Мен-дағы бір белгімін ғасырдағы,
Дүркіреп дәурен көшер басымдағы.
Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан,
Көз жазбай көргенімнен жасымдағы.
Өмірім өлеңіммен бірге өрілген,
Өрнегін келтіре алмас кім көрінген.
Ақынның құпиясы өзіне аян,
Ұясын жүрегінің мұң кемірген.
Жалықпас қуаныштан, қайғыдан да,
Тіршілік мінезінен айныған ба?
Байлығы жолдас болмас бұл жалғанның,
Қаламнан қайыр күткен ойлы жанға.
Жансая іздемедім салқын белден,
Қайтемін рахатты әркім көрген.
Сіміріп сөз тұнығын – шөл қандырғам,
Бабалар жүзіп ішкен алтын көлден.
Мұраға баға жетпес ие болған,
Бірімін бақыттының кие қонған.
Алланың әмірімен ойда жоқта,
Еншіме ризамын тие қалған.
Асқақтап, асып-таспай әлдекімше,
Жырладым шама-шарқым келгенінше.
Ұлтыма қызмет етсем армансызбын,
Күзетіп босағасын өлгенімше.
Соға ма сөз семсерін осал адам,
Күнім жоқ жоқтан барды жасамаған.
Дос түгіл қарыздармын дұшпаныма,
Оқ атқан Бекежандай Қособадан.
Халқын кім жақсы көрмес жаны сүйіп,
Безбүйрек болмаса бір қаны сұйық.
Адамның жүрегіне елі сыйған,
Кетеді дүниенің бәрі сыйып...
Жібек жолы
Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай.
(Халық өлеңінен).
Ешкім жоқ түгел түстеп білдім деген,
Кім жортып, бұл далада кім жүрмеген?
Кім білсін қанша керуен келіп-кетті,
Қоңырауы күндік жерден күмбірлеген.
Шежіре-атамекен шартарабы,
Сан тарау сайрап жатыр жол сорабы.
Сөйлейді көне қала, көне қорған,
Көміліп құм астында қалса-дағы.
Ойлаған ерлер елдің болашағын,
Түгендер типыл болған қала санын.
Секілді талай шаһар тірлік кешкен,
Отырар, Сайрам, Қойлық, Баласағұн.
Жоқтайды іштен тынып шерлі дала,
Байға да мекен болған, жарлыға да.
Қайнаған қанбазарлы қалалардың
Томпайып жатыр енді орны ғана.
Құл болған қайда барса пұлға ғана,
Саудагер таңсық емес бұл далаға.
Тоздырып керуенсарай босағасын,
Сырғыпты бір қаладан бір қалаға.
Батыры бес қаруын күнде асынған,
Даланы ол заманда кім басынған?
Жусаннан аласа боп жібек сатқан,
Шыққандар керуен тартып Шын, Машыннан.
Бабалар түсіне енер ұрпағының,
Тұрманы алтын-күміс тұлпарының.
Келгенде тебінсініп қас дұшпанын
Сыйдырған қауызына бір тарының.
Аңыз ғой айта берсең бұрынғыны,
Айменен шағылысқан туырлығы.
Оң жақта аялаған аруының
Жібектен желбіреген шымылдығы.
Жібектен шашбауы да орамалы,
Сан ақын оралады оған әлі.
Қызынан қазақ асыл аямаған,
Кетсе де алдындағы қора малы.
Шығыстан жібек судай ағылыпты,
Торқаға байтақ дала малыныпты.
Батысқа бет түзеген керуендерді
Еуропа базары да сағыныпты.
Керуендер аман өтіп сан дауылдан,
Сабылып Батыс-Шығыс сауда қылған.
Өшірген Жібек жолын келе-келе,
Замана көк теңіздей аударылған.
Өзендей тынбай ағып сарқыраған,
Жетіпті осы күнге халқым аман.
Түбіміз асыл текті сақтар екен,
Патшасы алтын киіп жарқыраған.
Өткенім ұмытылмас енді өмірі,
Тұрғанда аталардың төрде жыры.
Ғасырлар қойнауынан кісінейді,
Сүйреткен жібек арқан телқоңыры.
Бұл жолда сыры бұққан мың жылдардың,
Ізі бар қанды балақ қырғындардың.
Астында топырақтың тағдыр жатыр,
Үңіліп қарар болса бұл күнде әркім.
Әлемге ойран салған атысып сан,
Қадірін асыл бұйым Батыс ұққан.
Шыңғыстың жорығы емес ең әуелі,
Шығыстың шым жібекпен аты шыққан.
Сауданың не бір сиқыр сырын ашқан,
Керуен Қырым асқан, Үрім асқан.
Түйенің табанымен Жібек жолы –
Жазылған жер бетіне Ұлы дастан!
Екі туып келмейсің
Дүние сыры бір ғана Құдайға анық,
Түн айналып келеді, күн айналып.
Қайта тұнар тасыған асау өзен,
Арнасынан шалқыған ылайланып.
Жыл құстарын шұбыртып жылап кеткен,
Көктем қайтып келеді шуақ төккен.
Қайталанар өмірде барлығы да,
Еш нәрсе жоқ мәңгілік тұрақ тепкен.
Қайталанар жаз бен күз кезегімен,
Қаһарлы қыс қар бүркіп өзегінен.
Қуаныш та, қайғы да сан тосады,
Тар соқпақты тағдырдың кезеңінен.
Тіршіліктің тірегі адамдықта,
Қайталанар жақсылық, жамандық та.
Сатқындық пен қастықтан көз ашпайсың,
Дос ниеті бұрылса арамдыққа.
Барлығы да кісінің пейілінде,
Қайталанар өмірдің тойы күнде.
Ұшқан бақыт басыңнан қайта қонар,
Жүрегіңді толтырып мейірімге.
Шуақ түсіп тұрғанда көктен жерге,
Қайта келер өкпелеп кеткендер де.
Қайта жібір көңілің тас боп қатқан,
Не табасың жақынды жек көргенде?
Қайда қашып ортадан кетем дейсің,
Атажұрттың төсінде мекендейсің.
Қайталанбас өмірде өзің ғана,
Екі туып келмейсің, екі өлмейсің?
Өз қолыңмен өрт салма
Қаз қаңқылдар көлінде,
Құлан ойнар шөлінде.
Тарылмасын тынысың,
Қазағым, өз жеріңде.
Қысым түссе жаныңа,
Жарты құртты бөліп же.
Ала қойдың жүніндей,
Бірақ өзің бөлінбе!
Бас-аяғың бірікпей,
Бүтіндік жоқ еліңде.
Ит тұмсығы өтпейді,
Ну орманға тегінде.
Бітік өскен бұта да
Жел жібермес көбінде.
Ортаң ойық көрінсе,
Жыртылғанды жама да,
Жарылғанды желімде!
Туған балаң бесікте,
Тумағаны беліңде.
Болашағы – аманат,
Бәйбіше мен келінге.
Күңіренбесін десеңіз,
Ата-бабаң көрінде,
Отбасыңа ие бол,
Отырғанда төріңде.
Өз қағыңнан жерінбе,
Өз қаныңа тебінбе!
Содан жақын жоқ саған,
Бұл жалғанның шебінде.
Өз қолыңмен өрт салма,
Өзің еккен егінге!
Алтын буы арбайды,
Дүние жолдас болмайды,
Оранасың небәрі,
Екі шаршы кебінге...
Марғасқа
(Әбіш Кекілбаевқа)
Әлемнің оймен кезіп шартарабын,
Әрқашан ауыр жүкті арқаладың.
Өшірмей Әбіш атың намыс отын,
Жұртыңды жүрегіңмен қалқаладың.
Жарқырап парасатпен парқың жанған,
Айналдық ел сүйенген нар тұлғаңнан.
Келесің халқың үшін арпалысып,
Кемедей көк дауылда толқын жарған.
Сырыңды қалам қайтып жасырғандай,
Жауың да жазғаныңа бас ұрғандай.
Қазақтың бақытының белгісі ғой,
Жарқырап саған біткен асыл маңдай.
Көкшетау
Көкшетау, мөлдіреген көркің қандай,
Қалықтап аспаныңда ән тұнғандай.
Сексен көл сексен тамшы сыйға тартып,
Айдынын көңілімнің толтырғандай.
Алаңын Абылайдың көрген кезде,
Ойланып, іштерінен ел тынғандай.
Кіргенде Кенесары үңгіріне,
Сескеніп кім болса да тартынғандай.
Оқжетпес кере тартып көкке садақ,
Көктегі ұшқан бұлтқа талпынғандай.
Бурабай тас боп қатқан алып бура,
Бауырында басып жатқан алтын бардай.
Мызғиды жеке батыр анадайда,
Көтерсе басын жерден жел тұрғандай.
Ішінен қарағайдың шыға келіп,
Найзасы Наурызбайдың жарқылдардай.
Жан-жақтан қалың батыр күркіресе,
Түсердей төңкеріліп жер-су қалмай.
Көкшетау қасиетті топырағыңда,
Туыпты алыптарды халқым нардай.
Сондықтан күндік жерден сені көрсем,
Басымнан тұра алмаймын бөркімді алмай.
Сағатты сағынамыз
Алтынның қадірі жоқ қолда барда,
Осыдан опық жедік әр заманда.
Жақсысын қолдай алмай, қорғай алмай,
Сорлады біздің қазақ сорлағанда.
Түсті де Желтоқсанда ойран отқа,
Сағат та жанып кетті ойда жоқта.
Жылындай отыз жеті үнсіз қалып,
Оны да бергендейміз байлап оққа.
Құдай-ау, қорлық еді бұл не деген?
Қолқаңды суырса да үндемеген.
Қой да бір, қазақ та бір болды кеше,
Шетінен қасқыр сүйреп күнде жеген.
Тағдырдың толқынында аласұрған,
Сағаттай айырылдақ сан асылдан.
Кернеген қасіретке шыдай алмай,
Жарылды жүрегі оның шарасыздан.
Жоқ енді сағынғанмен Сағат бізге,
Күреспен өткен ғұмыр сабақ бізге.
«Ақта – деп, – ел парызын мойныңдағы!»,
Тарихтың төрінен тұр қарап бізге!..
Нөсерден соң
Шіркін-ай, неткен ғажап мына жалған,
Жаудырап көз алдымда тұна қалған.
Әп-сәтте күлімсіреп шыға келді,
Көк аспан жаңа ғана жылап алған.
Алысты жақындатып жайнаған күн,
Жарқырап кетті бәрі айналамның.
Ашылып көңілімнің күйсандығы,
Келіп тұр бұлбұл құстай сайрап алғым.
Арылып көкжиек те мұнарынан,
Ап-айқын көрінеді тым арыдан.
Тұныққа шөліркеген қос жанарым,
Сусындап шыға алмай тұр құмарынан.
Тау тұнық, орман тұнық, көл де тұнық,
Жібектей желпіп өткен жел де тұнық.
Ішінде мөлдіреген дүниенің,
Дариға-ай, тұра берсем тербетіліп...
Сағыныш
Жеткізбей алыс қалған тау етегі,
Бұл күнде сағыныштың зары өтеді.
Секілді жаздың бұлты жайлаудағы,
Ойласам көздің жасы сау етеді.
Жабырқап жаным неге егілмесін,
Ауылым, түсімдесің, өңімдесің.
Қайтейін, тоқтататын дәрменім жоқ,
Бұлдырап белден асқан өмір көшін.
Қарашы, жүрегімнің ауырғанын,
Қаға алмай қанатымды ауырладым.
Дүр етіп ұшып кеткен бір топ құстай,
Қай жаққа ғайып болдың, бауырларым?...
Адасып қалдым
Қызылды-жасыл боянып өткен,
Қай жақта жүрсің, баяғы көктем.
Күлімдеп күнге қарайтын еді,
Ұйқыдан гүлдер оянып еппен.
Ұшатын еді көбелек қалқып,
Биікте құстар әуелеп шалқып.
Сарқырап сулар, жарқырап таулар,
Тіршілік біткен керемет балқып.
Адасып қалдым асыл бейнелі,
Көктемім, сенен жасыл жейделі.
Қарлығаш ұя салмайтын үйде,
Тұрамын қазір, кешіргей мені!?
Сені аңсап күнде ойлана берем,
Сиқырлы, сырлы жайнаған әлем.
Қарлығаш болып қалықтап ұшып,
Сәлем айт, барсаң қайда да менен!..
Мұңды да ая
Тілегім ақтық өзіңнен сұрар –
Көңілім, тоқта, тоятта.
Талығып келіп көз ілген шығар,
Ұйықтасын, мұңды оятпа!
Бере ме Тәңір тілегін әр күн,
Болғанмен пенде жылауық.
Сағыныш буып жүдеді бәлкім,
Мұңды да ая бірауық.
Өзіне тиіп өзінің еркі,
Тынықсын түнде мүлгіген.
Саябыр тапсын сезімнің дерті,
Жүректің ішін үңгіген.
Меселі қайтып, сынбасын сағы,
Қадірін білу керек қой.
Оянып кетіп жүрмесін тағы,
Әлдиле оны бөбектей.
Жанымды сол ғой жегідей жейтін,
Қуалап жүріп түбінде.
Дертімді кім бар менің емдейтін,
Өзіңнен басқа бүгінде?
Ырқыма көнген не қыл десем де,
Қиямын кімге жақсымды?
Мазасыз көңіл, дамылда сен де,
Қуыра бермей апшымды.
Күнгейге түскен қардай
Алысты жүйрік көңіл арман етер,
Адымдап оған қайсы пенде жетер?
Қанаты қайырылғанша қайран үміт,
Құйындай жел көтерген дөңгелетер.
Таңдайың татпағанның бәрі таңсық,
Жүрегің жоқ нәрсеге шөлдеп өтер.
Жатса да асып-тасып сабасында,
Көктегі бұлттан тамшы көл дәметер.
Қызығын ұзартам деп қысқа өмірдің,
Әуреге тізгін бердім мен де бекер.
Күнгейге түскен қардай ғұмыр, шіркін,
Қызғанда күннің көзі демде кетер...
Тар ноқтасы тағдырдың
Біреу ерте, біреу кеш,
Бұл жалғанда кім өлмес?
Қысқа өмірде болғайсың,
Бір-біріңе тілеулес.
Тұсау ұзын, шідер бос,
Болғанымен түк өнбес.
Тар ноқтасы тағдырдың,
Ешкімді еркін жібермес.
Әке
Төсеніп топырақтан текеметті,
Қойнына қара жердің әке кетті.
Түгендеп тау мен тасты, ой мен қырды,
Күн астын қаншама жыл мекен етті.
Әкесі еркелетіп шолжаң ұлды,
Жасында жүйрік мінді, жорға мінді.
Өскен соң ата көрген азамат боп,
Салмайды өмір түзу жолға кімді?
Көңілмен биіктетіп аласа үйді,
Жар сүйді, еміреніп бала сүйді.
Жаратқан қолдамаса қиналғанда,
Жалғызға сірә, кімнің жаны ашиды?
Батқанда ауыр тұрмыс жанға қатты,
Жер қазды, кетпен шапты, мал да бақты.
Біреудің ала жібін аттап бірақ,
Ешкімді арбамапты, алдамапты.
Шыдапты жоқшылықтың азабына,
Арамнан ас салмапты қазанына.
Есігін, құшағын да айқара ашқан,
Құдайы қонақ болған қазағына.
Табам деп іздемейтін жоқтың бәрін,
Ойлайтын үйде отырып көптің қамын.
Сыншы еді Күреңбайдай болмаса да,
Білетін құстың күйін, аттың бабын.
Қол соқса домбыраның пернесіне,
Алатын елді есіне, жерді есіне.
Өзімен өзі жүрген жан еді бір,
Жаратқан сәуле құйған зердесіне.
Кетпейді өле-өлгенше білемін мен,
Бейнесі орын алған жүрегімнен.
Елеске айналды да көз алдымда,
Қайтейін, ғайып болды бұл өмірден...
Төрттағандар
Талайлар байлық пенен тақты ойлаған,
Өз жұртын өгейсініп қақпайлаған.
Ел көзі ерге түсер ең алдымен,
Биліктің қазығына ат байлаған.
* * *
Арбаса билік буы, қыздың лебі,
Азамат ел үмітін үздіргені.
Пенденің періштесі некен-саяқ,
Асты-үстін дүниенің біз білгелі.
* * *
Жалақор, парақорлар жайлағанда,
Сенетін жан қалмайды айналаңда.
Қулық пен қиянаттың құрығы ұзын,
Шындықтың қолы қысқа қай заманда.
* * *
Барасың бізден қашып жастық қайда?
Құдай-ау, асау көңіл бастықпай ма!?
Досымдай көптен күткен есік қағып,
Үйіме енді қайта бас сұқпай ма?
* * *
Пендеге мұрат емес жүз жасамақ,
Өмірі өткендердің – бізге сабақ.
Тарихтың қатпар-қатпар қойнауынан,
Табасың керегіңді іздесең-ақ.
* * *
Жылыстап өте шықты, шіркін, жастық.
Алдыңғы керуеннің жұртын бастық.
Тәңірім неге керек бермеген соң,
Өңірін боз көйлектің жыртылмас қып?..
* * *
Домбыра екі ішекті, бір тиекті,
Үніңнен айналайын қасиетті.
Күн сайын көкірегіме құясың сен,
Бабалар айтып кеткен өсиетті.
* * *
Дүние бүгін өткен, ертең де өтер,
Көсіліп қай заманға көрпең жетер.
Жайнаған жас үміттің жапырағын,
Тынымсыз жел тербетер, сан шөлдетер.
* * *
Қақ жарып көк толқынды кеудеңізбен,
Болсаң да алып кеме өрге жүзген,
Құлдырап таудан төмен құлағандай,
Түбінде бір қайтасың келген ізбен.
* **
Береке мен бірліктің жоғалғаны –
Жағадан жау, етектен бөрі алғаны.
Жусап жатқан жылқыңды үркітеді,
Көк шегіртке кісінеп көгалдағы.
* * *
Дос сатты, дұшпан қатты, өмір тәтті,
Өткердік мына бастан небір сәтті.
Салыңқы қас-қабағы салқын дүние,
Қызу жоқ, қызық та жоқ – жабырқатты.
Ақ тілек
Мен тағы алға жылжыдым,
Кел тағы, Жаңа бір жылым!
Тәуелсіз елмін Ту алған,
Қолымда тізгін-шылбырым!
Ойнатып көктем жасынын,
Жарқылда, Жаңа ғасырым!
Жарқырап шықсын алдымнан,
Келешек көзден жасырын!
Күндерді күнге жалғайтын,
Уақыттың шегі шалғай тым.
Қасірет қайтып оралмай,
Қазағым қанат кең жайсын!
Тауларым нұрға бөленсін,
Бауларым қаулап, көгерсін!
Елімнің ашық аспанын
Айналып ұшсын көгершін!
Бақытқа толып баспанам,
Жайнасын жаңа Астанам!
Ақ бата берсін ата боп,
Желкілдеп өскен жас балам!
Бесігін ана тербесін,
Еңбекпен әке терлесін!
Құт қонып байтақ далама,
Әр үйге Қызыр төрлесін!
Толғанып ойға батамын,
Тебіреніп толқын атамын.
Дүние тыныш, ел тыныш,
Дін-аман болсын Отаным!
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.