• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:25

Кешенді қолдау құжаты

10 рет
көрсетілді

Елімізде шамамен 7 млн бала (6 902 492 адам) бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Кейінгі 10 жылда балалар саны ­1,5 млн-ға артты. Қоғамның осы бір бөлігін қорғау, олардың болашағын қолдау мақсатында «Қазақстан балалары» атты тұжырымдама өткен айдың соңында бекітілді. Онда не қаралған, құжаттың негізгі бағыттары қандай? Бұл сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.

2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқық­тары жөніндегі уәкіл және сала­лық министрліктермен бірле­сіп дайындаған. Өткен аптадағы Үкімет отырысында айтылғандай, аталған тұжырымдама балалар­дың негізгі құқықтарын қамтитын ­төрт бағыттан тұрады, бұл – бала­лар­дың қауіпсіздігі, білім, денсау­лық, отбасына және әлеуметтік қорғау­дағы құқықтары. Тиімділікті баға­лау үшін 10 индикатор қарастырыл­ған, ал тұжырымдаманы нақты іске ­асыру 158 іс-шара арқылы қамтама­сыз етіледі.

Баспасөз жиынында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова бес жылдық кезеңге арналған іс-шараларды қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, тұжырымдамада ең алдымен «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» ұстанымын кеңейту көзделген. Бұл әр баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады.

«Мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылық­қа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу, психологиялық диаг­ностика үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу және ерекше қамқорлықты қажет ететін бала­ларға толық менторлық қолдау жа­сау іс-шаралары жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарын­да терроризмге қарсы қауіпсіздік­ті қамтамасыз ету үшін турникет­­тер орнатылды, лицензияланған кү­зет қызметі жұмыс істейді, дабыл батырмалары мен бейнебақылау жүйесі басқару орталықтарына қосылған. Күзет қызметіне қойы­латын талаптар бекітілді, бұл мек­тептердің қауіпсіздігін арттырады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ақылды тех­нологияларды енгізу жоспарланып отыр: бейнежазбаларды талдау арқылы буллингті анықтау және қауіпті болуы мүмкін тұлғаларды уақытында тану мүмкіндігі пайда болады, бұл қауіп-қатерлерді дер кезінде болдырмауға мүмкіндік береді», деді Ш.Ақпарова.

Вице-министрдің баяндауынша, балалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау көбі­несе мамандардың біліктілігіне байланысты. Қазір балаларды қорғау жүйесін 14 мыңнан аса қыз­меткер қамтамасыз етеді. Бұл – қамқоршылық органдарының қызметкерлері, педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтер. Аймақтарда құрылатын балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының қызметі заң жүзінде реттелді. Тұжырымдама аясында 20 басқарма құрылады. Әр баланы жеке қолдау мақсатын­да қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізі­леді. Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтерге жаңа талаптар белгіленіп, олар жыл сайын­ оқытудан өтеді. Сонымен қатар қамқоршылық органдарының мамандарына жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді. Қазір 4 өңір­де (Астана қаласы, Ақмола, ­Ақтө­бе, БҚО облыстары) балалар­дың құ­қық­тарын қорғау басқар­ма­лары құрылды, қалған өңір­лерде биылғы нау­рызға дейін ашылады.

«Тұжырымдама аясында балаларды тасымалдау стандарттарын жаңарту, «Балалар қауіпсіздігі терезесі» республикалық акциясын жүргізу жоспарланып отыр. Балалардың қауіпсіздігі туралы ата-аналарды SMS арқылы хабардар ету енгізіледі. Қауіпсіз шомылу орындары желісі кеңейтіліп, балаларға жүзу дағдылары жүйелі түрде үйретіледі. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау аясында интернаттық тәрбие моделінен отбасылық тәрбиеге көшу жүзеге асырылып жатыр. Балалар үйлерінің саны азайып, 82% балалар отбасыларда тәрбиеленіп жүр. Оларды қолдау және өз бетінше өмірге дайындау үшін 360 тәлімгер тартылған. Тұжырымдама аясында жетім балалар мен интернат түлектерінің қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету үшін тәлімгерлікті дамыту жоспарланған. Сонымен қатар қабылдаушы ата-аналар мек­тептерін трансформациялау, 111 ұйымның материалдық-техника­лық базасын нығайту, 100 кәсіби қабылдаушы отбасыны оқыту, Республикалық жетім балалар деректер базасын жаңарту және барлық педагогтерді жетім бала­лармен жұмыс істеуге оқыту көзделген», деді Ш.Ақпарова.

Брифингте баяндалғандай, қа­зір Қазақстанда от­басылардағы меди­циналық-әлеуметтік қауіп­терді анықтау мақ­­сатында әмбе­бап прогрессивті патронаж моде­лі аясында шамамен 4 мың мейір­гер жұмыс істейді. БҰҰ Қоры мен ЮНИСЕФ-тің техникалық қол­да­уымен 36 жаттықтырушы даярланып, 2,5 мың мейіргер оқытыл­ды. Биыл патронаж көмегі әрбір отбасыға қолжетімді болуы үшін ауыл­дық жерлердегі мейіргерлерді оқыту жоспарда бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулы­ғын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгін­де патронаждық есеп цифрландырылып, GPS-навигация және фототіркеу мүмкіндігі енгізілді. Соның нәтижесінде патронаждық бақылаудың қамту ауқымы мен сапасы жақсарып, ведомствоара­­лық өзара іс-қимыл 36%-ға артты. Үй жағдайында балалар өлімі ­22%-ға, ал балаларды стационарларға кеш жатқызу көрсеткіші 5%-ға төмендеді.

«Ауылдық денсаулық сақтау­ды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін 655 жаңа нысан салынды. Елдің әр өңірінде ­15 жетекші облыстық балалар ауру­ханасын қайта жаңғырту жұмыс­тары жалғасып келеді. Соны­мен қатар заманауи перинаталдық ор­­талықтар желісін салу бойынша ша­­ралар қабылданып жатыр. Қазір Астана қаласында перинатал­дық орталықтың құрылысы жүріп жатыр, ал Шымкент қаласы мен Түркістан облысында перина­тал­­дық орталықтардың жобалау жұмыстары аяқталды. Мектеп медицинасы – бүгінде аурулар­дың алдын алу мен мінез-құлықтық қауіп факторларын басқару­дың маңызды құралы. Бүгінде бар­­лық оқу ошағы МСАК ұйымдары­на бекітілген, олардың базасында 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді», деп толықтырды М.Ембергенова. 

Соңғы жаңалықтар