Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Ақтау қаласында көшпелі отырыс өткізді. Отырыс барысында еліміздің Жаңа Экономикалық Саясатын іске асыру аясында Маңғыстау облысында бизнестің әлеуметтік жауаптылығын дамыту мен оны жетілдіру шаралары және оны құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Отырысты аша келіп, комитет төрағасы Ақан Бижанов қазіргі кезде бизнес пен кәсіпкерліктің қоғамдағы рөлі тек материалдық құндылықтар жасау және кіріс алумен шектелмейтінін атап өтті. Бизнес өкілдері жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбек жағдайын жақсартуға және аймақтардағы әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуге қатысуға әлеуметтік міндеттерді алып отыр. «Егер де бизнес өркениетті болса, онда мемлекеттің әлеуметтік өмірдегі ынтымақтастық аясы да ауқымды болады», – деді сенатор. Бұл үдеріс бизнестің әлеуметтік жауаптылығы жөніндегі Жезқазғандағы республикалық форумда қоғамды дамытудың ауқымды міндеттерін шешудегі Мемлекет басшысы белгілеген кәсіпкерліктің сапалық тұрғыдағы жаңа межесінен бастау алғаны атап өтілді. Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев кездесуге қатысушыларды халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық өркендеу мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті. Маңғыстау облысының аумағында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы компаниялар аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған стратегиялық жоспарларды іске асыруға белсенді қатысып келе жатқаны, келісімшарт міндеттемелері аясында әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын іске асыруға қаржы бөлу, аймақтағы бизнестің корпоративтік жауапкершілігін дамыту және осы салада туындаған өзекті мәселелер туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ш.Ілмұхамбетова егжей-тегжейлі баяндады. Сенатор С.Бектұрғанов әлеуметтік әріптестік пен бизнесті дамыту саласындағы депутаттардың заң шығару қызметі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Д.Арғындықов, Маңғыстау облысындағы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Г. Қаламқали, «Волна» АКФ ЖШС директоры Н.Карась, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Ж.Төлеғожаев және бизнес қауымдастықтары мен жұртшылық өкілдері сөз сөйледі. Көшпелі отырыс барысында сенаторлар «CASPI BITUM» БК ЖШС, «Каспий» тұщыту зауыты» ЖШС, «Kazakh Osseter» ҒӨК» ЖШС секілді бірқатар кәсіпорындарда болды және Қазақ-түрік лицейіндегі оқу үдерістерімен танысты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.