Ақтөбеде аптап ыстық ұрып тұр. Соңғы екі аптаның ішінде одан зардап шеккен 11 адам ауруханаға түскен. Жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары Дастан Ниеталиевтің айтуынша, зардап шеккендердің 6-уы бала екен. Ал, үлкендер жағы саяжайда жұмыс істеп, күн өткізіп алған. Сондай-ақ, күні бойы суға түскен екі бала да медициналық жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Синоптиктер аптап ыстықтың лебі маусым айының аяғына дейін басылмайтынын айтады. «Қазгидрометтің» Ақтөбе филиалының инженер-синоптигі Наталья Сингереваның мәлімдеуінше, ыстық маусым айының аяғына дейін біртіндеп көтеріле беретін сыңайлы. Күннің қызуы облыстың кей жерлерінде 42 градусқа дейін жетеді деген болжам бар.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.