• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

Жолбарысты жайратқан жігіт

462 рет
көрсетілді

Осы әңгімені бұрындары да естіген едім. Бірақ аса мән бермеген болатынмын. Жақында тоқсаннан асып қалған Келіскен деген қария және айтты. Өткен ғасырдың басында қазіргі Қара­өзектің шығыс жағында, Балқаш көлінің кең қолтығындағы Алтынбек сайында ши өте қалың болыпты. Малға да жайлы болса керек. Кеңес өкіметі де жергілікті халыққа «құрығын» сала қоймапты. Өз тірліктерін өздері күйттеген ел анда-санда малға ит-құс тисе де аса мән бермейді екен. «Осы маңда бір жолбарыс пайда болыпты», деген сөз де оларға еш әсер етпеген. ...Сол күні Гүлдәрі ши тартуға ерте шығыпты. Бойшаң келген сүйекті жігіт еңбекқорлығымен бүкіл ауылға сүйкімді екен. Қолында ағаш сапты, өткір орағын беліне қыстырып жаяу барыпты. Шиді көп тартса керек. Екі жерден буып, шиді басынан асыра иығымен сүйреп келе жатыпты. Ауылға жақындап қалғанда жолба­рыс­тың «арр...ррр» еткен дыбысын ес­тіп қалады. Сол сәтте жерге етпетінен құлап түседі. Артқы жағынан қарғыған жолбарыстың екпінінен құлағанын, жолбарыстың бұған шиді жұлмалап жатқанынан бірден аңғарыпты. Ши оратын шалғысы қолында екен. Жанұшыра орнынан тұрайын десе ши басып қалған. Шидің үстінде жолбарыс жатыр. Оның қолына бірден жолбарыстың шонданайы ілігіпті. Тас қылып ұстаған күйі өткір ши орғышымен тартып жіберіпті. Қолына ыстық қан тыз ете қалады. Сол сәтте ақ жолбарыс алды-артына қарамай қаша жө­неліпті. Орнынан тұрып қараса, жолбарыс кеткен жақта ізімен қоса сорғалаған қан. Жыртқыштан құтылғаннан кейін орып алған шиіне де қарамастан Гүлдәрі ауылға қарай қашыпты. Қу тірлік үйде тыныш жатқызған ба? Бір күн өткеннен кейін әлгі орған шиін алып келуге Гүлдәрі қайта барыпты. Сонда қансырап өліп қалған әлгі жолбарысты көріпті. «Осы жолбарыс Балқаш ауданы жағына қарасты аймақтағы соңғы жыртқыш болса керек», дейді Келіскен кейуана. Марат ҚАШҚЫНБАЕВ. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.
Соңғы жаңалықтар