Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ғалым, абайтанушы, жазушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Қайым Мұхамедханов – адал азамат, тарихи тұлға» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Жиын барысында Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақова, т.б. ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қайраткер қаламгердің ғылым мен әдебиеттегі орнына жан-жақты тоқталып, өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тұрсын Жұртбай Қайымның адалдық, азаматтық болмысына тоқталып, ғалымның жан дүниесіндегі толғаныстары мен буырқаныстарын есіне алды.
«Қайым ағаның қазақтың жан рухын, ерлік рухын, барлық қасиетін жүрегіне, қанына, жанына сіңіріп алғаны сондай, еш уақытта одан бас тартқан емес. Тіпті түрмеге қамалып, азап шеккен кезде де ұлт алдындағы антына адал болды. Тергеушілер оған: «Бұл тақырыпты Әуезов берді деп айта сал. Дереу босайсың, бала-шағаңның қасына барасың», деген кезде де, айтқанынан қайтпай, адам төзгісіз азаптарға шыдап бақты. Тіпті оны түрмеде ыстық, суық камераларға салып азаптады. Соған қарамастан ол Абайға, Алашқа адалдық танытты. Бірде Қайым аға маған: «Абайды неге ұстандым, білесің бе? Абай кетсе, Алаш кетеді. Алаш кетсе, Абай кетеді. Абай кетсе, Әуезов кетеді, сөйтіп қу далада қаламыз. Сүйенетін ештеңе болмайды. Сол үшін бәріне де адал болдым», деген еді», деді.
Сондай-ақ Тұрсын Жұртбай Қайыммен алғаш кездескен сәтін де еске алды.
«Алғаш рет Абай музейіне барғанымда Қайым аға үш-төрт күн бойы Семейді аралатты. Үйіне апарып, құрмет көрсетті. Оның үйінің үлкен залында кресло тұратын. Алғаш барған кезімде сол креслоға отыра қалдым. Сол кезде ол: «Бұл креслоға Мұхтар Әуезов отыратын, содан бері ешкім отырған жоқ», деп орнымнан тұрғызып жіберді. Кейін 50 жасқа толып, Қайымның үйіне тағы барғанымда: «Мұхтардың орнына енді отыруға лайықсың», деп сол креслоға отырғызды», деп сол бір сәулелі сәттерді еске түсірді.
Айгүл Ісмақова да Тұрсын Жұртбай айтқан ойды қуаттап, бейбіт заманда да Қайымға тыныштық бермегенін еске алды.
«Қайым ағамен 1993-1995 жылдары Әдебиет институтында бірге қызмет істедім. Сонда байқағаным, бейбітшілік кезде де оның артынан адамдар аңдып жүретін. Қайда барады, кіммен кездеседі, бәрін бақылап отыратын», деп, үнемі қыр соңынан белгісіз адамдар аңдып жүретінін алға тартты. «Бір сөзінде Қайым аға: «Менің жастық шағым өте қиын болды. Әуезовпен емен-жарқын әңгімелесе алмайтынмын. Себебі біздің кездесуімізге мүмкіндік бермеді. Әуезов үшін мені талай азапқа салды. Алайда мен ұстазыма да, оның ұстаздарына да адал болдым», дейтін. Бірде Кеңес одағының азапты сәттері туралы фильм көріп отырғанда Қайым аға: «Бұл бергі жағы ғой, түрмеде одан да қатты азап көрсететін», деп қалды. Тіпті тырнағының астына ине сұққан кездер де болған екен. Ол кісі үнемі қолын жасырып жүретін. Не үшін қолын көрсетпейтінін Тұрсынның сөзінен кейін енді түсініп отырмын», деді Айгүл Ісмақова.
Ғарифолла Есім болса Қайым Мұхамедхановтың ұстаздық қырына тоқтала келіп:
«Маған ол кісіге шәкірт болу бақыты бұйырды. Ұзақ уақыт жанында жүрдім. Сондай білімді, сымбатты адам еді», дей келіп студент кездегі қызықты шақтарын еске түсірді. «Қайым аға бірде: «Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын жазды. Себебі Әуезов Абайға жақын еді. Қайым Әуезовке жақын болды. Сол себепті «Менің Әуезовім» деп айта алды. Ал біз Қайымға жақын болдық. Сондықтан Қайым туралы айтуға құқым бар деп білемін. Қайым туралы білу үшін оған шәкірт болып сіңу керек», деді Ғарифолла Есім. Сонымен қатар ол ұстазының әдебиетке қалай қызықтырғанын да айтып берді. «Сабақ арасында Қайым аға: «Балалар, поэзия деген осындай болады!» деп, бізге түрлі тамаша өлеңдер оқитын. Кейін білдік, ол бізге Мағжанның өлеңдерін оқиды екен. Ол кезде Мағжан әлі ақталмаған еді. Соған қарамастан атын атамаса да, жырын бізге сіңіруге тырысты», деді ол. Сондай-ақ жиында ғалымның қызы Дина Мұхамедхан да сөз сөйлеп, әкесінің бірқатар кітабы мен зерттеу еңбегін Ұлттық академиялық кітапхана қорына сыйға тартты.
Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына арналған конференцияда ғалымның азаматтық тұлғасы, рухани-ғылыми мұралары, халықаралық әдеби-ғылыми байланыстар тақырыптары да қамтылды. Жиынға АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Башқұртстан және Татарстан елдеріндегі Қайым Мұхамедхановтың ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар да қатысып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның бай ғылыми-шығармашылық мұрасын кеңінен талқылады. Сонымен қатар конференция аясында ғалымның өмір жолы мен ғылыми еңбектерін жан-жақты таныстыру мақсатында «Қайым Мұхамедханов: тағдыр, тағылым, тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ғалымның кітаптары мен ғылыми зерттеулері, архивтік құжаттар, фотосуреттер, сондай-ақ ол жайында жазылған зерттеулер мен естелік жинақтар қойылды.