• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

Халық таңдауы адастырмайды

330 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы жалпыхалықтық қолдауға ие болып отыр. Бастамаға кәсіпорындар мен түрлі ұйымдардың еңбеккерлері, қоғамдық бірлестіктер мен өнер ұжымдарының өкілдері, студент жастар, сондай-ақ, шетелдік саясаткерлер үн қосуда. Олардың барлығы әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеріп, ел экономикасын әрі қарай дамытуда Елбасының жанына топтасу аса маңызды екенін атап өтуде. Бүгін сол пікірлердің бір тобын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Сидхарт САКСЕНА, Кембридж университеті жа­нындағы Орталықазиялық фо­румының жетекшісі: – Қазақстанда көптеген өзге елдер үшін нақты мысал болатын өте тиімді тұрақтылықтың моделі қалыптасқан. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің осы жылы Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуін маңызды бастама деп есептеймін. Ол тұрақтылықты сақтауға және ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан да, мен 2015 жылы сайлау өткізу Қазақстан үшін үлкен алға басушылық қадам болатынына сенімдімін. Зеев ХАНИН, Израиль абсорбциялар ми­нистрлігінің бас ғалымы: – Жақындап келе жатқан эконо­микалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның саяси басшылығы экономиканы өсіруге қарай бірқатар қадам жасады және қолға алды. Бұл үлкен күш жұмылдыруды қажет ететін іс. Сондықтан, сайлау өткізу туралы шешім, менің ойымша, тұрғындардан қосымша сенім несиесін алу деп білемін. Бұл өте дұрыс қадам. Абдусаттор НУРАЛИЕВ, Ресей-тәжік славян универ­ситетінің профессоры, «Қазақстан-Тәжікстан» достық қоғамының төрағасы: – Мен Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Кеңесінің 2015 жылы Президент сайлауын өткізу туралы бас­тамасын толығымен қол­дай­мын. Бұл, біріншіден, әртүрлі екі электоралдық саяси науқанның қатар келуіне мүмкіндік бермейді. Екіншіден, Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық сынақтар кезеңінде әлемдік саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды дамыту бастамаларын табысты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Май ХВАН, КСРО және Қазақстанның конь­кимен сырғанау спорты жө­нін­­дегі еңбек сіңірген жат­тық­тырушы: – Мен Қазақ спорт және туризм академиясында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаға қолдау білдіру митингісіне қатыстым. Сондай-ақ, студенттер алдында біздің атақты спорт ардагерлеріміз – Евгения Кадяйкина, Әмин Тұяқов, Шора Юмашев және басқа да көптеген спортшылар атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Сөз сөйлеуге ұсыныс жасаған ардагер спортшылар жастарды Президент сайлауына белсене қатысуға шақыруды өтінді. Жас спортшылар көтерген плакаттар мен транспоранттарды көрген кезде мен студент жастардың қазірдің өзінде дұрыс таңдау жасағанына көзім жетті. Мұрат ӘУЕЗОВ, қоғам қайраткері, мәде­ниет­танушы: – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері биылғы жылы Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныспен шығуы арқылы ха­лықаралық қиын жағдайлар кезінде, олардың алдын алуда аса көре­гендік танытты. Мен де әлемдік үдеріс­терді, саяси жағдайларды үнемі ба­қылап отырамын. Бұл өте дұрыс бастама деп білемін. Юлия КУЧИНСКАЯ, «Демократиялық институт» ҒЗҚ-ның жобасы жөніндегі директоры: – Әлеуметтік зерттеулер көрсет­­кендей, респонденттердің 97 пайызы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын мақұлдады және тағы 96 пайызы сенім білдірді. Неге олар ҚХА бастамасын мақұлдайды деген мәселеге келсек, 95 пайызы президенттік сайлау өткізу қоғамды біріктіруге, экономикалық тапсырмалар мен міндеттерді шешуге шоғырландыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Ал 91 пайызы сайлау инвесторлардың ұзақ мерзімді реформалардағы сенімділігін қамтамасыз етеді деп санайды. Инна ЛЕБЕДЕВА, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің оқытушысы: – ҚХА-ның мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу бас­тамасын толықтай қолдаймын. Елбасына жаңа мандатты сенім білдіру біздің халықты біріктіреді және топтастырады, білім беру мәсе­ле­леріндегі күшті шоғыр­ландырады. Колледж оқытушылары Мемлекет тарапы­нан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында студент­термен бірге, халықаралық конкурстарда шығар­машылық шыңдарға белсенді түрде ұмтылып келеді. Сондай-ақ, олар Жеңістің 70 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық, Конституция мен ҚХА-ның 20 жылдық мерекелеріне студенттер концерттік бағдарламалармен белсенді әзірленуде. Нина БЕКЕЕВА, еңбек ардагері, Қызылорда: – Бүгінде Президент сайлауы тақырыбы барлық өңірде кеңінен талқылануда. Сондай-ақ, көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясына осы маңызды ұсыныстары үшін алғыс білдіруде. Бұл бастаманы қарапайым еңбеккерден бастап, әр деңгейдегі депутаттар, жалпылай алғанда, бүкіл қазақстандықтар қолдап жатыр. Мен де сайлау өткізу арқылы біздің Көшбасшымызға ең басты мәселе – алдағы уақытта мемлекетімізді әрі қарай дамытуға мүмкіндік жасау қажет деп есептеймін. Өз басым халқымыз бен Президентіміздің даналығына  сенемін. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бізге қандай да бір дағдарыс қорқынышты емес. Андрей ЧЕБОТАРЕВ, «Альтернатива» өзекті зерт­теулер орталығының директоры: – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасы түгелімен негізді. Қазіргі өзіміз куә болып отырған қиын жағдайда, посткеңестік кеңістіктегі саяси тұрақсыздықтар орын алып тұрған кезде сайлау өткізу Қазақстан экономикасы үшін, әрине, өзекті. Осындай жағдайларда біздің алдымызда тұрған міндеттерді қоғамды жұмылдыру арқылы шешуге әбден болады. Зарина СЕЙФУЛЛИНА, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты: – Журналист ретінде күнделікті болып жатқан оқиғалар бейжай қалдырмайды. Олар біздің кез келген мәселеге тамыр соғысындай мұқият талдау жасауымызды қажет етеді. Өткен жылы маған журналис­тика бойынша «Болашақ» стипендиаты болу бақыты бұйырды. Мен Қазақстандағы оң өзгерістерге өз үлесімді барынша қосқым келеді. Бұл сайлау біздің жарқын болашағымызға деген сенімділігімізді нығайтады және Президентіміздің бастамаларын толық жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады. Мен соған сенімдімін. Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті: – «Бас редакторлар клубы» қоғам­дық бірлестігі, өзге де ме­диакеңістік өкіл­­­­дерімен бірге, Қазақстан Респуб­­­ликасы Прези­дентінің сайла­уын өт­кізу идеясына өз қолдауын білдіреді. Алдағы кезеңде бар­лық мемлекеттік аппарат пен қазақ­­­стандық қоғамның күш-жігері экономи­кадағы дағдарыс трендтерінің салдарын бәсеңдетуге бағыт­талуы қажет. Барлық қазақстандықтарды, БАҚ-тар мен мем­лекеттік емес ұйымдарды ҚХА Кеңесінің ұсынысын қолдауға және Елбасы жанына топтасуға шақырамыз. Әнуар САБИРОВ, Ақтау халықаралық теңіз пор­тының докер-механизаторы: – Президент сайлауы қазақ­стандықтарға ел экономикасын табысты дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасында көрсетілген мін­деттер мен тапсырмалар жалғас­тырылуы әрі орындалуы тиіс. Бұл бағдарлама біздер үшін аса күшті қолдау болып табылады. Сондықтан, біз қазірден бастап бірігіп, барлық күш-жігерімізді осы бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсауымыз қажет. Өйткені, ол Отанымыздың, барлық қазақстандықтардың игілігі үшін қызмет етеді. Меруерт ҚАЗБЕКОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан әйел-кәсіпкерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: – Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау бойын­ша жұ­мыстарды жалғастыру қажет екендігін атап өткен еді. Сон­дық­тан да, біз Мемлекет басшы­сы­ның жетекшілігімен «Нұрлы Жол» бағдарламасында айқындалған мақсаттарға қол жет­кізе­тіндігімізге бек сенімдіміз. Қазақстанның әйел-кәсіпкерлері одағы бүкіл қазақстандықтарды 2015 жылы Президент сайлауын өткізу бастамасына қосылуға шақырады. Надежда ГОРОБЕЦ, Н.Сац атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер орыс академиялық театрының директоры: – Алматыда республикалық бес театрдың шығармашылық ұжымы кездесіп, онда президенттік сайлау өткізуді қолдаған үндеу қабылдадық. Алдағы уақытта ел дамуының қажеттілігін түсіне отырып, ұлттық театрлар Президент сайлауын өткізу туралы ҚХА бастамасына қолдау білдірді. Үндеуге театрлар директорлары – Юрий Якушев, Любовь Ни, Саутжан Сонуров, Александр Дедерер және Надежда Горобец қол қойды. Қалиман БЕГАЛИНОВА, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор: – Президенттік сайлау өткізу ­бастамасына қолдау білдіру өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Философ ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса қиын кезеңдерде реформаларды қолға алып, оны тиімді жалғастырғандағы, одан нәтиже шығарғандағы рөлін өте жақсы білемін. Сонымен қатар, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім нығайды. Президентіміздің бейбітшілік пен тыныштықты нығайтудағы ерен еңбегі қай кезде де құрметке ие екендігін айтқым келеді. Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері: – Біздің еліміз айтарлықтай жеңіл емес, бірақ дамудың ең дұрыс жолын таңдады. Бүгінде біз «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырудамыз, индустрияландырудың екінші бесжылдығын бастап отырмыз. Осы жерде мемлекет, бизнес, өнеркәсіп және тұрғындар бірлесіп әрекет етулері керек. Әрине, президенттік сайлау үдерісін кейінге тартпау қажет. Егер солай ететін болсақ, басталған ірі үдерістерді бәсеңдетіп аламыз. Ал сайлау туралы ұсыныс, ол – өркендеуге бастайтын жол.