Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Халық мектептері үшін мұғалім бәрін жасайды. Барлығы мұғалімге, оның педагогикалық жұмысқа дайындығына, өз ісін жақсы көруіне байланысты. Мұғалім – мектептің жүрегі» деген болатын. Ал педагогика саласындағы заманымыздың ірі теоретигі Шалва Амонашвили: «Білім саласына реформа мұғалімнен басталуы керек» дейді. Әлемдегі дамыған озық отыз елдің қатарынан орын алуға ұмтылып отырған елімізде ең алдымен білім саласы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бәсекеге төтеп бермей, топты жару оңай болмайды. «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығының жұмыс істегеніне үш жыл болды. Балабақша тәрбиешісінен бастап, жоғары оқу орны оқытушысына дейінгі білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін көтеру жұмыстары осы орталық арқылы мүмкін болады.
Биыл республикалық «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығының «Педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру: бүгінгі ахуалы, тәжірибе, болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы Қостанайда өтті. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан және Ресейден, Австралиядан және Қырғызстаннан мұғалімдер, педагог-ғалымдар қатысты.
Конференция жұмысы «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы Қостанай филиалының осы шараға арнайы жасаған көрмесінен басталды. Конференция қонақтары көрмеден Қостанай облысындағы мектептерде әдістеме жұмыстарының қаншалықты жақсарғандығы, уақыт талабына сай білім сапасын, мұғалім біліктілігін көтеруде енгізілген жаңалықтар, педагогтар ізденісі, шығармашылығы жөнінде мол мағлұмат алды. Жалпы халықаралық ірі конференцияның Қостанайда өтуі де кездейсоқ емес. «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығының Қостанай облыстық филиалы республикада барлық көрсеткіштер бойынша үш жылдан бері алдына қара салмай алда келеді.
Конференцияда «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гүлназ Ахметова біліктілікті көтеру ұлттық орталығының жетістіктері мен шешімін күткен міндеттер туралы баяндама жасады. Осы үлкен жиынға қатысқандар екі күн бойы мұғалім біліктілігін көтерудегі түйінді мәселелерді талқылады. Бүгінгі уақыт ырғағы білім саласында тұйықталып қалмауды талап етеді. Шетелдердегі озық тәжірибелер көрсетіп отырғандай, білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін көтерудегі жаңа үлгінің тұжырымдамалық негізі мұғалімді өмір бойы оқуға, білімін жетілдіріп, біліктілігін көтеріп отыруға бағыттайды. Қазір қоғамда адамдарға теориялық біліммен қарулану аз, ол өмірге бейім, дайындығы мықты, яғни шығармашылықпен ойлай алатын, белсенді, өзін өзі дамытып отыратын болғанда ғана белгілі нәтижеге қол жеткізеді. Сонда ғана ұстаз шәкіртімен жүйелі және жан-жақты жұмыс жүргізе алады. Білікті ұстаз оқушының өз бетінше білім алуға, ізденуге, талдай, тұжырымдай білуге бұлақ көзін аша алатындай қасиетке ие болады.
– Республикадағы біліктілікті көтеру жүйесі тарихында бірінші рет оқу-әдістемелік кешендер жасалды. Оның құрамына курстардың жаңартылған мазмұны және бақылау-бағалау материалдары енді. Яғни, бұл өз бетінше алған білімін тест арқылы тексеруге, тапсырмалар алып отыруға мүкіндік береді, – деді Гүлназ Ахметова. – Біліктілікті көтеру жүйесінің инновациялық жұмыстарындағы келесі бағыттың бірі үштілділік болып отыр. Елбасы тапсырғандай, жас ұрпақ үш тілді білуі тиіс. Оны жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін, ЕҚЫҰ-ның ықпал етуімен «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы тіл мен кез келген пәнді біріктіріп оқытатын «CLIL» әдістемесін енгізіп отыр. Бір пәнді екі тілде жүргізетін ұстаздар дайындау тәжірибесі бізде бар. Болашақта жоғары оқу орындарында пәндерді студенттерге ағылшын тілінде беру үшін «Өрлеу» педагогикалық жоғары оқу орындарының оқытушыларын шетелдік әріптес білім ордаларына оқытуға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жалпы қазіргі уақыт өмірдің қай саласы болсын шетелдердің тәжірибесімен танысуды, озығынан үйренуді талап етеді. Сондықтан «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы филиалдарының 311 қызметкері Франция, Оңтүстік Корея, Австралия, Сингапур, Англия мен Ресейде білім беру жүйесін дамытудың өзекті проблемалары бойынша білімін көтеріп келді.
Мұғалімдер біліктілігін көтеру жүйесін жаңғыртудың тиімді жолдарының бірі саналатын қысқа мерзімді курстар «Өрлеудің» барлық филиалдарында бар. Оларда деңгейлік бағдарламалар бойынша халықаралық Кембридж университеті сертификаты бар 238 тренер жұмыс істейді. Өткен жылы «Өрлеу» филиалдарында деңгейлік бағдарлама бойынша 11239 мұғалім сертификат алды.
– Сертификат мұғалімнің біліктілігін ғана емес, айлық жалақысының да көтерілуіне себеп болады. Мемлекет бірінші рет біліктілігі жоғарылаған ұстаздардың айлық жалақысын көтеруге қаржы салып отыр. Бұл мемлекет тарапынан білім беру саласына жасалған тағы бір теңдессіз қамқорлық екені сөзсіз, – деді Гүлназ Ахметова.
Конференцияда «Өрлеудің» барлық өңірлердегі филиалдары күшін біріктіру, олардағы жаңалықтарды, жақсы тәжірибелерді тарату мәселелері қаралды. «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығының үш жылдағы басты жетістіктерінің бірі – мұғалім ізденісіне жол ашты. Бүгінде ұстаз өзінің білімін, біліктілігін көтеру үшін қайда барып оқимын десе де мүмкіндік табады. Он-лайн семинарларға, халықаралық конференцияларға, байқауларға қатысқысы келсе барлығы да «Өрлеу» арқылы жүзеге асады.
Иә, «Өрлеу» алға ұмтылған ұстазды өрге сүйрейді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.