• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2015

Болашаққа – Елбасымен

462 рет
көрсетілді

Ел ертеңін бүгін ойласақ ұтамыз

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің үндеуін  қолдаған отандастарымыздың ортақ ойы осындай Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Кеңесінің үстіміздегі жылы мерзімінен бұрын пре­зиденттік сайлау өткізу туралы бастамасы құптарлық іс деп білеміз. Президенттік сайлауды өткізудің маңыздылығын Кеңес мүшелері: «Елбасына сенім мандатын білдіру арқы­лы әлемдік дамудың жаңа кезе­ңінде халқымызды біріктіріп, мем­лекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз», деп анық көрсетіп отыр. Елін сүйген ер болса, ол – Ел­басы. Мемлекетіміздің тәуел­сіздіктің тал бесігінде тербеті­луі, күні бүгінге дейінгі қол жет­кізген толайым табыстары, мамы­ражай тірлігі, әлденген әлеуеті, қарыштаған экономикасы – Елбасының бірегей батыл ше­шімдері мен саясатының жемі­сі. Еліңді сүйсең, ерлік істей­сің, деген. Біз халқы үшін талай тәуекелге барған Нұрсұлтан Әбіш­ұлының мәрттігін ерлікке балай­мыз. Өйткені, Елбасы мемле­кетіміздің қанат жаюы жо­лын­да жанкешті еңбек етті. Елі­міз­дің саяси беделін көтере білді. Әрине, бұл күнде біз егемен­діктің елең-алаң шақтарындағы қиындықтарды ұмыта бастадық. Жайлы өмірдің рахатында риясыз күн кешіп келеміз. Қазіргі ұрпақ дамудың даңғыл жолына түскен, болашағы жарқын, жолы нұрлы Қазақстанды біледі. Халқымызды төрткүл дүниеге танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін біледі. Елімізді татулықтың, достықтың, ынтымақтың мекені деп таниды. Төрткүл дүниеге танымал болған шақта таңдай қағарлық жетістігімізді Елбасы одан әрі еселесе, бүгінгі тірлігіміз гүлдене берер еді. Келер ұрпақтың тағды­рына сенімді болар едік. Еліміз ұлан-байтақ кеңістікте қуаты артқан беделді мемлекет болып, дамыған елдер қатарынан көрінер еді. Ішкі бейбіт өмір мен ұлттық ру­хымыз асқақтай түсер еді. Сон­дық­тан біз алдағы уақытта да Елба­сымен бірге қадам басуды тілейміз. Мерзімінен бұрын пре­зи­дент­тік сайлау өткізіп, Елбасы­мыздың сындарлы саясатын то­лығымен жүзеге асыруға мүм­кіндік тудыруды ойлаймыз. Бұл – барды бағалаған, асылын ардақтаған көкірек көзі ояу, халқына жаны ашыған барша аза­маттың мақсаты болуы тиіс деп санаймыз. Мемлекет кө­шін­ бір белестен екінші белес­ке биіктетіп жүрген Елбасын тек қазақстандықтар ғана емес, әлем саясаткерлері, адуынды мемлекет президенттерінің өзі мойындап отыр. Соңғы кездері орын алып жатқан мемлекетаралық саяси оқиғалардың бейбіт жолмен шешілуіне тәжірибелі саясаткер, парасатты Президент ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен үлес қосуда екенін де көріп жүрміз. Елбасының тәуелсіздік алған 23 жылдан бергі атқарған қадау-қадау істерін қашанда қадап айтсақ артық емес. Ол егемен Қазақстанның тарихында сайрап жатыр. Халқын соңынан ерте білген, елі үшін басын мың қатерге тіккен Елбасын елі қолдайды. Елін нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен Елбасы халқына Көшбасшы болуға лайық тұлға. Қазақстандықтардың өмірін жақсарту жолында қазіргі уа­қытта көптеген ұзақ мерзімді бағ­дарламалар жүзеге асып жатыр. Саясатта, мәдениетте, экономикада, білім-ғылымда, әлеуметте қолға алынған бастамалардың баянды болғаны халық үшін өте маңызды. «Елім үшін, хал­қым үшін, Қазақстаным үшін тарих­тың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын», деген Ел­басына тіреу болу, оның бас­та­маларының жалғасын табуы үшін, болашағымыздың нұрлы, Елі­­міз Мәңгілік болуы үшін мер­зі­­­мінен бұрын президенттік сай­лау­ өткізуге дайын болуымыз керек. Президентпен бірге халық­тың алар асуы әлі алда деп бі­леміз. Барша Қазақстан халқы­ның жүре­гіне жол таба білген Елбасының халқы үшін аянбай қызмет ететі­ніне кәміл сенеміз! Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі. ТАЛДЫҚОРҒАН.

Биіктерді бірге бағындырамыз!

Тәңірдің сыйына айналған Тәуелсіздікпен қауышқан жылдардан бергі аралықта алмаған асуымыз, бағындырмаған биігіміз жоқ та шығар. Соқтықпалы-соқпақты сан алуан кезеңдерді бастан өткерген Қазақ елінің экономикасы да, мәдениеті де, спорты да қарыштап дамудың жолына түсті. Оның бәрі көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан На­­­­зарбаевтың сарабдал саясатының, қамқорлығының арқасы, әрине. Лондон төрінде қазақ спортшылары атой салды. Жеті алтын түгілі бұрын-соңды біздің елдің спортшылары Олимпиададан төрт алтын алған емес. Толайым табыс па, табыс. Мақтануға бола ма, болады. Еңбек бар жер­де нәтиже болады. Қолдау бар жерде спортшы да дамиды. Спорт­қа салынған инвестиция өзін ақ­тағаны осы емес пе? Біз де тау тұлға ағаларымыздан тә­лім алып өстік. Олимпиада ­шы­ңын бағындырған батыр аға­­ла­рымызды үлгі тұттық. Сол арқы­лы өзімізді қайрадық. Қазақ елі­нің қалқаны болуға барымызды са­лып келеміз. Жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс айтылып, ол кеңінен қолдау тапты. Біз де қолдаймыз, қуаттаймыз. Қазақ «Құдай қалаған хан болады» деп жатады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізді өтпелі кезеңнен ерлікке пара-пар шешімдерімен алып шықты. Жер жаһандағы болып жатқан қиындық, дағдарыс атаулыны сезбей де қалдық. Әлем елдері Қазақстанды түбегейлі мойындады. Ол еңбек әлбетте өлшеусіз. Біз де спортшы ретінде әлем­де белең алып жатқан соңғы жағдайларды біліп отырмыз. Сондықтан да аталған ұсыныс­ты қолдаймыз. Жұрт дегенде жұмылатын халық та бұл ұйға­рымды қолдайтынына сенемін. Алда талай абыройлы сындар, айтулы додалар тосып тұр. Ол жерде елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түседі. Сол сынақтардан Пре­зидентпен бірге мүдірмей өте­рімізге сеніміміз кәміл. Бәрімізге де алдымен Алла жар болсын! Жасұлан ҚЫДЫРБАЕВ, ауыр атлетикадан әлем чемпионы. Жамбыл облысы.

Ерте қамданғанның есесі кетпейді

Еліміз әлеуметтік-эконо­микалық және саяси реформалар жүргізу барысында батыл қадамдарға барып, кең ауқымды жұмыстар жасап, соның нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан – әлемдік аренада өзінің орнын ойып тұрып алды. Бүгінде жер жаһанның белді мемлекеттері біздің елмен санасады. Көптеген мәселелерде ақылдасып отырады. Қазақстанда заманауи мем­лекеттіліктің берік іргетасы қа­ланып, елдің аумақтық тұтастығы қамтамасыз етілді. Ел жедел дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Қазақстан – табысты, динамикалық сипатта дамып, әлемдік үдерістерге ықпалы бар іргелі мемлекетке айналды. Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, сапалы мемлекеттік басқару – осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды да салиқалы түрде жүргізіп отырған саясатының нәтижесі. Бұл – адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмайтын шындық. Қазіргі әлемдік дағдарыс пен көрші елдердегі экономика­ның құлдырауы көп нәрсеге көзі­міз­ді жеткізіп отыр. Осындайда еліміздегі береке мен шаруа адамына деген қамқорлықтың қаншалықты қымбат екенін анық түсінеміз. Осы жолдан таймай, көтерілген биіктен төмендемей, алға жылжу үшін бізге тұрақтылық пен сенімділік ауадай қажет. Сондықтан «Абзал және К» толық серіктестігінің ұжымы Ассамблея Кеңесінің кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын толықтай қолдайды. Біз Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау бағытындағы қамқорлығын көріп келеміз. 360 адам жұмыс жасайтын мекеме өткен жылы 5500 гектарға күріш дақылын егіп, күріштің әр гектарынан 60 центнерден астам өнім жинады. Күрішті егіп қана қоймай, тұқым өсіру, күрішті өң­деу жұмысымен де айналысамыз. Біздің ұжым өзінің болашағын, барша қазақстандықтар секілді, тек Елбасымен ғана байланыстыра­ды. Сондықтан сайлаудың мерзі­мі­нен бұрын өтіп, оған Нұрсұл­тан Әбішұлының қатысқанын қалайды. Бұл осыған дейінгі жасалған барша жұмыстың алдағы уақытта іркіліссіз жалғасып, даму жолымыздың келешегін кемелдендіре түсер еді. Абзал ЕРАЛИЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері. Қызылорда облысы.

Дұрыс байлам, орынды ұсыныс

Қазақстан халқы Ассамблея­­сы Кеңесінің президенттік сайлау­­ды мерзімінен бұрын өткізу ту­ра­лы ­бастамасын дұрыс санай­мыз. ­Өйт­кені, әлем қаржы-эко­но­микалық дағ­дарыстан қалжы­рап, саяси-экономикалық жағ­дай тұрақтанбай тұрғанда алда­ғы 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлауларды өткізу жеңіл болмайтыны аян. Сондықтан президенттік сайлау­ды мерзімінен бұрын өткізу өте дұрыс екенін сайлаушы ретінде мойындаймыз. «Ұлыны ұлы тұтса құт болар» деп Махмұд Қашқари атамыз айтқандай, Қазақстан халқы бұрынғы өткен сайлауларда да өз көшбасшысын таңдауда қателік жібермеген еді. Халқының сеніміне ие болған Нұрсұлтан Назарбаев өзіне жүктелген халық алдындағы парызы мен міндетін аса жауапкершілікпен атқара отырып, еліміз тәуелсіздігінің мәңгілік және әлеуметтік тұрақтылығының мығым болуы үшін еңбек етіп келеді. Қазақстанның халық­аралық, геосаяси тұрғыда танымал болуына зор ықпал жасап, қазақ халқын дүниежүзіне танытқанына сүйіспеншілікпен қараймыз. Қазақстан жерін мекендейтін жүзден астам ұлттар мен ұлыс өкілдерінің және бірнеше діни конфессиялардың бір-біріне деген сенімі орнаған. Елбасының бас­тамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда өз жемісін беріп отыр. Бірнеше ұлт өкілдері тұратын біздің Арқалық қаласында да этносаралық келісім тұрақты. Дос құшақтар айқа­сып, бір атаның балаларындай та­ту-тәтті өмір сүріп келеді. Олар Қазақ­станды өз Отаным деп есептейді. Бүгінгі күннің ертеңгі тарихтың өшпес бір парағына айналары анық. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан бастау алып және уақытынан бұрын іске қосылған «Арқалық – Шұбаркөл» теміржолы Сары­арқа жерінің нақ кіндігінде орна­ласқан. Арқалық қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосады. Тек бүгінгі күннің өзінде жүздеген адам теміржол торабына жұмысқа орналасты және осы жол арқылы пойыздар ерсілі-қарсылы тиесілі бағытта жүк тасымалдауда. 2020 жылға дейін моноқа­ла­ларды дамытуға арналған бағ­дар­ламаның шеңберінде Ар­қа­лық­қа да инвестиция тартылды. Қа­ланың инфрақұрылымы жақ­са­рып келеді. Апатты жағ­дайларда тұрған үйлер ысырылып тас­талды. Елбасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымын жаңғырту туралы тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы 11 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Арқалық халқының жүрегінде ертеңгі күнге деген сенім ұялады. Қалада орналасқан мекемелер мен кәсіпорындар, педагогикалық институт пен колледждер, мектептер қалыпты жұмыс істеп тұр. Президент Жаңа Эконо­ми­ка­лық Саясатын жариялаған «Нұр­лы Жол – болашаққа бас­тар­ жол» атты Жолдауында бізге бірін­­­ші ретте орындалатын іс-ша­­­ралар­ды айқындап берді. «...Алыс­­ты жақын ету – бүгінгі ­Жол­да у­дың түйіні болмақ», дегені барлық қазақстандықтардың ойынан шықты. Көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту үшін берген нақты тапсырмала­ры өте орынды. Қазақстан аймағы­ның өзара байланысын жақсар­ту арқылы еліміздің ішкі әлеуетінің артатыны айқын. Елбасымыз алдағы уақытта халқымыздың ежел­гі арманы – Мәңгілік Ел идея­сын жүзеге асыруға белсене еңбек етеріне нық сенімдіміз. Осы істелген және болашақта орындалар келелі шаруаларды пайымдай келіп және еліміздің келешегінің іркіліссіз дамуы үшін Қазақстан халқы Ассамблея Кеңесінің президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімін бірауыздан қолдаймыз. Сейітбек ҚУАНЫШБАЕВ, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры. АРҚАЛЫҚ.

Бірауыздан қолдаймыз

Биыл президенттік сайлау өткізуге ұсыныс жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің үндеуін солтүстікқазақстандықтар да бірауыздан қолдап отыр. Бұл бастама жұртшылық көкейіндегіні дөп басып, ертеңге деген ел сенімін бекемдей түсуде. Шынында да, әлемде тұрақсыздық орын алған қазіргі күрделі кезеңде нақты таңдауымыздан, стратегиялық ба­ғытымыздан айнымай, Қазақ­станды жаңғырту және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену үшін біз Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаевтың төңірегіне бұрын­ғыдан да топтаса түсетін боламыз. Сай­лауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономикамыз­ды одан әрі нығайтудың, жүргі­зіліп отырған саясаттың сабақтас­тығын қамтамасыз етудің тың мүмкін­діктері қарастырылып, халық игілігі жолындағы бағдарламалардың жалғасатыны анық. Сондықтан да бұл бастамаға, шын мәнінде, басқадай балама жоқ деп ойлаймын. Ел экономикасының тұрақ­ты­лығы бүкіл Қазақстан халқы­на тиімді. Соның ішінде біздер, жер­гілікті өнім өндіретін кәсіп­керлер өндірістің қазіргі дағда­рысты кезеңінде кездескен қиын­шылықты еңсере отырып, тұр­ғындар тұрмысын жақсарта түсетін отандық сапалы өнімдер шығаруға мүдделіміз. Алайда, қандай да бір жақсы істің бірден даңғыл жолға түспейтіні сияқты, осы жылдың басында қызметіне кіріскен Еуразиялық экономикалық одақтың аясындағы жұмыстан да күтеріміз мол. Бастапқы кезеңде әлемдік мұнай бағасының құлдырап кетуі, Батыс елдерінің Ресей мемлекетіне жариялаған санкциялық шаралары кері әсер еткенімен, уақытша құбылыс екенін жақсы түсінеміз. Осы ретте, Елбасымыз Қазақ­­­стан халқын «Қазақстанда жа­салған» ұранымен отандық өнімдерді насихаттауға бекерге шақырып отырған жоқ. Әрине, Одақ құрамына енгеннен кейін оның талабына бағынбасқа болмайды. Өзара кедендік бекеттің алынуы Ресейдің дәл қазіргі арзан тауарларының Қазақстан нарығына жол ашып берді. Одаққа мүше елдер арасындағы сауда қатынастары реттеліп, жалпыға ортақ заңдылық арнасына түсері сөзсіз. Бұл жайында Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтылды. «Біздің қазіргі экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Келеңсіздіктер сыртқы нарықтың әсері, Қазақстан ішінде экономикалық дағдарыс жоқ», – деді Президент. Мемлекет басшысының осы сөздерін барынша қолдап, қиын­дық­тарға қайыспай жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Біздің «Каз­мясопродукт» ЖШС-нің қала базарлары мен сауда орталықтарында өндірушінің бағасы бойынша сауда жасайтын 10 сауда алаңы жұмыс істейді. Ет өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарамыз. Өндіріске тек жергілікті шикізаттар ғана пайдаланылады. Дегенмен, жоғарыда аталған келеңсіздіктерге байланыс­ты жыл басынан бері өнім шығару көлемінің екі еседей кеміп кеткенін де айтпасқа болмайды. Өткен жылы тәулігіне орта есеппен 4-4,5 тонна ет өнімдерін шығарып отырсақ, бүгіндері бұл көрсеткіш небәрі 2 тоннаны құрайды. Қаладағы ет өнімдерін өнді­ре­тін кәсіпорындардың ішінде біздің біршама тәуір жағдайда екеніміз рас. Соның өзінде қала супермаркеттерінде өндірілген өнімдеріміздің 20 пайызы ғана өтеді. Осы орайда, «Қазақстанда жасалған» акциясы кең өріс тау­ып, супермаркеттер жергілікті өндірушілердің ғана өнімдерін сатса екен дейміз. Кәсіпорнымызда өн­­­дірістік қондырғылар жаңартылып, германиялық құрал-жабдықтар қойылды, автомобиль паркі жаң­ғыртылды. Бір сөзбен айтқанда, жауапты тапсырыстарды орындауға толық дайынбыз. Елбасымыз айт­қандай, өзіміздегі нарықтың кемінде 50 пайызын жергілікті өнімдермен жабуға күш салуымыз керек. Оған біздің мүмкіндігіміз зор. Алдағы сайлауға байланыс­ты саяси науқан жергілікті өнім өндірушілерді де жоғары белес­терден көрінуге жігерлендіреді. Онда біз өз қалауымызды жасап, ел экономикасының көсегесін көгертетін кемеңгерді таңдаймыз. Барша ел азаматтарын Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын биыл өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз. Аркадий ВОЗНЮК, «Казмясопродукт» ЖШС-нің директоры. Солтүстік Қазақстан облысы.