• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2010

САЛЫҚШЫЛАР МЕРЕКЕСІ

878 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы “Думан” ойын-сауық кешенінде Салық қызметкерлері күніне орай “Балалардың салыққа көзқарасы” тақырыбына жарияланған балалардың республикалық сурет байқауының қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ, онда мемлекеттік салық саясатын насихаттауға, салық төлеушілердің салық мәдениетін арттыруға, еліміздің салық қызметінің жағымды кескін-келбетін қалыптастыруға өз үлестерін қосқан бірнеше БАҚ ұжымдары мен тілшілер қауымы марапатталды. Бүгінде салық қызметкерлерінің ты­ным­сыз жұмыстарының арқасында салық төлеу дұрыс жолға қойылып отыр. Салық комитеті салық төлеуден жалтаратын­дарды БАҚ беттерінде жариялау дәстүрін жалғастыруда. Осындай нақты жүргізіл­ген жұмыстардың арқасында адал салық төлеушілер қатары артып келеді. “Балалардың салыққа көзқарасы” тақырыбына арналған сурет байқауы жас ұрпақтың “салық төлеу” түсінігіне және міндеттілігіне дұрыс қарым-қаты­насын, халықтың салық турасында білі­мін дамы­ту мақсатында өткізілді. Бай­қау бірінші рет ұйымдастырылды. Оған 200-ге жуық бала қатысты. Сәбилердің қаламдарымен ақ қағаз бетіне өте қызық және маңызды дүниелер бейнеленген. Салу шеберлігі мен ойды бере білуін сараптау барысында 9 жеңімпазды анықтадық. Олардың мақ­тау қағаздары мен сыйлықтары 1 қыр­күйекте өз мектептерінде табысталатын болады, деді Салық комитеті төраға­сы­ның орынбасары Ардақ Теңгебаев. Салынған суреттердің айтар ойы да, салу әдістері де алуан түрлі екен. Оларды қы­зықтай қарап жүріп, жастары әлі кіш­кентай болса да балалардың салық төлеу жөнінде біршама хабардар екенін байқадық. “Біз үшін таңдау жасау өте қиынға соқты”, дейді қазылар алқасының мүшесі, Астана қаласы сурет мектебінің директоры Гүлзия Исенова. Оның ай­туынша, 3 жас ерекшелігі бойынша сараптаудан өткен суретшілер туындылары­ның әр­қайсысының өз орны бар. Бұдан кейін Салық комитеті төраға­сының орынбасары Ардақ Теңгебаев пен комитеттің баспасөз қызметінің басшысы Райхан Шәріпова мемлекеттік салық саясатын кеңірек насихаттауға атсалысып жүрген бірқатар БАҚ ұжымдарын дипломдармен марапаттады. Олардың қатарында ел газеті “Егемен Қазақстан” да бар. Еліміз салық қызметінің жағымды имиджін қалыптастыруда тілшілермен тізе қоса, тіл табысып жұмыс істеп жүрген Райхан Кәпсолямқызы да журналистерге алғысын жеткізді. Ал біз өз тарапымыздан салықшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, адал салықшылар қатары көбейе берсін демекпіз. Венера ТҮГЕЛБАЙ.