• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2010

АУЛАДАҒЫ ЖАСЫЛ АЛАҢ ЖАРАСЫМ ТАПТЫ

466 рет
көрсетілді

“Қара құрлықта” футболдан әлем чемпионаты дүрілдеп өтіп жат­қанда, жамбылдық шенеуніктер де тараздық жас футболшыларды тосын сыйлықпен таңқалдырып тастады. Ол сыйлықтың “авторы” Жам­был облысының әкімі Қанат Бо­зымбаев десек те жарасатын сияқты. Атап айтсақ, Әйтеке би көше­сін­дегі №11 көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан шағын футбол алаңы ашылды. Ерекшелігі – ол жасанды “шөппен” жабылған. Кө­галдан айырмасы жоқ бұл жасанды жамылғыны іскер азаматтар сонау Голландиядан арнайы алдырыпты. Сөздің тоқетері, балалар алаңсыз ала доп тебетін алаңның құрылысы халықаралық талаптарға сай. Айтпақшы, балалар мен олар­дың ата-аналары үшін таптырмас алаң облыс бойынша футболды дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылыпты. Әкімнің ай­туына қарағанда, алдағы уақытта об­лыс көлемінде осындай 20 фут­бол алаңы салынбақшы екен. Оның тең жартысы Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аула­сынан орын теппек. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­т­ың биылғы Жолдауында Қа­зақ­стан халқының кемінде 30 пайы­зын бұқаралық спортпен қамту мәселесі алға қойылғаны белгілі. Сондықтан бұқаралық спорттың дамуына біз ерекше көңіл бөлеміз. Футбол алаңдарымен бірге, биыл облысымызда 20 бокс залын ашамыз. Спорттың басқа түрлерін дамыту бойынша да жоспарлар бар, – деді ауладағы жасыл алаңға келіп, ала допты алғашқылардың бірі болып тепкен облыс әкімі Қ. Бозымбаев. Аталған футбол алаңдары тек демеушілердің көмегі есебінен салынуда. Мұндай бастаманы енді аудан әкімдері қолға алмақшы. –Мен осы үйдің “басшысы” деген жауапкершілікті мойныма алған кезде 38 жаста едім, қазір 68 жасқа келдім. Яғни, аула балалары 30 жылға жуық қара топырақтың үстінде доп қуып келді. Енді, міне, облыс әкімі Қанат Алдаберген­ұлының бастамасымен ақ шаңдақ жер жасыл түсті жасанды жамыл­ғымен түрленіп шыға келді, – дейді Сәния Асанова апай қуанып. Бүгінде облыста 4 000 бала футбол спортымен айналысады. “Тараз” футбол клубының көптеген ойыншылары алғашқы голдарын осындай шағын алаңдарда соққа­нын ескерсек, Әйтеке би көше­сіндегі №11 үйдің ауласынан бо­лашақ  Лионель Месси, Криш­тиану Роналду және Дэвид Бекхэм сияқты жұлдыздар шығып жатса, еш таңқалмаңыздар. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.