояттады. Қалам қуаттанды. Шындық шуақтанды. Бейсенбай ағамыз өмірден өткен соң оның әдеби мұрасына шынайы қамқорлықпен қарап, түзіп, жинақтап, текшелеп, киелі Түркістан жеріндегі Қазақ-Түрік университетінің жанынан кітапханасын жасақтап, көшіріп әкеліп, жайнатып, жасантып қойды. Ұстаздың атын оздырды, затын қадірлетті. Рухани-діни орталық болып қалыптасқан Түркістан енді мәдени-ғылыми орталықтың да туын көтеріп, әдіскерлер мен дәріскерлердің іздеп келетін орнына айналды. Бұл ұйымдастырушылық қабілет. Көпке болсын, көңілге жақсын деген әрекет. Шәкірт тәрбиелеудің үздік көрінісі. Ұстаз болудың озат мысалы. Ақсақалдыққа абыроймен қадам басу. Аруақ шет көрмесін, кейде әзіл алып қашқанда: «Түркістанда Қожа Ахмет, оның қасында Құлбек» деп айтып жіберетінім бар.  Ризалық. Шын пейіл. Үш ғасырлық соғыстардан үзіліп жеткен аңыздар мен әфсаналар жетерлік. Соның бірі Абылайдың заманында болыпты. Сыр бойынан шыққан, Дөйттің дүрі, Бозғылдың ұрпағы Келменбет батыр жауға шолақ тон киіп, жалаңтөс шабады екен. Бірде қырғын ұрыста, қазақ жағы шегіне бастағанда Келменбет атойлап шығып, жаудың бетін қайтарып, ұрысты қазақтардың пайдасына шешіпті. Соны көріп тұрған хан жас батырды шақыртып, танысып, оның түр-тұлғасына көз тоқтата қарап: «Келте тонды Келменбет, қайратыңа рахмет» деп ризашылығын білдіріпті. Хан айтқан сөзді біз де айтып көрелік: «Қаламгер дос Құлбек, қайратыңа рахмет». Әдебиет атынан, қаламгерлер атынан, оқырмандар атынан. «Ханның сөзін құл да айтар» демекші, аузымызға дуа бере гөр, Жаратқан. Майын тамызады деген сөз бар. Айтса әңгіменің мәйегін, жазса дәйегін табады. Кейде телехабарларға қатысып қалады. Ондайда көкжәшіктің көзіне телміріп қаламын. Сол кезде ол көкжәшікпен «біртүстес» көзі астасып, әрі-сәрілеу болып жатқан телехабардың өн бойына қан жүгіртіп, қозғап жібереді. Біледі, білгесін айтады. Екіұшты пікірлердің өзін дерекпен ширатып, байытып, қайытып, қара сөздің бетіне қаймақ ұялатады. Қазір қаптап кеткен телешоулардың салмағы базардың шуындай, көңілдің буындай. Күлегештердің жеңіл күлкісі де ол қатысқан әдеби-мәдени, естелік хабарда әдемі әзіл, жұмсақ юмор, инабатты ишарамен өріліп, көрерменге рухани салмақ қосар сарабдал дүниеге айналып шыға келеді. Дереу телефон соғып, көргенімді айтамын. Айтылмағаны одан әрі өріледі. Қанаттанып қаламыз. Қалам ұстаймыз. Ой ұштаймыз. Таным талғаймыз. Өткен жылы екеуміз де әдебиет пен өнер саласы бойынша берілетін мемлекеттік сыйлық алу жарысына бірге түсе қалдық. Мен – поэзиядан, ол – әдебиет сынынан. Іштей тілектеспін. Келесі кезеңге шықса екен деп тілекшімін. Жарыс лебі жақындағанда телефон шалды. «Өтеш, жол болсын, бағыт қалай, жай қалай?» деді көңілді үнмен. Айттым. «Мен алмасам да сен алсаң екен, жинағың тың тақырып, көркемдігі мен идеясы тең түскен. Егер алда-жалда ақтық мәреге қатар келер болсақ, мен саған жолымды беремін» деді нық сөйлеп. Шын ниеті. Шынайы көңілі. Жабық дауыстың жұмбағы көп екенін білгендіктен, Қадыр Мырза Әли ағамыздың: «Мен жабық жарыстан қорқамын, не болса да ашық болғанға не жетсін» деген сөзін еске алдым. Мәз болып күлді. Қадекең данышпан ғой, деді сосын тебіреніп. Биыл қой жылы. Той жылы. Ой жылы да болса деп армандаймыз. Әсіресе, Қазақ хандығының жөні де, жосығы да бөлек. Көп айтып жатырмыз. Айтқан сайын жүрегіміз бүлкілдеп, жанымыз нұрланып кетеді. Тарихымыздың оқулығы Қадыр Мырзалиев заманынан бері біршама қалыңдады, бірақ әлі де жазылар беттері жетіп жатыр. Сол жұқалаң беттерді жақсы жазған – қазақ әдебиеті. Ұлт поэзиясы. Ұлт сөзі. Сөз майданында жүрген достың еңбегі де осының ішінде. Елеулі үлесі бар. Өзіндік қолтаңбасы бар. Әргі тарих бергі тарих бола ма деп ұмтылып жатқан жай бар. Бергі тарих болашаққа жол бола ма деп жатқан жай бар. Мәңгілік елдің мәртебесі мен мерейі үстем болсын деп қалам ұстап жүрген арқалы топтың жуан ортасында жақсы дос – филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек те келе жатыр. Түркістанның тұрғыны. Тұранның перзенті. Әдебиет сыншысы, әдебиет зерттеушісі, әдебиет танытушысы қандай болу керек? Оны әбжіл қимылдап, жүрдек қозғалып, жылдам әрекет жасап, өз қызметін мүлтіксіз атқаратын ұлан демеске бола ма? Дау жоқ, Құлбек қаптауыл қаламгер. Қашанда әдеби қақтығысқа, сыншылық соқтығысқа дайын. Бес қаруы бойында. Қалам-найзасы қайраулы, көңіл-тұлпары белдеуінде байлаулы. Шыға шабады. Жыға таниды. Жырғап айтады. Жырлап айтады. Дүдәмал деректердің тігісін жатқызып, қырнап айтады. Айта алатын болғасын айтады. Жаза алатын болғасын жазады. Бір өзі бір шағын ғылыми орталық секілді. Басшысы да өзі, қосшысы да өзі. Хатшысы да өзі, атшысы да өзі. Өз ісіне берілген. Құлдай құлаған. Шаршамайды. Талмайды. Ол қашанда талантсыз тауарға тұтқауыл. Көңілі құламас кеден. Кірбіңі бар дүниеге кірпік қақпайды. Өлексені өткізбейді. Жеріне жеткізбейді. Тұтады. Одан тек қана әдебиеттегі адалдық ұтады. Оның тұтқауыл қасиеті әдеби пайымдары мен толғамдарында жан-жақты көрініп, жарасымын тауып жатады. Жаға жыртыспайды. Кейде әдеби температурасы көтеріліп кететін жері де бар болар, бірақ диагнозын дұрыс қоя білгендіктен, дау асқынбайды. Жоғары технологиялық дәрігерлік құрал-жабдықтардың заманында ол баяғы, кәдімгі шынысы қалың қол микроскоппен ауруды жазбай айыратын көнекөз дәрігерлердей біліктілік көрсете алады. Әдеби біліктілік – әділдіктің өлшемі. Ол өлшемнен жаңылыспайды. Бұдан 3-4 жыл бұрын Құлбек «Қазақ әдебиеті» газетінде маған арнап ойламаған жерден: «Мен сені жоғалтып алудан қорқамын» деген ашық хат жазды. Күтпеген хат. Көп сыры бар хат. Соның бір жерінде: «мен сен арқылы әдебиетке келдім» дегендей деп, мені асыра мақтап та кетіпті. Қуандым. Бірақ осындай талантты адамды мен қалай әдебиетке алып келдім деп қиналдым. «Жоқ, сен әдебиетке өзің келдің» деп жауап жаздым. «Алыстан аңсап жеткен жолаушымын» деген жауап хатым «Қазақ әдебиетінде» жарияланды. Жақсы пікір туғызды екі хат та. Достар мақұлдады. Оқырман қуанды. Құлекең кітабына кіргізді. Біз әдебиетке бірге келдік. «Училищеден келдім» деп Геннадий Хазанов айтқандай: КазГУ-ден келдік. Қатар келдік. Ортақ досымыз Бақытжан Бұйраевтың балығын жеп отырып келген сияқтымыз. Әлде екінші рет «абитуриент болып», КазГУ-ге бірге келгенде келдік пе екен? Інілерімізді оқуға алып келгенде. Мен Бейсенбай Кенжебаев ағайдың соңғы дипломшысы болдым. Ол оның баласы болды. Сонда бірге келдік пе екен? Кездесуге келген Сағи, Тұманбай, Қадыр, Мұқағали, Фариза, Өтежандардың алдынан қуана шығып, есік ашқанда  қабаттаса кірдік пе екен әдебиет ауылына? Талай жылдар заулап өте шықты. Бірде озып, бірде қалып, жылдарды жетелеп келеміз. Алла ғұмыр берсе, әлі талай қатар жүрерміз деп ойлаймын. Менің Құлбектен үш-төрт ай үлкендігім бар. Соған бағып іні-досым туралы осы бір жазбаны қағазға түсірдім. Әлгінде айтқан хаттардан кейін оған арнап өлең жазғанмын. Өзіне кезінде жолдап едім, тұтқауылынан қиналмай өттім. Әлде досы болғасын, көңілжықпастық танытты ма екен? Араласып арғы бір ағыстармен, Саусақ сынап бергі бір қағыстармен. Келе жатыр бір адам – Жаны – Жайық, Тіл қатысып тарихи арыстармен...   Жаны – жайнақ, Жел соқса аспандаған, Жанарынан қуанса жас парлаған. Білмейтіні жоқ оның бұл өмірде, Әрбір күні бір өлең басталмаған.   Жаны – аспан, Бұлты жоқ, бұлдыры жоқ, Әзілі бар әжімсіз, қулығы жоқ. Түркістанның түтінін тікейтеді, Сыршылдық пен сезімнің  сыңғыры боп.   Әңгімеміз жарасқан, сырымыз да, Әзіліміз жарасқан, мұңымыз да. Сөз-сұлуға біз бірге ұрын бардық, Шаң қонбады көңілдес жырымызға.   Бірге жүрген күндерге бір барамын, Түркістанға телміріп мың қарадым. Ашаң жүзің ашылып, Арыстай боп, Аман-есен әрқашан жүр, қарағым.   Құлбек дос, Құлекем – Құлагерім, Жанымды көр жайнаған мына менің. Арыстардан кеп жеткен адал елші, Түркістанды тіреген құба белім! *  *  * Бұл – достық көңілдің тапсырысымен жазылған сыр-десте. Ол биыл пайғамбар жасына қарай қадам басты. Әзір жайнамазға құламайтын секілді. Құлағаны – қазақ әдебиеті. Оқығаны – тарихи тұлғалар. Жазғаны – туған мәдениеттің шежіресі. Жазар көбейсін, жан досым! Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.