Алматы қаласында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева бастаған «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу жаңа Конституция жобасының маңызын және оның зияткерлік әрі инновациялық ұлт қалыптастырудағы рөлін талқылауға арналды.
«Білім, ғылым және инновация ресми түрде ел дамуының негізгі ресурстары мен қозғаушы күштеріне айналып, экономикалық өсудің жаңа моделінде шешуші орын алады. Бұл табиғи ресурстармен, өнеркәсіппен және басқа да экономикалық салалармен қатар адами капитал сапасы, оның жаһандық экономикалық дағдарыстар мен геосаяси тұрақсыздық кезеңіндегі бәсекеге қабілеттілігі алдыңғы қатарға шығатынын білдіреді», деп атап өтті Аида Балаева.
Ол жаңа Конституция жобасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және адам құқықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалған тұрақты мемлекет құруға бағытталғанын айтты. Цифрландыру мен технологиялық өзгерістер жағдайында ғылыми әзірлемелер мен елдің зияткерлік әлеуетін дамыту ерекше маңызға ие болмақ.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформа Қазақстанның даму моделін түбегейлі жаңғыртып, оның негізіне адами капиталды қояды.
«Бүгінде негізгі ресурс – шикізат та, инфрақұрылым да емес, азаматтардың зияткерлік әлеуеті, олардың білімі мен құзыреті, технология жасау қабілеті. Біздің міндетіміз – қабылданған өзгерістердің формалды орындалуын емес, оларды Әділетті Қазақстан құру мүддесіне сай толық әрі жүйелі жүзеге асуын қамтамасыз ету», деді министр.
Кездесу барысында Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Вячеслав Локшин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тлеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым мен білімге конституциялық деңгейде басымдық берудің маңызын атап өтті.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қанша қаражат жұмсалады?
«Бұл референдум – ел дамуының аса маңызды кезеңі. Азаматтардың саналы таңдауы құқықтық жүйені нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Сондықтан ғылыми қауымдастықтың қоғамдық диалогқа қосар үлесі ерекше мәнге ие», деп қорытындылады Аида Балаева.
Кездесу соңында қатысушылар республикалық референдумға белсенді қатысудың елді жаңғырту мен оның зияткерлік әлеуетін нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.
Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда қанша адам дауыс бере алады?