Болат Өтемұратовтың «Асыл мирас» қайырымдылық қоры Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология орталығына құны 18 100 000 теңге тұратын жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге және шала туылған сәбилерді күтуге арналған қажетті жабдықтардың жиынтығын сыйға тартты.
Аталмыш орталық Қазақстандағы бірден-бір акушерлік-гинекология және перинаталдық қызметті үйлестірумен, ғылыми-зерттеумен, емдеумен айналысатын жетекші клиника болып табылады. Яғни, онда ең ауыр жағдайда босанатын әйелдерге жәрдем көрсетумен қатар, шала туылған сәбилерді күтеді. Орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Құдайбергеновтің айтуынша, мұнда Қазақстанның барлық аймақтарынан күрделі аурулармен түсетін жүкті, босанатын әйелдерге жоғары дәрежедегі мамандандырылған көмек көрсетіледі.
– Жыл сайын орталықта 7 мыңнан аса науқас көмек алса, оның ішінде жоғары деңгейдегі қауіпті топқа жататын аналардың 3000-ға жуығының сәбиі бар. «Асыл Мирас» қоры көмегінің арқасында біздің науқастарға тәулік бойы акушерлік, гинекологиялық және неонаталды көмек көрсетуге мүмкіндік беретін қажетті медициналық жабдықтар мен техника сатып алынды, – деді ол.
Атап айтқанда, орталыққа операциялық блокқа ота жасау үстелі, жаңадан туған сәбилерге арналған тыныс беру аппараты және жедел жәрдем көрсететін медициналық көлік сатып алынды. «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов орталық ұжымына аталмыш жабдықтарды тапсыра отырып, алдағы уақытта бұл құрылғылар дәрігерлердің ауыр еңбегін жеңілдетіп, кішкентай сәбилердің өмірін сақтап қалуға көмегін тигізетінін жеткізді.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш қайырымдылық қоры мен Rixos Borovoe қонақ үйінің белсенді қолдау көрсетуімен 2014 жылы қайырымдылық велошеруі ұйымдастырылып, одан жиналған қаржы Ақмола және Қызылорда облыстарының перинаталдық орталықтарына табыс етілген. 2014 жылы негізі қаланған қор мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру және мәдениетті дамытуға қолдау жасап, көмек көрсету.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
сурет: http://kokpekti.vko.gov.kz/