Жастар қашанда жаңашыл, ілгері күндерден үлесін алудан үмітті, бастамашыл болып келеді. Бұған жастардың шығармашылық тұрғыдан өркендеуіне жағдай жасап, дарынды жастарды анықтап, облыстың мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласуына ықпал етуді көздейтін «Жастар жалыны-2015» шығармашылық жобасы анағұрлым серпін беріп келеді.
Облыстағы талантты жастардың жаңа белестерді бағындыруға деген ынта-жігерлері биыл да ерекше. Жобаға 1000-ға жуық шығармашыл жастар қатысқан. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының концерт залында өткен «Жастар жалыны-2015» шығармашылық жобасының қорытынды гала-концерті осыны аңғартты.
Гала-концертті қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дариға Исмағамбетова биылғы «Жастар жалыны-2015» жобасының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында шығармашыл жастарды біріктіріп отырғанын жеткізді.
– Жастар – еліміздің ертеңі. Олардың қоғам дамуына еркін араласуы үшін елімізде толық жағдай жасалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға қашанда сенім артып, қолдап келеді. Қазір елімізде жастар мәселелерін шешуге бағытталған сәтті қадамдар жетерлік. Соның бірі осы –«Жастар жалыны-2015» жобасы дер едім. Бұл жоба біздің өңірде ойдағыдай жүзеге асты, қаншама жас таланттар мен бастамашыл жастардың өзін көрсетулеріне жол ашылды, – деді ол.
Шығармашылық жоба аясында өткен «Шексіз шығармашылық» облыстық байқауында ақтөбелік Аия Спамбетова, «Түріміз басқа, тілегіміз бір» байқауында мәртөктік Регина Пашбекова, «Менің мамандығым – менің мақтанышым» байқауында щалқарлық Арайлым Жанаман, «Намысты жастар» байқауында ойылдық Ерболат Есенбек, «Street workout» облыстық байқауында ақтөбелік Ислам Сабыров жеңімпаз болды. Ал, «Біз Ақтөбенің таланттарымыз» облыстық байқауында он аталым бойынша отызға жуық жас жүлдегер атанды.
Гала-концерт барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Д.Исмағамбетова жоба аясында өткен байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
– Мен Ойыл халық театрының режиссері болып жұмыс істеймін. Осындағы «Жас талап» драма үйірмесінің тоғыз мүшесінің күшімен «Намысты жастар» театр жанры бойынша байқауға қатысып, онда Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пьесасынан көрініс қойдық. Бүгін байқаудан бірінші орын алып, қуанып тұрмыз. Бұл бізді жаңа табыстарға жетелейді, – дейді Ойыл халық театрының режиссері Ерболат Есенбекұлы.
Салтанатты шара жеңімпаздар мен жүлдегерлер орындаған әсем әнмен, күмбірлеген күймен және мың бұралған бимен бедерленді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.