• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Кеше

Баланың бәрі бірдей

30 рет
көрсетілді

Түркістан облысының шалғай ауылдарында білім алып жатқан оқушы­лар республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, заманауи мәселе­лерге үн қоса ізденімпаздығын танытып келеді. Ауыл мектептеріндегі оқушылардың қалалық құрдастарымен қатар бәсекеге түсуі – білім сапасы мен ақпаратқа қолжетімділіктің артып келе жатқанын білдіреді. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, сондай-ақ балаларға білім мен тәрбие беру үшін жайлы жағдай жасауға, материалдық-техникалық базаны күшейтуге бағытталған жұмыстардың нәтижесінде еліміз бойынша 1,1 млн-нан астам оқушының білім алу жағдайы жақсарған.

Иә, ауыл балалары көбіне өз өңі­рінің экологиялық, ауыл ша­руашылығы немесе әлеуметтік мәселелерін шешу­ге бағыттал­ған практикалық жобаларды ұсынады. Мысалы, Отырар ауданы, Мыңшұқыр ауылындағы Р.Бердібай атындағы  жалпы білім беретін мектебі­нің 8-сынып оқушысы Рауан Өсербай «Биомассадан белсендірілген көмір алу және оны суды тазар­туда қолдау» жобасын ұсынған. Ал Түлкібас ауданы­ның Т.Рысқұ­лов атындағы жалпы білім бере­тін мектептің 10 сынып оқушы­сы Бақытжан Маратұлының «Та­биғи бояу қосылған крахмал мен сүт ақуызы негізіндегі биоплас­тик әзірлеу» жобасы, Жетісай ауда­нының №55 «Жеңістің 50 жыл­дығы» жалпы білім беретін мек­тебінің 8-сынып оқушысы Ақ­берді Бақдәулеттің «Смартфон ар­қылы күбі пісу» жобасы ауыл жас­тарының арасынан болашақ ға­лымдар мен инноваторларды ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақы­рыбындағы тамыз конферен­циясында қала және ауыл мекте­біндегі білім беру деңгейін теңес­тіруді маңызды міндет ретінде атап көрсетті. «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек», деді Президент. Осы маңызды міндетті жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде об­лыс­тағы ауыл мектептерінің балалары рес­публикалық жалпы пәндер олимпиадасында да өте жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Мыса­лы, 2025 жылдың желтоқ­­сан айын­да Астанада өткен ауыл мектеп­­­тері оқушыларына арналған респуб­ли­ка­лық олимпиаданың қо­ғам­дық-гуманитар­лық бағытында Түркістан облысының коман­дасы жоғары нәти­же көрсетіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды. 2025–2026 оқу жы­лында облыс бо­йынша олим­пиадаға қатысуға 21 516 оқу­шы тір­келген, бұл өңірдегі білімге деген зор құш­тарлықты дәлелдейді. Ауыл балалары тек гуманитарлық емес, сонымен қа­тар жаратылыстану-математика­лық бағыттар бойынша да жүл­делі орын­дардан көрініп келеді. Атап айтсақ, Отырар ауданы, Көксарай ауылын­дағы М.Әуезов атындағы мектептің оқушы­сы ­Ұлту Қалдыбай ағылшын тілінен ­ең жоғары нәтиже көрсетіп, І орын­ды иеленді. Түлкібас ауданы, Жас­кешу ауы­лындағы С.Сейфул­лин мектебінің оқушысы Балауса Амангелді информатика пәні­нен өте жоғары нәтижемен­ І орын алды. Қазығұрт ауданы, Қар­­жан ауы­лының 1 мамыр жалпы білім беретін мектептің оқушысы Айша Мұқ­тар­қызы физика пәнінен ІІ орынды иеленді, – дейді облыстық білім басқар­масы басшысы­ның міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов.

Білім сапасының 3 жыл ішін­дегі динамикасына талдау жа­сау нәтижесінде өсу үрдісі бай­қал­ған. Халықаралық мектептерге арналған PISA- 2024 (PBTS) зерт­теуіне облыс бойынша 147 білім беру ұйымынан 5 840 білім алушы қамтылған. Зерттеу нәтижесі бойынша орташа көрсеткіштен +34 балға жоғары болды. Білім басқармасының мәліметіне қара­ғанда, жаратылыстану сауат­ты­лығы бойынша орташа көрсет­­кіш 12 балға төмендеген, ал мате­матика сауаттылығы бойынша ­65 балға жоғары, оқу сауаттылы­ғ­ы бо­йынша 46 балға жоғары­лау анықталды. Облыс көлемінде үш бағыт бойынша ауыл мектеп­тері жоғары нәтиже­лер көрсеткен. Атап айтқанда оқу сауаттылығы: қала – 428,5 , ауыл – 504 (орташа балы – 393,8); математикалық сауат­тылық: қала – 383,55, ауыл – 391,8 (орташа балы – 456,2); жаратылыстану сауаттылығы: қала – 365,94 , ауыл – 379 (орташа балл – 377,1). Бұл көрсеткіш­тер де бі­раз жайтты аңғартады. Жалпы, ауыл мен қала мектептерінің арасын­да­ғы айырмашылықты жою мақ­сатында­ғы «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жоба­сына биыл қаңтар­дан бастап 24 тірек, 79 шағын жинақ­ты мектеп бекітілді. «Жол карта­сы аясында тірек мектеп­тер­ге бекі­тіл­ген шағын жинақты мектеп­тер­­дің  әлеуетін көтеру мақсатында қар­қын­ды жұмыстар атқарылып жатыр. Сон­дай-ақ облыста орта бі­лім меке­мелерін техникалық қам­­­та­масыз ету мақсатында ком­пью­­­терлік кабинеттерді тиісті дең­­гей­де жабдықтау, оқу сыныпта­ры­­на интерактивті тақталарын ор­нату және қосымша мектепте қол­данатын ноут­бук, планшет сын­ды құрылғы­лар­дың жеткіліктілігі мен жарамды­лығы туралы талдау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Жұмысты бақылау және мо­ниторингілеу бағытында білім бас­қармасында ЖИ енгізуге жа­уапты маман, облыстық білім бе­руді дамыту орта­лығында жауапты басшы орынбасары бекітілді. Облыстық білім беруді дамыту орталығының ережесіне өзгеріс­тер енгізіліп, «Білім мазмұнын тал­дау және цифровизация» бөлімі­нің құрылымына «жасанды интеллект» функционал­дық қызметтері енгізілді. Биыл өңір­дің 12 850 педагогін біліктілік артты­ру ­курстарынан өткізу жоспарла­нып отыр. Оның ішінде біліктілікті арт­тыру білім беру бағдарла­ма­лар тізімінде «цифрлық техно­логиялар мен жасанды интел­лек­тіні пайдалану» курсы бар. Оған қоса, облыс­та білім беру саласына цифрлық технологиялар мен жаңа әдіс­темелерді енгізу үшін жаңа оқу жылында мектептер­де қанат­қақты жоба ретінде «Bilim­Land», «Bilim.app», «EDUSER», «WONK» ­платформалары жұмыс істеуде», дейді Ғалымжан Орынов.

Бүгінде облыс бойын­ша 1 116 мектепте 556 862 оқушы бі­лім алып жүр. Ал қосымша бі­лім­­мен қамтылған оқу­шылар­дың жал­пы саны – 472 347. Яғни об­лыс­тағы балалардың ба­сым бө­лі­гі түрлі бағыттағы үйір­ме­лер мен сек­цияларға тар­тыл­ған. Мысалы, көр­кем­дік-эсте­ти­ка­лық бағыт бойынша об­лыс аума­ғындағы 2 966 үйірмеде ­ 184 405 оқушы қамтылған. Бұл бағыт­та­ғы қосымша білім беру мекемелері арқы­лы 29199 бала қамтылғаны тіркел­ген. Пікірса­йыс қозғалысы аясында 864 клуб жұмыс істейді, оған 33 200 оқу­шы қаты­сып жүр. Сонымен қатар мектеп парламенті қызметі 838 мектепте ұйымдастыры­лып, 77 319 оқушыны қамтыған.  Спорт­тық бағытта облыс бойынша 6 161 спорт үйірмесі мен секция­­сы жұмыс істейді. Аталған секция­­­лар арқылы 146 913 оқушы тұрақ­ты түрде спортпен шұғылда­ну­да. Басқарма басшылығы алдағы уақытта үйірмелер санын арттыруды, ауылдық елді мекендерде жаңа бағыттар ашып, цифрлық, техникалық үйірмелерді кеңейтуді жос­парлап отыр.

Өңірдегі білім беру ұйым­да­рында биыл 215 531 бала бір рет­­тік тегін та­мақтану құқы­ғына ие. ­Оның ішінде – 60 770 бала осал топ от­басыдан,  154 761 оқушы бастауыш сыныпта білім алады. Министр­лік талаптарына сәйкес, об­лыс­тық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ас мәзірі дайындалып, білім беру ұйымдарына жолданған. Дегенмен бұл бағытта кемшілік­тер де жоқ емес. Бала құқығын қор­ғау мақсатында мектеп асханалары­ның тиісті талаптарға сәй­кесті­гі­не талдау жүргізген облыстық прокуратура дерегінше, 70 мектеп­те санитарлық-эпидемиологиялық қо­­рытындысыз қызмет атқа­ры­лып кел­гені анықталды. Бүгінде 12 мыңнан аса бала білім алатын 50 мектеп тексеру қоры­тынды­сын алған. Мектептердің әкім­шілігі мен кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 7 миллион теңге­ден аса айыппұл салынған.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар