Жуырда Тәуелсіздік сарайында Суретшілер одағының ұйымдастыруымен «Нұрлы Жол белестері» атты көрме өз жұмысын бастап кетті. Бір айға жуық жалғасатын бұл көрмеге астаналық қылқалам шеберлерінің туындылары мен зергерлік бұйымдары қойылып отыр.
Ондағы басты мақсат – «Нұрлы Жол» бағдарламасын қолдау және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» – деген сөзін бейнелеу өнері саласында жүзеге асыру.
Қылқалам шеберлерінің көркемдік, графикалық және сәндік-қолданбалы жұмыстары қазіргі шығармашылық үрдістердің ықпалында көрініс тапқан. Туындылардың түрлі стильдік және жанрлық жағынан орындалуы – Қазақстан суретшілері шығармашылығының ізденімпаздығын айқын көрсетеді. «Нұрлы Жол» бағдарламасына деген ең үздік қолдау жаңа экспозициядағы ұлттық өнерді мәдени сәйкестендіру барысында бейнеленеді.
Көрмеге танымал қазақстандық суретшілер қатысуда.
Көрме елорда қонақтары мен тұрғындарын өздерінің тамаша еңбектерімен бір ай бойы қуантатын болады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
АСТАНА.