• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2015

Білім биіктіктерін бағындыруға бағыттайды

254 рет
көрсетілді

Биыл оңтүстікқазақстандық мектеп бітірушілер білім деңгейі жағынан біршама ілгеріледі. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2014 жылы ұлттық бірыңғай тест тапсырудан облыстың орташа балы 74,5 пайыз болса, биылғы сынақта 78,7 пайызға жеткен. «Алтын белгіге» үміткерлердің 2014 жылы 38,5 пайызы ғана өз білімін растай алса, биылғы үміткер 1084 оқушының 56 пайызы дәлелдеген. Нақты таразылап айтар болсақ, соңғы төрт жылдың қорытындысы бойынша облыстың орта балы 11,8 ұпайға жоғарылап, «Алтын белгі» саны 369 оқушыға артқан. Осындай жақсы көрсеткіштерге байланысты Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов республика бойынша ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені әрі жоғары көрсеткішке ие болғаны үшін облыс әкімі А.Мырзахметов пен өңірдегі педагогтарға Алғыс хат жолдады. «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиева түрлі позициялар бойынша сынақ нәтижелерін жіліктеп берді. Альбина Балғабайқызының айт­қа­нындай, жыл сайын өз күші­не сеніп ҰБТ тапсыруға талпы­натындардың қатары көбейіп ке­леді. Мәселен, өткен жылы 68,8 пайыз оқушы ғана сынақ тапсыруға бел байласа, биыл олардың қатары 71 пайызға артқан. Бұған қосымша 96 оқушы халықаралық олимпиада және ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпазы ретінде ҰБТ тапсырудан босатылған. Ерекше атап айтатын жайт, Мақта­арал ауданындағы Б.Мо­мышұлы мектеп-гимназиясы – 35, Түркістан қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты – 26 «Алтын белгі» алды. Жалпы аудан, қалалардың көрсеткіштері өткен жылдармен салыстырғанда жоғары болғанымен Сайрам ауданы 1,9 балға төмендеп отыр. Жоғары көрсеткіш Кентау (99,1), Созақ (86), Түркістан (85) қала, аудандары болса, Сайрам (67,1), Сарыағаш (70,4) аудандары төмен нәтижеде қалды. Түлкібас ауданындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты бітіруші Лаура Абдазимова 125 балл алып, республикада ең жоғары деңгейден көрінді. Былтыр 124 балды бірде-бір оқушы ала-алмаған болса биыл 5 оқушы осы көрсеткішке жетті. 123 балды 22 оқушы жинады. – Елбасы жастарымыздың бі­лімді болуына ерекше мән беріп, барлық жағдайды жасап отыр, – дейді Альбина Елшиева. – Өйткені, білімді ұрпақ – Қазақстанның кемел келешегі. Мемлекет басшысының талабын облыс әкімі Асқар Мыр­захметов педагогтарымызға әр­дайым түсіндіріп, білім саласын­дағы жаңа көкжиекке шығуға ынталандырып отырады. Сондықтан, бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.