• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2015

«Сарыарқа» жартылай финалда!

260 рет
көрсетілді

АСТАНА. 25 наурыз. Жоғары хоккей лигасында ел намысын қорғайтын Қарағандының «Сарыарқасы» жарыстың жартылай финалына шықты. Ширек финалдың жетінші ойынында біздің команда Ангарскінің «Ермагын» 4:0 есебімен жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Қос команда арасындағы шешуші ойын Қарағандыда өтті. Матчтың 2-минутында айдын иелері сапынан бір ойыншы кіші айыппен жазаланды. Десек те, «Ермак» хоккейшілері бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Қайта, айдында төрт ойыншымен жүріп-ақ «Сарыарқа» есеп ашатын мүмкіндік тапты. Шайбаның авторы – Евгений Рымарев. Алғашқы үзіліске дейін тағы бір шайба соққан қарағандылықтар есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы Михаил Паньшин мергендігімен көзге түсті. Екінші кезеңде жанкүйерлер гол көре алмады. Ал соңғы кезеңде «Сарыарқа» тағы екі мәрте қарсыластарын қапы қалдырды. Кездесудің 52 және 54-минуттарында гол соққан Денис Стасюк болатын. Ойынның қалған бөлігінде есеп өзгермей, Қарағандының командасы ірі есеппен жеңіске жетті. Нәтижесінде, қос команда арасындағы жалпы есеп біздің пайдамызға 4:3 болды. Енді «Сарыарқа» жартылай финалда Нефтекамскінің «Торосымен» күш сынасады. Төрт жеңіске дейін жалғасатын серияның алғашқы екі ойыны 28-29 наурызда Қарағандыда өтеді. Егер кездесу тағдыры жетінші ойында шешілер болса, аталған матчты «Сарыарқа» өз алаңында өткізеді. Мұндай басымдыққа Леонид Тамбиевтің шәкірттері маусым барысында көрсеткен нәтижесінің есебінен ие болып отыр. Жартылай финалдың келесі жұбын Ижевскінің «Ижстальі» мен Тверьдің ТХК командалары құрады. Айта кетейік, егер «Сарыарқа» биылғы маусымда да финалға шығар болса, «Братина» кубогы үшін өткен сайыстың шешуші бәсекесінде қатарынан үш рет ойнауға мүмкіндік алады. Аталған кубоктың қазіргі иегерлері Қарағандының командасы екені белгілі. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hc-saryarka.com.