• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

14 көше атауы өзгерді

333 рет
көрсетілді

«Орнында бар оңалар» дейді халқы­мыз. Біз тәуелсіздік алған­нан бергі жылдар ішінде ұлттық құнды­лық­тарымызды қалпына келтіріп, тілімізд­ің де, дініміздің де, тарихымыздың да өшкенін жандырып, барын баянды ете бастадық. Оған күні кеше еліміздің айдыны мен айбарына айналған ару Астанада бірден 14 көше атауының өзгеруі дәлел болса керек. «Астанадағы көшелердің негізгі бөлігі қазақ тіліндегі атауларға ие. Бұл Астана қаласындағы көше атауларының 93 пайызы қазақ тілінде деген сөз. Елордада 934 көше болса, оның негізгі бөлігіне мемлекеттік тілде атау берілген. Бұл ретте елордамыз үлгі тұтуға лайық», дейді Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов. «Ештен – кеш жақсы» дегендей астана астана болған 16-17 жылдың ішінде қазақтың ұлы академигіне әлі күнге дейін көше аты бұйырмаса, бүгін сол олқылықтың орны толды: елордадағы Левон Мирзоян атындағы көше Астана қалалық мәслихатының 5-шақырылған кезектен тыс сессиясының шешімімен Қаныш Сәтбаев көшесі болып өзгертілді. Бұған дейін республикалық мерзімді басылымдар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында талай мәрте көтеріліп, қоғам талқысына салынған Астанадағы Мирзоян көшесі бұдан былай  қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын  болды. Төреші – уақыт деген осы. Астана қаласының ономастикалық комиссиясы Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген көшеге атау беру және қайта өзгерту тура­лы жекелеген азаматтардан, қоғамдық ұйым­дар мен жұртшылық өкілдерінен келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды қарап, төмендегідей қорытындыға келді. Оны Астана қалалық мәслихатының сессиясында депутаттар бірауыздан бекітті. Ендеше, алты алаш жұртына жағымды жаңалық жеткізіп, сүйінші сұраудың реті келіп-ақ тұр. Сонымен, Астана қаласындағы 119-көшеге Шыңғыс Айтматовтың, Е-352 жобалық көшесіне Будапешт, 142-жобалық көшесіне Өзбекәлі Жәнібековтің, 209-жобалық көшесіне Ұзақ батырдың, 203-жобалық көшесіне Жәмеңке абыздың, 188-көшеге Шәймерден Қосшығұлұлының, 200-көшеге Ілияс Омаровтың, 59-жобалық көшесіне Жантай батырдың, Е-487 жобалық көшесіне Зейін Шашкиннің, Е-107 жобалық көшесіне Әмина Өмірзақованың, Нұрғиса Тілендиев орамына Аспандияр Кен­жиннің, Жерұйық көшесіне (3-4 пикет) Рақымжан Дүйсенбаевтың, Л.Мирзоян көшесіне Қаныш Сәтбаевтың есімін беру туралы ұсыныстар қолдау тапты. Сондай-ақ, Дарабоз көшесі мен Асқар Тоқпанов көшелері біріктіріліп, Асқар Тоқпанов көшесі деп қайта аталатын болды. Астана қаласы алдағы уақытта да осындай өнегелі істердің ұйытқысы бола берсін! «Егемен-ақпарат».