• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2010

АЛЫПТАРДЫ АРДАҚТАҒАН

929 рет
көрсетілді

Абай елі исі қазақтың наза­рын­дағы киелі мекен. Шыр етіп ту­ғаннан күллі ғұмырын туған елден табаны ажырамай, іргесі сөгілмей өткізген жазушы Кәмен Ораза­лин­ның айтары бөлек. “Абай ауылына саяхат” атты кітабында Кәмен аға әңгіме басын ә дегеннен Ырғызбай әулетінің қуғын-сүргін көрген ұрпақтарының бірегейі Шәкәрім ақынның қайғылы тағдыры туралы сөзден бастайды. “Халитов болса Қарасартовтар кезең асысымен-ақ Шәкәрімді аузынан атқан”. (“Абай ауылына саяхат”, “Жалын” баспа­сы, 1994 жыл). Абзал Қарасартов ой­шыл ақын, әулиелігі дау тудыр­май­тын, қазақ өлеңінде теодицея (аллашылдық сарын, діни поэзия) жанрын ерекше суфийлық деңгей­ге, толық адам дәрежесіне жеткіз­ген, Алланың сүйген құлы Шә­кә­рімді өлтірген жалдамалы жендет. Кеңес өкіметі ескіні түп-тамы­рымен құртуға бет қойғанда осы Қа­расартов сияқты аяусыз адамдар­ды жазбай танып, таңдап алған. Тап күресінен алабөтен бір мис­ти­калық құбылыс Шәкәрім әулие мен Қарасартов текетіресінің ны­ша­ны болды. “Қарасартовтың Шә­кәрімді атуға арналған сапарында жанына ерткен адамдарының ішінде бір де бір жергілікті жердің кісілері болмаған”. “Бүкіл Шың­ғыстау ауданында бұрын бес жүзге тарта шаңырақ Абайдың руы Ыр­ғызбайдан ғана – Балтақай Тол­ған­байұлынан басқалары тегіс босып кетіп, бүкіл бір рудың адам­дары бастары ауған жаққа қайыр тілеп, қаңғыды”, дейді жазушы. Абайтану, шәкәрімтану, мұхтар­тану ғылымдары мен тарихшылар үшін айналып кетуге болмайтын кі­таптың бірі Кәмен Оразалиннің осынау кітабы. Мұхтар Әуезов си­яқты ғұламаның жаулары аз бол­мағанына Кәмен аға осы еңбегінде тоқталады. Абайдың әдеби мектебі мен оның ізбасарлары туралы айтқызбауға тырысқан. “Әдебиет зерттеушілерінің ендігі бір тобы 1925 жылы Семейде Шәкәрім, Тұрағұл, Мұхтардың тікелей ара­ласуымен шығып тұрған “Таң” жур­налын көрсе де көрмей, аттап өтіп жатты”. (Сонда). Жазушы мұнымен нені айтқы­сы келді? Абай елінің зорлық-зом­былық пен қиянаттың неше түрін бастан кешірсе де орнында бар оңа­лып, замана соққыларынан же­ңіп шығатыны тек, генетика деген құдіреттің қасиеті болса керек. Бұл кітапта Мұхаңдай дана жа­зушымен қоштасу мезеті мен жоқ­тауды Кәмен аға өзі көріп куә бол­ған жағдайды суреттейді. Кәмен аға ұлы жазушы үйінде ақтық рет тү­неткенде күзеткен үш адамның бірі, ең жақын адамдарының бірі бол­ған. Тонның ішкі бауындай ара­ласқан. “Мұхаңды Абай ұрпақта­рының бәрі паналады. Оның қамқорлығынан қағаберіс қалған бірде-бірі жоқ” дейді ол. Бұл дерек­ті проза қасиетті Абай әлеміне де­ген қимастық. Кәмен Оразалин үшін осы әлемнен асыл жоқ. Со­ның үшін ол Абай, Мұхтар син­те­зін, осы өлке мен сөз құдіретіне, қазақтың Абай деген қазынасына қатысы бар дүниені тегіс қамтып айтады. Мұнда Мұхаңның айна­ла­сына қатысы бар белгілі де, белгісіз ізгі жандардың есімдері айтылады. Мысалы, Мұхаңды ата дәстү­рі­мізбен жоқтап жыр айтқан әйел­дер­дің есімі. Мұхаңның құлпыта­сы­на ойылған сөз де Абай қайна­ры­нан шыққан, жақсының рухы өлмейтіні туралы сөз. Кәмен аға Семей қала­сының әр тасының тарихын біледі. Бұл да Абай әлемі. “Мұхтар аға өз еліне ешуақытта жал­ғыз келіп көрген адам емес” деді ол. Кәмен Оразалин ол кісінің қасында жүрген. Шежіре деректер мол әрі құнды. Жазушы­ның сөз қо­рынан бұл кітапта “...әке мен аға абы­ройын пайдаланып, үнемі бұ­зықтық жағында жүретін дәулетмас адам” деген тіркестегі “дәулетмас адам” деген тың әрі тіркес кезікті, ра­сымен дөп ұғым. “Енді то­бық­тылар малымызды шауып қанжуар алады деп қорыққан матайлар...” – бұл Еңлік пен Кебектен кейінгі оқиға, “қанжуар алу”, бұл да мәйегі күшті ескі сөз. Қазір мұны кек қайтару дей саламыз. “Абай ауылына саяхат” – жол­басшы кітап. Расымен жазушымен бірге сапар шегесіз. Ұлылардың ізі қалған жерлерді сүйіп жазудан танбау. Мұхаңның “Қорғансыздың күні” атты әңгімесіндегі Ғазиза бей­несі қиялдан тумағанын осы шы­ғарма айқындайды, себебі жас қызға қиянат қылған тасжүрек­тердің есімдері Шәкәрім қажының аузы­мен айтылады. 114 бетте Күшікбай асуында тоқтап, қабірге дұға еткенде Шәкәрім қажы “Біз­дің иттердің зорлығынан өлді ғой” дейтін тұсы бар. “Ол кім? – деп сұрағанымда, “Шөпіш пен Бәйтік” деп айтады. Ғазизаның соңында аңы­рап қалған екі анасы дүние салғанда “екі сорлының қырқы мен жетісін берген” Шәкәрім ақын еке­нін оқырман осы кітаптан оқып бі­леді. Сондай-ақ, Мұхаңның шық­қан тегі туралы да анық та мол дерек бар. “Қазақ даласына өнер шыңы, өлең тауы боп орнаған, Абай өлең­дерінің ата мекені – Ақшоқы”. “Ақ­шоқының топырағына Еңлік пен Кебектің қаны сіңген”. Мұн­дай тарихи деректер шығармада аяқ басқан сайын кездесуі заңды. Кәмен Оразалин Абай ауылының абызы деп мақтанамыз. Абай елінің шежіресі мен тарихын бұл кісіден артық білетін жандар сирек шығар. Жазушының “Абайдан соң” атты төрт томдық кітабы соның айғағы. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Айгүл КЕМЕЛБАЕВА.