Ұлттық Банк «Сақ стилі» банкноталарының жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығаруды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа банкноталарды шығару кезінде ескі және жаңа купюралар айналымда қатар жүреді. Яғни, азаматтар сауда-саттықта ескі ақшамен де төлем жасап, оларды жаңасына айырбастай алады. Осы уақыт аралығында банктер жаңа банкноталармен жұмыс істеу үшін өзінің банкоматтары мен кассалық жабдықтарын баптайды. Бұл тәсіл ақша ауыстыру кезінде халық пен бизнесті асықтырмай, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Мысалы, номиналы 5 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру кезеңі 2023 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы қыркүйекке дейін созылғандықтан, халық пен бизнес ескі ақшаларды жаңасына еш кедергісіз ауыстыруға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда айналымда қалған ескі үлгідегі банкноталардың көлемі 1%-дан аз. Олар банктерге кейін де түсе береді, ал кейбір бөлігі жоғалып, сыртқа әкетілуіне немесе коллекция түрінде сақталуына байланысты қайтпауы да мүмкін», деп түсіндірді Ұлттық банк.
2026 жылы номиналы 2 000 және 10 000 теңгелік банкноталар үшін айналымда қатар жүру кезеңі аяқталады:
- 10 000 теңге – 2024 жылғы 28 маусымнан 2026 жылғы 27 маусымға дейін;
- 2 000 теңге – 2024 жылғы 25 желтоқсаннан 2026 жылғы 24 маусымға дейін.
Ұлттық банк төрағасы азаматтарға ипотекаға үй алуды кейінге қалдыруға кеңес берді
Ұлттық Банк 10 000 теңгелік банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі ол банкноталар халық пен кәсіпкерлер арасында кеңінен таралған.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды
Оның үстіне, 2 000 мен 10 000 теңгелердің айналымда қатар болу уақыты бір мезгілде аяқталатындықтан, банк жүйесіне қосымша ауыртпалық салуы мүмкін. Сол себепті, мерзімді ұзарту халық пен бизнеске ескі банкноталарды жаңасына біртіндеп әрі ыңғайға қарай ауыстыруға көмектеседі, сондай-ақ ескі үлгідегі банкноталардың табиғи тозуын қамтамасыз етеді.
Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар айналымда қатар болған кезеңде заңды төлем құралы болып қала береді, олар өз құнына сай еліміздің бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдарда, банк шоттарына есептеуде қабылдауға жатады.